Түркістан облысы Ордабасы ауданында 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасына сәйкес, мал шаруашылығы саласын дамыту жоспары жүйелі түрде орындалып келеді. Мәселен, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 327 ірі қара мал алынды. «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 4089 мал алынып, 190,7% орындалды. Ал «Құлан» бағдарламасы бойынша алынған жылқы саны — 97 бас.
Нәтижесінде ауданда жалпы төрт түліктің саны 520 мыңға жуықтаған. Оның 73,3 мыңы — ірі қара, 420,4 мыңы — қой мен ешкі, 25,4 мыңы — жылқы, 740-ы — түйе. Ал құстардың жалпы саны 423,9 мыңға жеткен. Сәйкесінше кәсіпкерлер мал шаруашылығы өнімдерін молынан алып, нарыққа шығаруда. Бүгінге дейін ауданда 13 311,8 тонна ет, 33 004,9 тонна сүт, 7 263,8 мың дана жұмыртқа өндірілген.
Сонымен қатар 84 сүт фермасы жұмыс істейді. Биыл үш отбасылық құс фермасын ашу жоспарланса, бүгінде 4-еуі іске қосылып, жоспар 133 пайызға орындалды.