Қала күні мерекесінің салтанатты ашылуы жаңадан пайдалануға берілген «Денсаулық және демалыс» саябағында өтті. Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова қала тұрғындарын мерекемен құттықтап, жаңадан пайдалануға берілген саябақтың ел игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді.
Биыл Қызылорданың 202 жылдығын атап өтудеміз. Облыс орталығы күннен күнге көркейіп келеді. Демографиялық өсу мен қатар қаланың аумағы да үлкейуде. Жаңадан мөлтек аудандар бой көтеріп, Сырдария өзенінің сол жағалауы да қарқынды дамуда. Міне, бүгін «Қала күні-2020» мерекесіне орай «Денсаулық» саябағын пайдалануға берудеміз. Саябақ ел игілігіне қызмет ететін болады. Мереке құтты болсын!, – деді облыс әкімі.
Одан кейін аймақ басшысы жаңғыртудан өткен «Сыр ана» алаңының жұмысымен танысты. Абаттандыру жұмыстарын «Техоснастка – Ремсервис» ЖШС жүргізген. Алаңда жаяу жүргіншілер жолы, спорттық-ойын алаңы және екі су бұрқақ орналастырылған.
Сонымен қатар облыс әкімі Жаппасбай батыр көшесі бойындағы жаңа №282 мектеп-лицейінің ашылу салтанатына қатысты.
600 орындық білім ұясының құрлысы 2018 жылдың сәуір айында басталған. Ғимараттың ауқымы — 43497 шаршы метр. Бас мердігер – «Ария-Жаңа Астана» ЖШС. Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова жаңадан пайдалануға берілген мектептің жұмысына сәттілік тілеп, ел мақтанышы болатын азаматтарды түлеп шығаратын білім ордасы болатынына сенім білдірді.
Жаңадан бой көтерген шағын ауданнан жаңа мектепті пайдалануға бергелі тұрмыз. Өздеріңізге белгілі карантин талаптарына сәйкес қазіргі уақытта оқушылар қашықтықтан білім алып жатыр. Дегенмен бұл — уақытша қиындықтар. Оқушыларымыз жайлы, жылы ғимаратта білім алу керек. Білім ұясының түлекшілері ел мақтанатын азаматтар болады деп сенемін. Жаңадан салынған мектеп ел игілігіне қызмет етсін, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Мұнымен қоса, облыс әкімі «Дәрігерлер» аллеясының ашылу рәсіміне қатысты.
«Дәрігерлер» аллеясы «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасы аясында Н.Назарбаев даңғылын абаттандыру жобасы бойынша салынған. Шарада аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова мерекеге орай «Көп бейінді облыстық ауруханасы» ШЖҚ МКК-ның қабылдау бөлімшесінің кардиолог дәрігері Ғалымжан Қоразов пен «Көп бейінді облыстық ауруханасы» ШЖҚ МКК-ның реабилитация бөлімшесінің меңгерушісі, нейроинсульт орталығы жетекшісінің м.а., директордың емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ғалия Абеноваға жаңа пәтер кілтін табыстады.
Сонымен қатар «Қала күні-2020» мерекесіне орай мемлекет және қоғам қайраткері, соғыс және еңбек ардагері Ыдырыс Қалиевтің ескерткіш-мүсінін ашу рәсімі өтті.
Шараға облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Ыдырыс Қалиевтің жұбайы, туған-туыстары және қоғам қайраткерлері мен еңбек ардегерлері қатысты.
Ыдырыс Қалиевтің ескерткіш-мүсінінің ашылу салтанатына орай ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Сыр жұртшылығына арнайы Үкіметтік құттықтау жеделхатын жолдады.
Айта кету керек, ел мүддесі жолындағы еселі еңбектері үшін Ыдырыс Қалиев тәуелсіз еліміздің «Құрмет» орденімен, 2 рет Еңбек Қызыл Ту, «Отан соғысы», «Құрмет белгісі» ордендерімен және Қызылорда облысының, Қызылорданың, Арал, Қазалы аудандарының Құрметті азаматы атағымен марапатталды.
Ескерткіш-мүсіннің биіктігі – бір метр, тұғырының биіктігі – 2,3 метр. Қола материалынан дайындалған. Ескерткіш-мүсіннің авторы – суретші-мүсінші, КСРО және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Амангелді Кененбаев.
Қала күні қарсаңында өткен маңызды шаралардың бірі сол жағалаудағы «Нұрлы-Жер» бағдарламасы аясында салынған кредиттік тұрғын үйлердің кілтін табыстау рәсімі. Аймақ басшысы кезекте тұрған 20 тұрғынға жаңа пәтер кілтін табыстап, қоныстарымен құттықтады.
Мерекеге орай жаңа тұрғын үйді пайдалануға берудеміз. Енгізілген карантинге қарамастан аймағымызда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жаңа үйлеріңіз жайлы, қоныстарыңыз құтты болсын!, – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Жаңа пәтер алушылар да мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға алғысын жеткізді.