2020 жылдың 27 қыркүйегінде Армения мен Әзербайжан арасында қақтығыс болып, оның арты ауқымды әскери іс-қимыл шараларына ұласты. Әзербайжанның Қорғаныс министрлігі Армения қарулы күштері бірінші болып оқ атты деп мәлімдеді, ал Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян жанжалды әзербайжан әскерінің бастағанын айтты.
Осы жолғы шекарадағы дағдарыс 1991-1994 жылы болған соғыстан кейінгі ең үлкен қарулы қақтығыс болып отыр. Әзірге кімнің бірінші оқ атқанын, қандай шешімдер қабылданып, жағдайдың қаншалықты ушыққанын дөп басып айту қиын. Әйтсе де қос тараптың ауыр техниканы да, артиллерияны да, авиацияны да қолданып отырғанын оқиға орнынан жеткен фото-видео көрсетті. Оның үстіне Әзербайжанға Түркияның, ал Арменияға Ресейдің ашық һәм жасырын жолдармен қолдау білдіріп отырғанын ескерсек, жағдайдың кез келген сәтте үлкен масштабты соғысқа ұласып кетуі мүмкін екенін болжауға болады.
Армения мен Әзербайжан арасындағы бұл жанжалдың тамыры уақыт тұрғысынан алсаңыз да, құндылықтар жағынан қарасаңыз да тереңде жатыр. Екі халықтың бір-біріне деген ашу-ызасы қайдан бастау алатынын түсіну үшін хронологиялық ретпен тарихқа қысқаша шолу жасап өтейік.
Даудың басы әріде
Қазір Таулы Қарабақ деп аталатын өлке ұзақ ғасырлар бойы бірде Ұлы Армения мемлекетінің, бірде Қапқаз Албаниясының, бірде Армян эмиратының құрамында болып келді.
XVIII ғасыр. 1747 жылы Қарабақ хандығы құрылды. Тегі түркі болып келетін және парсылардың қолдауына ие болған билеуші топ тұрғындарының басым бөлігі мұсылмандардан тұратын Дала Қарабақты да, негізінен христиан армяндар өмір сүретін Таулы Қарабақты да қатар бағындырды.
XIX ғасыр. Қапқазға дендей еніп, жергілікті патшалықтарды бағындыра бастаған Ресей империясы Қарабаққа көз тікті. Кейінірек тұтанған орыс-парсы соғысының бір себебі де осы өлкеге кім билік етеді деген мәселеде жатқан еді. Ақыры Ресей хандықты жаулап алды. 1805 жылдың мамыр айында Қарабақ патшасы Ибрағим Халел хан орыс императоры Александр I боданы екенін мойындап, ант береді. Артынша Күрекшәй шарты бекітіледі. Хандық жойылады, оның орнына төрт уезден тұратын провинция құрылады.
XX ғасырдың бірінші жартысы. Патшалық Ресейдің түбіне жеткен революциядан кейін Қарабақтағы бұған дейін де қырғи-қабақ болып жүрген христиан армяндар мен мұсылмандардың арасы күрт нашарлап кетті.
1918 жылдың мамыр айында Әзербайжан Демократиялық Республикасы құрылды. Жаңа мемлекет Ресей Империясының құрамындағы жерлерде (арасында Қарабақ та бар) дауы бар екенін мәлімдеді. Алайда жергілікті тұрғындар, яғни армяндар бұған қарсы шықты.
Осман империясы әскерінің қолдауына ие болған әзербайжандар Қарабақты қайтарып алмақ болып әрекеттенді. 1918 жылдың күзінде бірлескен түркі әскерлері осы өлкеде орналасқан Шуша қаласына келіп кірді. Таулы аймаққа шегінген армяндар Таулы Қарабақ Республикасының құрылғаны туралы жариялады. «Таулы Қарабақ» түсінігі осы кезде пайда болды.
Әзербайжан Республикасын түріктерден бөлек Британ үкіметі де қолдады. Ал 1920 жылдың қаңтарында Антанта Жоғарғы кеңесі Әзербайжан тәуелсіздігін мойындады.
Бірақ 1920 жылдың 27 сәуірінде Бакуде большевиктердің көтерілісі басталды. Ізін ала Ресейден шыққан брондалған пойыздар мен қызыл әскерлер Әзербайжанға басып кірді. Аз уақыт ішінде Демократиялық Республика құлап, елде Кеңес үкіметі орнады.
1921 жылдың 4 шілдесінде Коммунистік партияның Қапқаз бюросы Таулы Қарабақ аумағының алдымен Армения иелігінде болатыны туралы шешім қабылдады, алайда бір күн өтісімен өлкенің Әзербайжан КСР құрамына автономия түрінде кіретіні туралы шешім қабылдады.
Екі жылдан кейін орталығы Ханкенди (қазіргі Степанкерт) болған Таулы Қарабақ автономды облысы құрылды.
Осыдан кейін ұзақ уақытқа өлкеде салыстырмалы түрдегі тыныштық орнады.
Алайда 80-жылдары КСРО саяси жүйесінің либералдануы кезінде қақтығыстар қайта пайда болды.
Арменияда Қарабақты қайтару туралы идея көптің қолдауына ие болды. Мәселен, 1987 жылы автономды облысты Армян КСР құрамына қосу туралы бастама көтеріліп, қол жиналды.
Ал 1988 жылдың 20 ақпанында Таулы Қарабақ автоном облысының депутаттар кеңесі КСРО, Армян КСР және Әзербайжан КСР басшылығына Таулы Қарабақты Арменияға беру туралы өтініш жолдады. КСРО ОК Саяси бюросы келіспейтінін айтты, себебі оң шешім қабылданған жағдайда Одақ аумағында ұлтаралық қақтығыстар көбейіп кетуі мүмкін деген пікір болды.
Осыған қарамастан армяндар мен әзербайжандар арасындағы жағдай ушыға түсті. Ереван мен Степанкертте жаппай наразылық акциялары басталды. Армяндар және әзербайжандар арасында қақтығыстар орнап, тәртіпсіздік оқиғалары тіркелді. Бір елден бір елге қашып өткен босқындар пайда болды.
1989 жылы Армян КСР мен Таулы Қарабақ автоном облысы билігі аймақты Армения құрамына қосу туралы бірлескен қаулы қабылдады. Бұған жауап ретінде Әзербайжан Қарабақ шекарасын артиллериядан атқылады.
1990 жылы КСРО Жоғарғы кеңесі аймақта төтенше жағдай жариялады.
1991 жылдың сәуір-мамыр айларында облыс аумағында Әзербайжанның ерекше мақсаттағы милиция жасақтары (ОМОН) мен КСРО әскерінің қатысуымен «Сақина» операциясы жүргізілді. Арнайы жасақтар екі тарапты қарусыздандыру акцияларын КСРО-ның құлауына алып келген тамыз путчына дейін жалғастырды.
1991 жылдың 30 тамызында Әзербайжан Республикасы тәуелсіздігін қалпына келтіру туралы декларация қабылданды. Таулы Қарабақ Республика құрамында қалады деп көрсетілді.
Алайда 1991 жылдың 2 қыркүйегінде Степанкертте Таулы Қарабақ республикасы жарияланды. Баку бұл актіні заңсыз деп таныды.
Осыдан соң Әзербайжан мен Таулы Қарабақ/Армения арасында 1991-1994 жылдары жүрген соғыс басталды.
Таулы Қарабақ әскері әзербайжандардың Лачин қаласын өртеп жіберді, ал 1993 жылы Келбажар мен Агдамды алды. Шайқас шеңбері Қарабақтан асып, Әзербайжан территориясына ауысты. Жалпы алғанда, қарабақтықтар автономия территориясынан бөлек, көршілес жатқан Әзербайжанның жеті ауданын толықтай немесе жарым-жартылай басып алды.
1993 жылы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі аймақтағы соғысты тоқтатуды талап етіп, төрт қарар жариялады.
1994 жылдың мамыр айында Бішкек хаттамасына қол қойылып, тараптар бейбіт қатынас орнатуға келісім берді.
Соғыс нәтижесінде мыңдаған адам қаза тапты, жараланды. Миллионнан астам әзербайжан азаматы Таулы Қарабақтан және жақын жатқан аймақтардан ауып, босқын атанды. Әзербайжанда тұратын жарты миллиондай армян да қашуға мәжбүр болды.
Әзербайжан Таулы Қарабақтағы бақылауын жоғалтып алды.
XXI ғасырда жағдай қалай ушықты?
2014 жылы Әзербайжан Қорғаныс министрлігі 13 әскери қызметкердің қаза тапқаны, жараланғандар да бар екендігі туралы хабарлады. Осы жылы қарашада әзербайжандар Таулы Қарабақта армяндардың Ми-24 тікұшағын атып түсірді. Бұл жағдайды ушықтырып жіберді, қос тарап қарсы территорияны тұрақты түрде атқылауға көшті, сондай-ақ ірі калиберлі артеллерияны пайдаланды деп бір-бірін айыптады. Жыл бойы өлген және жараланған адамдар туралы ақпараттар жарияланып тұрды.
2016 жылы 2 сәуірге қараған түні ауқымды соғыс шаралары басталды. Арменияның Қорғаныс министрлігі Әзербайжанның танкілерді, артиллерияны және авиацияны пайдаланып, шабуылға көшкені жайлы мәлімдеді, ал Баку Арменияның минометтер мен ірі калибрлі пулеметтерден оқ жаудырғанын, соған жауап ретінде шара қабылдағанын хабарлады.
БҰҰ Гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасы таратқан ақпаратқа сәйкес, үш тәулік жүрген қақтығыс нәтижесінде 33 адам өліп, 200-ден астам тұрғын зардап шеккен.
2020 жылдың 12-16 шілдесінде Армения мен Әзербайжан шекарасында тағы атыс болды. Екі жақта да оққа ұшқан адамдар тіркелді. Жағдайдың ушығуына қос тарап бір-бірін кінәлады.
Соңғы тіркелген шайқастар қазір жүріп жатыр…
Таулы Қарабақ республикасының құқықтық мәртебесі қандай?
Әзербайжанның заңнамасына сәйкес, Таулы Қарабақ Әзербайжан Республикасының бөлігі саналады.
2008 жылдың наурыз айында БҰҰ Бас ассамблеясы «Әзербайжанның басып алынған территорияларындағы жағдай» қарарын қабылдаған болатын.
Қазіргі уақытта Таулы Қарабақ республикасын БҰҰ-ға мүше мемлекеттер мойындаған жоқ, республиканың өзі де бұл халықаралық ұйымға кірмейді. Сәйкесінше, Таулы Қарабаққа қатысты контексте кей саяси санаттарды (президент, премьер-министр, сайлау, үкімет, парламент, ту, герб, астана) БҰҰ-ға мүше мемлекеттер қолданбайды.
Таулы Қарабақты халықаралық деңгейде жарым-жартылай ғана мойындалған Абхазия және Оңтүстік Осетия, сондай-ақ мүлдем мойындалмаған Транснитрия (Приднестровье) Молдав республикасы ғана тәуелсіз мемлекет деп таниды.
Қазақстан не деп жатыр?
Осы жылдың қыркүйегінде болған армян-әзербайжан қақтығысына байланысты ҚР Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасап, Қазақстан Республикасының алаңдаушылық білдіретінін хабарлады.
«Бізге достас Әзербайжан Республикасы мен Армения Республикасын жағдайды тұрақтандыру үшін барлық шараларды қабылдауға, күш құралдарын пайдаланудан бас тартуға және мәселені келіссөздер арқылы шешуге шақырамыз. Халықаралық ұйымдардың алаңдарында жанжалды шешудің бейбіт жолдарын іздеуге көмектесуге дайынбыз. АӨСШК (Азиядағы Өзара Ықпалдастық және Сенім Шаралары жөніндегі Кеңес – ред.) қазіргі төрағасы ретінде кеңестің сенім шаралары пакетін пайдалануды ұсынамыз» делінген министрлік таратқан ақпаратта.
Бұдан бөлек құрамына Қазақстан да кіретін Түркі одағы өз мәлімдемесін жариялады. Ұйым армян-әзербайжан жанжалының Әзербайжан егемендігі, территориялық біртұтастығы және оның халықаралық деңгейде мойындалған шекарасының бұзылмауы негізінде шешілуі маңызды екенін атап өтті және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 1993 жылы қабылдаған қарарында Әзербайжанның басып алынған жерлерінен Армения қарулы күштерінің шығарылуы керектігі айтылатынын еске салып кетті.