Ордабасыда Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт кешені салынады

Түркістан облысы Ордабасы ауданында Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай қазақ даласы батырының атына мемориалдық кешен салынады.

«Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі бойында салынатын мемориалдық кешеннің жалпы аумағы 5 гектарды құрайды. Нысан кітапхана, көрме залы, қонақ үй, асхана, конференц залы, спорт залы, спортшылардың киім ауыстыруға, жуынуға арналған және басқа да қажетті бөлмелермен қамтылатын болады. Ғимараттың аумағы жасыл-желекпен абаттандырылып, орындықтар мен жарықшамдар орнатылады. Сондай-ақ, жобада балаларға арналған ойын алаңшасы мен автотұрақ та қарастырылған.

Айта кетейік, спорттың бірнеше түрімен шұғылдануға лайықты етіп бой көтеретін кешен түрлі деңгейдегі жарыстарды өткізуге де ыңғайлы болмақ.