Озон жырығы деген не?

Ozon сөзі грек тілінен аударғанда «исі шығу», «аңқу» деген мағына береді. Озонның өзі — көк түсті, өткір иісті газ. Тұрақсыз саналады, өздігінен жылу бөліп, оттегіге айналады. Күшті тотықтырғыш қасиеті бар. Алтын мен платинадан басқа барлық металды тотықтырып, кей органика және бейорганика қосылыстарына әсер етіп, озонидтер түзеді. Найзағай жарқылдаған кезде және кей органика заттары тотыққанда озоносфера қабаты түзіледі.

Озон жырығы — стратосферадағы озон газының төмендеуі немесе жоғалуы. Озон бүкіл тіршілікті ультракүлгін сәуледен қорғайды. Бұл туралы Озон қабаты ашылғанда белгілі болды. 1912 жылы француз физиктері Шарль Фабри мен Анри Бюиссон спектроскопия өлшемдерін қолдана отырып, атмосфераның алыстағы қабаттарында планетаның бетін Айдың жойқын тұтылуынан қорғайтын озон бар екенін дәлелдеуге мүмкіндік алды. Озон қабаты өсімдік пен жануарды, бүкіл тіршілікті қорғауда маңызды роль атқарады. Ал озонның стратосферада төмендеуі немесе жоғалуы сол жерден ультракүлгін сәуленің планетаға емін-еркін өтуіне мүмкіндік береді.

Планетаны күн радиациясының жойғыш әсерінен қорғайтын озон қабатының бұзылуына ғалымдар алғаш рет 60-жылдардың соңында назар аударды. Диаметрі 1000 километрден асатын озон жырығы алғаш рет 1985 жылы Оңтүстік жарты шарда Антарктидада байқалды. Оны Британияның Джон Шанклин, Джо Фармен және Брайан Гардинер деген үш ғалымы анықтады. Ғалымдар сол жылы зерттеу мақаласын Nature журналына жариялаған еді. Сол кезде озон жырығы әр жылы тамызда пайда болып, желтоқсан-қаңтар айларында жоқ болып кетіп жүрді. Сонымен қатар қазір Солтүстік жарты шарда Арктикада көптеген кішкентай жырықтар пайда болады. Олар 7 тәуліктен кейін жоғалып кетеді.

1994 жылы Біріккен ұлттар ұйымының Бас ассамблеясы 16 қыркүйекті Озон қабатын қорғаудың халықаралық күні деп жариялады. Бұл күн Озон қабатын бұзатын заттар жөніндегі Монреаль хаттамасына қол қойылған күнді есте қалдыру үшін белгіленген.

Озон жырығы
Озон жырығы. Фото: Ozonewatch.gsfc.nasa.gov

Озон қабаты неге жыртылып жүр?

Поляр түндерінде күн радиациясының болмауынан озон түзілмейді. Ультракүлгін сәуле болмаса, озон да болмайды. Үлкен массасы бар озон молекулалары Жердің бетіне түсіп, жойылады, өйткені олар қалыпты қысым кезінде тұрақсыз. Американың химиктері Шервуд Роулэнд пен Марио Молина хлор атомдары стратосферада озонның көп мөлшерде жойылуына себеп болуы мүмкін деген болжам жасады. Ғалымдардың бұл жаңалығы азот оксиді (II) (NO) озон қабатының бұзылуын тездете алатынын көрсеткен Пол Джозеф Крутцен мен Гарольд Джонстоунның ұқсас зерттеуіне негізделген еді.

Атмосферадағы озон концентрациясының төмендеуіне бірнеше фактор әсер етеді. Оның бастысы — озон молекулаларының антропогендік және табиғи шығу тегі әртүрлі заттармен реакцияларда өлуі, поляр түндерінде күн радиациясының болмауы.

Адамзат басқа заттарға, мысалы, құрамында фторы бар фреондарға ауысу арқылы хлор және құрамында бром бар фреондардың шығуын шектеп шара қолданғанымен озон қабатын қалпына келтіру процесі бірнеше онжылдықты талап етеді. Біріншіден, бұл атмосферада жинақталған, ондаған, тіпті жүздеген жыл бұзылмайтын фреондардың үлкен көлеміне байланысты. Америкалық химик Сьюзан Соломонның айтуынша, 2000-2015 жылдар аралығында Антарктида маңындағы озон жырығы шамамен Үндістан көлеміндей кішірейген.

NASA мәліметтері бойынша, 2000 жылы Антарктида маңындағы озон жырығының жылдық орташа ауданы 24,8 миллион шаршы шақырым болса, 2015 жылы 25,6 миллион шаршы метрге жеткен. Ал 2019 жылы 9,3 миллион шаршы метр болған.

Озон жоғалуының зияны қандай?

Жалпы озон қабаты Жердегі тіршілікті Айдың жойқын тұтылуынан, ультракүлгін сәуледен қорғайтынын айттық. Сәйкесінше озон қабатының бұзылуы ультракүлгін сәуленің Жерге түсуін күшейтеді. Егер озон қабаты жырыла берсе немесе жойылса, адамзат, Жер күн сәулесінің таралуынан зардап шегеді.

Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, ультракүлгін сәуленің белсенді ықпалы адамның терісі, көзі мен иммун жүйесінің әлсіреуіне себеп болады. Ультракүлгін сәуленің жылдар бойғы әсері тері мен қан тамырларындағы дегенератив өзгерістерге алып келуі мүмкін. Ең ауыр жағдайда терінің қатерлі ісігі және катаракта (көз ауруы) дамиды.