Біз Даниярмен сұхбаттасу үшін дүкеніне барғанда, сауда қызып жатыр екен. Бір-бір құрылғыны ұстап, кассаға кезекке тұрғандарда сан жоқ. Күлімдеп қана кешірім сұраған кәсіпкер сәл күте тұруымызды өтініп, клиенттер кеткенде дүкенін бір сағатқа жапты. Сіздер үшін. Сосын асықпай отырып, сауалдарымызға жауап берді.
— 2011 жылы экономист мамандығын бітіріген соң, сауда-саттықпен айналасатын фермаға жұмысқа орналастым. Алғашқы жұмысым – қойма меңгерушісі. Бір жылдай жұмыс істеп, жақсы нәтиже көрсеткендіктен координаторлық қызметке ауыстым. 2014 жылы өз қалауыммен жұмыстан шықтым. Бұл кезде осы салада бізді тани бастаған еді. Бір аптадай демалған соң, зауыттардан бірігіп жұмыс істеу туралы ұсыныс келді. Сол кезде Павлодарда жаңадан зауыт ашылып жатқан еді. Солар «Осындай бір зат жіберейік, сіздер соны сатыңыздар»,-деп ұсыныс жасады. Басында қолымызда ешқандай қаржы болған жоқ. Соған қарамастан, іске кірістік. Бірінші тауардың бірнеше үлгілері келді. Сараптама жасадық. Сата алатынымызға көзіміз жеткен соң қойма жалдадық.
Онымен қалай келістік? 100 мың теңгеге бір фура зат сыятын қойманы жалға алдық. Қойма иесіне саудадан түскен ақшадан ақысын төлейтінімізді айттық. Сонымен бір фура затты қабылдадық, ішінде 8 миллион теңгелік тауар келді. Басында қорқыныш болды, әрине. Қызметкерлерден досым екеуіміз ғана болдық. Газелім болды, тауарды өзіміз тиедік, базарға саттық, фирма аштық. Сөйтіп бір айда, шамамен, бір фура заттан 60% саттық та, қойманың ақшасын бердік. Бізге берген зауытта қызығушылық пайда болды. Олар тағы да 2 фура жіберді. Сөйтіп ассортиментті көбейтіп, жайлап-жайлап, ісіміз алға жылжи берді. Менің есебім бойынша, жылдың соңында қарызымыз 10 млн теңгеден төмен болу керек болды. Солай болды да.
Бұл зауытпен 2014 жылдан бастап, 2015 жылға дейін жұмыс істедік. Кейін басшылары ауысып кетті де, тауарды қарызға беруді тоқтатты. Сондықтан өзіміздің мүмкіншілігімізге байланысты басқа зауыттарға шықтық. Бірақ олармен келісу оңай болды. Сөйтсек зауыттар кіммен жұмыс істеу керек екенін бір-біріне айтады екен. Мысалы, біздің Павлодар қаласындағы зауыт басышысының досы бар. Ол батарея шығарады. Тағы бір таныстары құбырын шығарады. Осылайша бір құрылғыны бөлшектеп шығаратын топ болады екен. Солар бір-біріне айтып, бізді ұсынған. «Осындай–осындай жігіттер бар, сенімді, ақшаны уақытылы қайтарады»,- деп. Сол арқылы біз Түркияға шықтық. Ол кезде біздің барлық соманың 20%-ын төлейтіндей және кедендік салықты төлейтіндей азын-аулақ ақшамыз болды. Сөйтіп, 2015 жылы түріктердің екі зауытымен келісім-шартқа отырдық. Қазір Ресейдегі «Валфекс», «Ростурпласт», «Оазис», «Форпласт», Түркиядағы «Кас», «Аден», «Поэльсан», өзіміздің қазақстандық «Кайсер», «АЗПТ ШЕВРОН», «Типидо» секілді барлығы 30 түрлі брендтік зауыттармен жұмыс істейміз.
Осылай, ешқандай капиталсыз бастадық, несие де алмадық. Әлі күнге дейін несие алып көрмедік те.
«Қағаз» фирмаларға алдандық»
Ең біріншіден жаспыз, жұмыс жүйесін білмедік. Жалпы сатуды білеміз, бірақ бизнесті жүргізуден хабарымыз болмады. Ресеймен жұмыс бастадық. Ол жақта өтірік фирмалар көп екен. Біраз ақша жібергенбіз, сөйтсек ол «қағаз» фирмалар екен. Былай шықтық, былай шықтық қайтарылмады. Зат та, ақша да. Ол да аз ақша емес. Бір фура зат сатып алатын ақша… Өзіміз кінәліміз. Содан көп сабақ алдық. Содан бері қандай келісім-шартты жасасақ та, заңгерге барып ақыл-кеңес аламыз.
Ең бірінші қызметкерлеріміз — өзіміздің інілеріміз (күліп). Мысалы, мен інімді жүргізуші қылып алдым. Қасымда әріптесім, досым Артур деген жігіт бар. Ол да інісін алды. Қазіргі уақытта компанияда 12 адам бармыз. Қоймада төрт адам, екі жүргізуші, бір бухгалтер бар, біз бармыз, менеджерлер бар. Сырттан әріптес табу – өте қиын.
Алдағы жылы бәрін автоматтандыруды жоспарлап отырмыз. Дүкенімізді де өзгертеміз. Осы жерде қойма болады, дүкеніміз басқа жерде болады.
«Біздің бизнес жыл мезгілдеріне тәуелді»
Қыста, яғни, желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында жұмыс болмайды, демаламыз. Наурыз айынан бастап, қалған тоғыз айда жұмыс қарқынды жүреді. Су, құбыр, жылу, газ жүйелеріне байланысты барлық заттарды сатамыз. 2 мыңнан асатын тауар бар. Ең сұранысқа иесі – кәріз, су, жылу құбырлары. Оның өзі де уақытылы, яғни, өзінің мезгілі бар. Қазіргі уақытта жылу жүйелері, радиатор, оған қоса пластикті құбырлар, насостар жақсы өтіп жатыр. Осы ғана өтеді, басқасы өтпейді деп айтпаймыз. Бұл жерде бәрі бір-бірімен байланысты. Мысалы, бір клиент келіп құбыр алып кетсе, келесі жылы келіп, құбырға қатысты тағы бір зат алады. Негізгі клиенттеріміз – құрылыс компаниялары.
Қазір Атырауда үлкен-үлкен жобалар болып жатыр. «Тенгиз шевройлдың» үшінші «поколениесін» салысып жатырмыз. Сол сияқты қалада «Жол картасы – 2020», «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы салынып жатқан үйлер бар. Солар біздің өнімдерді сатып алады.
Біз бастағанда алғашқы мақсатымыз сату болды. Сату жүйесін қалыпқа түсірдік, енді басқа мақсат шықты. Мақсат деген өзгере береді екен (күліп). Құрылыс заттарын өндіретін зауыт, фабрика ашу туралы жоспарларым бар. Бірақ оны әрдайым бөлек қоямын. Себебі өзім ол жүйеде жұмыс жасамағандықтан, оны толық білмегендіктен кейінге қалдырып отырмын. Әзірге өзім жақсы меңгеріп, қыр-сырын біліп алған сауда-саттықта іске аспаған қаншама жоспарларым бар.
Біз іссапармен Ресейге жиі барамыз. Сол жақтың жүйесіне қызығамын. Себебі оларда 2 қабатты, 3-4 қатарлы үлкен-үлкен дүкендер бар. Маркет деуге де болады. Атырауда сондай дүкен ашқым келеді.
Девальвация қалай әсер етті?
Девальвация бізге өте қатты әсер етті, бірақ жақсы жағынан (күліп). Ол қарапайым халықтың қалтасына соққан шығар. Ал, бізге тиімді болды. Неге? Себебі, қарызымызды жылдам өтедік. Мысалы, Түркиямен долларда саудаласқаннан кейін, оның құны өсіп кетпеуі үшін тезірек өтеуге тырыстық. Жүйелі түрде. Қиындық та көрдік. Қоймамыздағы, қолымыздағы бар затымызбен қарызымызды жаптық. Ақысын төлеп тастаған тауарымыз көп болды. Мысалы, мен бір фура затты 50 мың долларға сатып алсам, 40 мың долларын төлеп қоямын. 10 доллары қарыз болып қалады. Халық айтады: «Сен затты сатып алып қойдың ғой»,-деп. Дұрыс айтасыз, мен затты арзан бағамен сатып алып қойдым, бағасын да көп көтермедім. Девальвацияда бұрынға бағаны сақтап қалдық, тек жеңілдіктерді азайттық.
Салдарынан 2015 жылы тауар айналымы 200-300 млн теңге болса, биыл 300-350 миллионға шығуды жоспарлап отырмыз.
«Брак» заттар шықса…»
Ол біздің келісім-шартқа байланысты. Қазір біз бір зауытпен келісім-шартқа отырсақ, заттардан ақау шықса, кемінде 1-2 жыл ішінде қайтаруға кепілдік беретін қылып жасаймыз. Біз де өзіміздің сатып алушыларымызға барлық тауар түрінен кемінде 1 жыл кепілдік береміз. Сол жыл ішінде мәселе сатып алушыдан болса, шешеміз. Бізден не зауыттан болса, міндетті түрде ауыстырып береміз. Бәлкім, біздің бизнес осыған байланысты дамып отыр.
«Қазақстандық зауыттарының өнімділігі өте аз»
Мен осы уақытқа дейін өзіміздің саладағы 10 шақты қазақстандық зауытқа бардым. Өнімділігі өте аз. Мысалы, Ресейдің бір зауыты бір тәулікте 25 фура зат шығарады, ал біздікілер тәулігіне 1-2 фура ғана өндіре алады. Екіншіден, бағасы да қымбаттау. Үшіншіден, логистика жағынан тиімсіз. Менің Алматыдан зат әкелуім үшін бір апта кетеді. Ал, Ресейге телефон соғу арқылы, ақшаны аударып, 4 күнде жеткізіп аламын.
«Сантехника на любой вкус»
Біздің фирманың ұраны осылай. Клиентке ешқашан «жоқ» деп айтпаймыз. Жоқ болған жағдайда да, ең аз деген уақытта тауып береміз. Біреудің клиентіне таласпаймыз, бірақ олар сондай бір затты іздеп келгенде ең аз уақыттың ішінде, ең тиімді уақытта жеткізуге тырысамыз. Бізде қашан да «Сантехника на любой вкус».
Біздің бизнестегі ең қиыны – жеке адамдарды тарту. Себебі қазіргі уақытта адамдар дүкенге қарағанда базарға барған ыңғайлы, арзанырақ деп ойлайды. Бірақ қателік сияқты. Мысалы, Ресейде базар жүйесі жоқ, оларда тек қана дүкен жүйесі бар. Халық содан ғана алады. Одан қалса интернетпен тапсырыс береді. Алдағы уақытта Қазақстан да сондай жүйеге көшеді деп ойлаймыз. Біз де интернет дүкен ашуды ойлап жүрміз. Бірінші тікелей саудадағы сервисімізді нығайтып алайық. Интернет дүкен ашу қиын нәрсе емес. Сұраныс болса, жеткілікті.
«10 теңгелік затты 7 теңгеге сататын кездер болады»
Адам бір нәрсемен айналысқанда , ең бірінші жақсы көруі керек. Мен бұрын қойма меңгерушісі болғанда сол кездегі басшым айтқан: «Сен бір нәрсені жеңуің үшін соны сүюің керек, сол кезде ғана жетістікке жетесің»,-деді. Біздің қазіргі жетістікке жетуімізге өз жұмысымызға деген махаббатымыз себеп болды деп ойлаймын. Ақша табуды көздесек, қымбат бағада сататын едік. Жоқ, бізде 10 теңгеге алған затты 7 теңгеге сататын кездер де болады. Себебі, үлкен кісілер келеді, жағдайы жоқ болуы мүмкін. Сол кісілер риза болып, алғыс айтып кеткенде, біз жетістікке жеткендей боламыз. Бұл бізге шабыт береді.
Бұл – менің ісім. Бірден айтайын. Бұл – менің ісім. Бұл істі жақсы көремін, қыр-сырын толығымен білемін. Қазіргі таңда тағы да жоспарларымыз бар. Себебі біздің қазіргі ісіміз Қазақстанның кәсіпкерлерге бөліп жатқан субсидиясының талаптарына кірмейді. Сондықтан қазіргі мемлекеттік жеңілдіктерді пайдаланатын бағытта іс бастағым келіп жүр. Шаруашылық бағытта. «Үлкен фирма ашамыз, отар-отар қой, үйір-үйір жылқымыз болады», демей-ақ қояйын. Құс шаруашылығы мен қоян шаруашылығын ашсам… (ойланып қалды). Ол басқа бизнес, жүйесі де мүлдем басқа…
«Біздің компанияда жұмыс істеу үшін…»
Адал болуы керек. Тек қана… Біз басшы ретінде әр нәрсеге сеніммен қараймыз, оларда адалдық болса, жетеді. Біз жұмысқа аларда ең бірінші талап ететін қасиет — осы. Оның жұмыс істеп білетін-білмейтіні маңызды емес.
«Мен де айлықта отырмын»
Мен бұл жерде өзімді басшымын деп есептемеймін. Бәрінің әріптесімін. Мен де айлықта отырмын. Әр айдың басында әріптестеріммен бірге айлық аламын.
Егер мен өзімді басшы деп сезініп, көлік алып, үй салып алсам, бұл күйге жетпейтін бе едік? Екіншіден, ең бірінші мақсатымыз – қызметкерлердің жалақысын кешіктірмеу, уақытылы беру. Себебі, әріптестерді ұстау – өте қиын. Оларды қатты бағалаймыз.
Қызметкерлеріміздің орташа айлығы 90 мың теңгенің айналасында. Оған қоса ынталандыру жүйелері, сыйақы бар. Ол жыл соңында және айтулы мерекелерде беріледі. Мысалы, наурыз мерекесінде ақшалай болса, Құрбан айтта еттей беріледі. Жұмыс режимі алты күн. Аптаның алғашқы бес күнінде таңғы сағат 9-дан кешкі 6-ға дейін болса, сенбі күні 9-дан 3-ке дейін. Жексенбі күні дүкен жабық болады. Әдетте дүкендер дүйсенбі күні демалады, бірақ біз құрылыс мекемелерімен жұмыс істегендіктен, солардың жұмыс уақытына қараймыз.
«Атырауда бәріне жұмыс жетеді»
Ресейден, Ақтөбеден, Ақтаудан, Астанадан келіп, дүкен ашатындар көп. Бірақ біз олармен бәсекелес емес, серіктес ретінде жұмыс істейміз. Себебі, Атырау өңірінде барлығына жұмыс жетеді. Монополист ешкім жоқ. Бір үлкен компания Атыраудың барлығын қамтамасыз ете алмайды. Олардан алда болу үшін, айттым ғой, әрдайым арзан, әрі сапалы тауар сатамыз, бәсекелесті солай ғана жеңуге болады.
Қазіргі уақытта кітап оқимын деп айтпаймын. Жүйелі түрде тренингтерге қатысып отырамыз. Екіншіден, әр уақытта ізденістеміз. Интернет арқылы ізденеміз.
Бизнесмен болып туу керек пе, қалыптасу керек пе?
Мен Атырау қаласындағы қазақ-түрік лицейін бітіргенмін. Атырауда тұрған соң бәрі мұнайшы болуды армандайды. Мен де сөйттім. Бірақ емтиханға 2 ай қалғанда аян көрдім бе, түс көрдім бе, таңертең ұйқыдан тұрдым да, әкеме: «Әке, мен экономист боламын, есепті жақсы көреді екенмін»,-деп айттым. Әкем экономисттің көп екенін айтып, қарсы болды. Соған қарамастан екі айдың ішінде бағытымды өзгертіп, физикадан географияны таңдап, экономика факультетіне оқуға түстім.
90-жылдардың басында қиындық көрмеген кісі жоқ деп ойлаймын. Сол қиындықтарды көріп, анам өмірден ерте қайтты. 2005 жыл еді. Бала кезімде картоп, нан, бауырсақ, шай сататынмын. Енді сатпағанымыз жоқ. Мүмкін осы қиындықтарды көргендіктен, осындай жетістікке жеткен болармын. Сатуға сол кезден ебім бар.
Сондықтан, бизнеспен айналысу үшін адамға туабітті қасиет керек деп ойлаймын. Мысалы, менің мұнай саласында істейтін достарым бар. Мен оларға өз бизнесімді қанша рет үйреттім, қолдарынан келмеді. Ал, мен көлік сатуды білмеймін. Құрылыс заттарын сата аламын, ал өз көлігімді ешқашан сатып көрмедім. Біреуге беремін, сол кісі сатып береді. Сондықтан, адамда бала кезінен бизнеске деген ебі болуы керек.
«Жанұяда жарастық болмаса, бизнес жүрмейді»
Жексенбі күні мен үшін жанұядан басқа ештеңе жоқ. Одан бөлек аптасына бір рет міндетті түрде достарыммен кездесемін. Себебі достық бөлек, бизнес бөлек. Сондай ұстанымым бар. Бизнеспен айналысып отыр екенбіз деп, жанұяны, достықты, туысқандарды ұмытып кетпеуіміз керек. Әр мейрам сайын ұмытпай бәрін құттықтаймын. Оны жасамаса, адамның жанұясында мәселе шығады. Жанұяда жарастық болмаса, бизнес жүрмейді. Бірінші отбасың, достарың, сосын барып бизнес. Біз бәрін солай шештік.
Бизнес бастағанда жарыңыздан рұқсатын алыңыз. Мен де сөйттім: «Мен осындай іс бастағалы жатырмын. Сенің осы туралы ойыңды білгім келеді. Бұның бір кемшілігі – әр уақытта іссапарлар болады, кешігіп келуім мүмкін»,-деп айттым. Ол өз рұқсатын бергендіктен бастадым. Мүмкін, рұқсатын бермесе, бастамайтын ба едім? Тыңдамай бастағанның өзінде, іссапарға бармай қалмайсың, апталап үйде жоқ боласың, соңы ренішке әкеледі. Жанұядағы түсініспеушіліктен бизнесі тоқтап тұрған адамдарды білемін. Сондықтан, ең бірінші құндылық – жанұя.
Даниярдан кеңес:
- Қорықпай бастау керек.
- Бизнес бастағалы отырған саланы толығымен зерттеп алу керек. Мысалы, біз бастағанда бәсекелестеріміздің Атырауды қамтамасыз ете алмай жатқанын білдік. Сондықтан ғана аштық. Қазір де жаңа бір тауар енгізбес бұрын кемінде бір ай зерттеу жасаймыз. Тек қана Атырау емес, Ақтөбе, Ақтаудың да нарығын қараймыз. Клиенттер осы нәрсені қайдан алып жатыр? Мүмкін ол Ресейден тікелей тапсырыспен алып жатқан шығар? Соның барлығын ескереміз. Сосын барып кірісеміз.
- Жұмыс режимін қатты қадағалау. Басшы екенмін деп, жұмысқа қалаған уақытыңда келіп, қалаған уақытыңда кету – дұрыс емес. Әріптестеріңмен тең болу керексің, соларға деген адалдық болуы керек. Мүмкін, қарамағында 5000 адамы бар кәсіпорынның басшысы қызметкерлерін танымайтын да болар, бірақ соларға жауапты басшылары арқылы әр қызметкерінің жағдайынан хабардар болып отыруы керек.
Сұхбаттасқан Әсел Сарқыт, суреттер Әнуар Әбілғазиев
Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.
Молодец Данияр!!! Тек кана алга!!! Данияр-Самал
Жарайсын!