Жоғары білім алуыма мүмкіндік болмады. Әкем 20 жыл бұрын өмірден озды. Соңымнан ерген жалғыз қарындасым бар. Сол қатарынан кем болмасын, білім алсын, барған жерінде өз нанын өзі тауып жесін деп оқыттым. Екі оқу орнын бітіріп, қос диплом алды. Ал өзім күнкөріс қамымен құрылыс саласында, таксист болып жұмыс істедім. Кейіннен диқаншылыққа бет бұрдым. Ауыл сыртында 2 гектар жерім бар. Бұрын ол жерге ағын су келмейтін болған соң, суы бар жерді жалға алып егіп жүрдім, — дейді Самат.
Диқан Ордабасы ауданы Қарақұм ауылы төңірегінде ағын судан әбден тарыққан соң, 6 жылдан бері тамшылатып суғару әдісіне көшіпті. Ол үшін егістіктің айналасынан құдық қазып, су шығарыпты. Алайда құдықтың суы сәл салқындық қылады екен. Тамшылатып суару тәсілі жұмысты барынша жеңілдететін көрінеді. Егілген тұқымдарға дәрумен мен минерал тыңайтқыштарды да осы әдіспен беруге болады екен.
40 сотық алқаптан 16 тонна қияр алдық. Одан да көп егуге болар еді, карантин болған соң «сата алмай қаламыз ба?» деп қорықтық. Биыл баға жақсы. «Барға – қанағат» деп отырмыз. Бастапқы жылдары тәжірибенің жетіспеушілігінен тек шығынды ақтауға жұмыс істеген кездер болды. Кез келген кәсіпте тәуекелге бармаса, жетістікке жету қиын, — дейді ол.
Кәсіпкер өз ісінің қыр-сырын бөлісе отырып, «аудан әкімдігі бос жүрген жастарға үйіргелік жер берсе немесе микроқаржы ұйымдары қаржылай қолдау көрсетсе» деген ұсынысын да айтты. Өйткені 15-20 сотық жерден бір отбасын асырауға болатынын өз тәжірибесінен біледі.
Әйтпесе, талай жас жұмыссыздықтан ауылын тастап, Нұр-Сұлтан мен Алматыға жұмыс іздеп, құрылысқа кетіп жатыр. Оның көбі жалақысын ала алмай әлек болып жатады. Ал кей адамның жері шөп басып, қараусыз қалып жатыр. Сондай бос жатқан жерлерді «көкөніс егемін, жұмыс істеймін» деген жастарға бере тұру керек. Ауыл жастары қияр, қызанақ, тағы басқа көкөніс ексе, алысқа ұзамай, диханшылықпен айналысып-ақ, тұрмысын түзетіп алуға болар еді, — дейді Самат.
Аудан әкімдігі кейіпкерімізге 24 сотық жер беріп жатыр екен. Қазір құжаттары дайындалу үстінде. Самат сол жерге темірден жылыжай салуды мақсат етіп отыр. Бұған дейін ол 2,5 сотық жерге ағаштан жылыжай салып, өнім алып, қолынан қаншалықты келетінін сынап көрген еді.
Наурыздың ортасынан бастап қара күзге дейін келіншегіміз екеуміз осы алқаптың басында, вагонда тұрамыз. Бұл жерге түнемесек, ала жаздай еткен еңбек желге ұшады. Ақпан айында үйімнің алдындағы жылыжайға қиярдың көшеттерін егіп, 14-20 күн ұстаймыз. Оны наурыз айының соңында егеміз. Ол сәуірдің соңына қарай пісе бастайды. Арасында тыңайтқыш береміз. Екінші өнімді шілдеде егеміз. Тамыздың аяғында піседі де, қазанның ортасына дейін жинап аламыз. Тынымсыз тер төккеніміздің нәтижесінде бірінші терімде 16 тонна өнім алдық. Енді екінші терімде де 10-15 тонна қияр тереміз деп жоспарлап отырмыз, — дейді Самат.
Ол 10 шақты адамды маусымдық жұмыспен қамтып отыр. Қарамағындағы жұмысшыларына күніне 2500-3000 теңгеден төлейді. Жолы, тамағы тегін. Сұлтановтың шаруашылығын сол маңдағылардың бәрі де біледі. Жуырда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Бастау-Бизнес» кәсіпкерлікке баулу курсынан өтіп, сертификат алыпты. Бизнес жобасы комиссия мүшелеріне жіберілді. Олардың тарапынан оң қорытынды алса, 555 мың теңгелік қайтарымсыз грант ұтып алуға мүмкіндігі бар.
Өткенде Шымкенттен бес сотықтай жылыжай сатылымға шыққан кезде сатып алуға ниеттенген. Бірақ несие алайын десе, түрлі құжат бойынша кедергілерге тап болыпты. Сосын әлеуметтік желіде қарызға ақша сұрай тұрған.
Жылыжай саламын деген арманым бар еді. Интернеттен көріп жүріп, 2 жыл бұрын осы жерге ағаштан жылыжай салдым. Алғашында 2,5 сотық жерге салғанбыз. Одан 3 тонна қияр алдық. Былтыр 3,5 сотыққа кеңейтіп, салдық. Одан бір маусымда екі рет өнім алдық, яғни 8 тонна қияр. Енді темірден, мықты етіп салғым келеді. Сол үшін Facebook-тағы достардан қарыз сұрап, жазба жазғанмын. Сөйтсем «Шопан ата» қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбеков 1 миллион теңге аударып жіберіпті. Осындай жақсы адамдардың арқасында қазір жылыжай құрылысының жұмыстарын бастап жібердік, — дейді ол.
Қарақұм ауылында тұрғындарының 70-80%-і диқаншылықпен айналысады. Мақта, қауын, қарбыз, күнбағыс егеді. Ал Саматтың қиярының бір қабы 4500-5000 теңгеден сатылып жатыр. Селитра қосылмайды. Таза өнім. Айналадағы ауылдардың бәрі біледі. Біраз жылдан бері тұрақты тұтынушылары.
Кәсіпкер өнімін Іnstagram және Facebook әлеуметтік желісіне салып отырады. Youtube-тен де арна ашқан. Онда суреттер мен видеолар салып, жұмыстарын көрсетеді. Кейде кеңес сұрап хабарласатындар да кездесіп қалады. Саматтың есігі бәріне де ашық, құшағы кең.