Басты бетҚоғамБиыл шетелдегі 10 мыңға жуық қазақ қандас мәртебесін алды

Биыл шетелдегі 10 мыңға жуық қазақ қандас мәртебесін алды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл қандастардың жартысынан көбі Қытайдан (59,1%) келген. Ал 25,6% Өзбекстаннан, 8,8% Түрікменстаннан, 3,5% Моңғолиядан және 3% басқа елдерден оралған.

Олар Алматы (54,6%) және Маңғыстау (12,7%) облыстарына, сонымен бірге Нұр-Сұлтанға (4,1%) және Шымкентке (3,1%) қоныстанды.

Келушілердің ішінде 60%-тен астамы еңбекке жарамды жаста, шамамен 5%-і ғана зейнеткерлер. Қандас мәртебесін алғандар Қазақстан азаматтарымен қатар Жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыс таба алады, — деді Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің көші-қон мониторингі басқармасының басшысы Дастан Айтқұлов.

Айта кетейік, 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 67,2 мың шетелдегі қазақ оралды.

Ал 2019 жылдың осы кезеңінде 9,6 мыңға жуық ұлты қазақ азаматтар қандас мәртебесін алды, оның ішінде 53% Өзбекстаннан, 26% Қытайдан, 21% Моңғолиядан, Түрікменстаннан және басқа елдерден келді.