Докторанттар мен болашақ педагогтар стипендиясы көбейді

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, биыл «Алтын белгі» иегерлері арасында педагогикалық мамандықты таңдағандар саны 1,7 есе өсті.

1 қыркүйектен бастап болашақ педагогтар стипендиясы 42 мың теңге мөлшерінде болып отыр. Бұл барлық мамандықтың ішіндегі ең жоғары стипендия болады. Айта кетерлігі, студенттер кешеден бері осы стипендияны ала бастады. Сонымен бірге осы жылдың маусым айынан бастап педагогикалық мамандықтарға түсу үшін шекті балл бірден 70-ке дейін көтерілді. Егер бірнеше жыл бұрын педагогикалық мамандыққа түсушілердің орташа балы 65 болса және педагог мамандығы түлектер арасында көп сұранысқа ие болмаса, қазір жоғары балл жинаған мықты түлектер педагогикалық бағыттар бойынша оқуға түсе бастады, — деп жазды министр.

Сонымен бірге ведомство басшысы докторантура бойынша оқитын студенттер стипендиясы да көбейгенін хабарлады.

Докторанттар стипендиясы 102 мыңнан 150 мың теңгеге дейін көбейді. Мұндай шара жас ғалымдарды қолдау үшін өте маңызды, өйткені докторанттардың отбасылары бар және олар өз зерттеулерін жүргізумен айналысады. Бұдан бөлек 2020 жылғы қыркүйек айынан бастап мемлекеттік гранттың құны айтарлықтай өсті. Бұл неге маңызды? Бұл жоғары оқу орындарына оқытушылардың жалақысын арттырып, материал-техника базасын нығайтуға мүмкіндік береді, — деп жазды Асхат Аймағамбетов.