Теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамы өткен аптада 426,60 деңгейінде болды. Бұл баға мұнай бағасының айтарлықтай өзгермегеніне қарамастан 28 қыркүйекте сауда-саттықтың ашылуында 0,38%-ға әлсіреп, 428,20 теңге болды.
Ұлттық Банктің монетарлық операциялар департаменті директоры Нұржан Тұрсынхановтың айтуынша, АҚШ долларының индексі коронавирустың екінші рет қайталануына байланысты алаңдаушылықтардың күшеюі аясында және АҚШ-та болатын Президет сайлауына байланысты негізгі әлемдік валюталар қоржынына қарсы нығайып, 2 айдағы шарықтау шегіне жетті. Халықаралық валюта қоры өкілдерінің айтуынша, коронавирус пандемиясына байланысты дағдарыс күтілгеннен ұзағырақ жалғасады. Кейбір елдің экономикасы бұрынғы қалпына қайта оралуы үшін жылдар қажет болады. Еуропада коронавирустың екінші рет қайталануы туралы үрейлену және шектеу шараларын енгізу де долларға қолдау көрсетеді.
Сыртқы нарықтардың қысымы дамушы елдердің валюталарына да әсер етеді. Түрік лирасы бұған дейінгі ең жоғары көрсеткіштер көрсетіп жатыр, Бразилия реалы мен Мексика песосы жұмада 0,9% әлсіреді, Оңтүстік Африка ранды доллармен салыстырғанда құнын 1,2% жоғалтты. Ресей рублі өткен аптада бір доллар үшін сәуірдегі деңгейдің ең жоғары көрсеткіші – 78 рубль белгісінен асып, артта қалып жатыр. Мәскеу биржасындағы сауда-саттық 78,19 деңгейінде жабылып, жұма күні 1,35%-ға төмендегенін көрсетті, — деді Нұржан Тұрсынханов.
Доллар индексінің өсуі мұнай бағасының төмендеуіне себеп болды. Бейсенбі-жұма күндері сауда-саттықта мұнай бағасы арзандағанына қарамастан қара алтын бағасының апталық үрдісі теріс аймақта – минус 2,9% болып отыр. Оған қоса, мұнайға сұраныстың өсу перспективасы COVID-19 жұқтырғандарың көбеюі және бірқатар елде шектеу шараларын енгізу аясында күмәнді болып отыр.
Дамушы елдер валюталарының жалпы қозғалысына және мұнайға сұраныстың қалпына келуіне қатысты белгісіздік жағдайында теңге бағамы сыртқы факторлар серпініне сәйкес қалыптасады.