Президент дәрігерлерге коронавирустың екінші толқынына дайын болуды айтты

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев 500 адамға стационар медицина жәрдемін беруге арналған және заманауи құрылғылармен жабдықталған палаталарды аралап көрді.

Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлермен
Фото: Akorda.kz

Президент медицина қызметкерлерімен әңгімелесу барысында ұлттық денсаулық сақтау саласын одан әрі дамыту, медицина мекемелерін қажетті құрылғылармен жабдықтау, төсек-орын мен инфрақұрылымды жаңарту, сонымен бірге дәрігерлердің еңбекақысын арттыру мәселелері туралы айтты.

2023 жылға қарай медицина қызметкерлерінің еңбекақысын бүкіл экономикадағы орташа жалақыдан екі есе жоғары деңгейге жеткізу міндеті қойылады. Алғашқы медициналық санитарлық жәрдем беру ісін дамытуға баса мән беріледі. Өкінішке қарай, біз бұл салаға уақытында назар аудармадық. Эпидемия мұндай іс-қимылдардың қате екенін көрсетті. Қазір жіберген қателерге дұрыс көңіл бөліп, оларды түзеуіміз керек. Әрине, медицина әрдайым басты назарымызда болады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: Akorda.kz

Мемлекет басшысы коронавирустың ықтимал жаңа толқынына дайын болудың маңызды екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау үшін барлық ресурсты жұмылдыру қажет.

Қазір бүкіл дүниежүзіндегі жағдай күрделі. Еуропа мен Америкада коронавирустың екінші толқыны өтіп жатыр. Осындай жағдайда біз қырағылық танытып, дайын болуымыз қажет. Пандемияның бірінші толқынынан жақсы сабақ алдық. Бұл тәжірибенің пайдасы болады. Әрине, қиын болды, қателіктер кетті, соның ішінде, Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан да ағаттықтар кетті. Бұл қателіктерді жұмыс барысында жөндеуге тура келді. Дегенмен кез келген тәжірибенің, тіпті ауыр болса да, пайдасы бар.  Сондықтан екінші толқынға дайын болайық. Содан кейін бүкіл дүниежүзімен, халықаралық қоғамдастықпен бірге барлық қиындықты еңсеруге тиіспіз, — деді Президент.

Кездесу саңында Қасым-Жомарт Тоқаев пандемияға қарсы күрестің күрделі жағдайында атқарған қажырлы еңбектері үшін дәрігерлерге ризашылық білдірді.