7-класта оқып жүргенінде анасы жаңа жылдық дастарханға қызанақ пен қияр әкеліп қойыпты. «Қыстың көзі қырауда көп адамның қолына түсе бермейтін көкөністер қалай өскен? Қай жақтан әкелінген?». Бала Ерсұлтанды осы сұрақтар мазалай бастайды. Оның агрономия саласына келуіне сол жылдың қысы, қызанағы мен қияры себеп болған екен. Қазірде Ерсұлтан Убайдуллаұлы — жас кәсіпкер. Өз саласына қатты қызығатын кәсіби агроном. Өсімдік шаруашылығы мамандығы бойынша Түркістан гуманитарлық-техникалық колледжін бітірген. Енді, міне, биыл  агрономия саласы бойынша Шымкенттегі жоғары оқу орнының бірін аяқтап, қолына дипломын алып отыр.

Былтыр «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша 3 миллион теңге грант ұтып алған. Бизнес жобасының тақырыбы – Microgreen. Бізде өсірілмейтін, бірақ адам ағзасына өте пайдалы салаттар түрін өсіру.

Ерсұлтан Абдраман
Фото: Әйгерім Бегімбет

Ол 9-класты бітіргеннен кейін колледжге оқуға түскен. ІІ курсында Қостанайға іс-тәжірибеден өтуге барған.

Целина жақта бидай ектік. Аманқарағай, Тимофеевка, Лисокофск, Рудныйда болдық. Бізде жоқ техникалардың рөліне отырып, басқарып көрдік. Бір жылдай егістік алқабында жұмыс істедік. Жердің, топырақтың құнарлылығын тексердік. Одан Нұр-Сұлтанда көк жуа өсірдік. Алматыда да Арман Тосқанбаевпен шамалы уақыт әріптестік орнаттық. Мені осылайша агрономия саласы өз қызығына тарта бастады, — дейді Ерсұлтан.

Ерсұлтан 7-класта сол күйі біле алмай кеткен қызанақ пен қияр өсірудің жай-жапсарын оқуды бітірген соң жылыжайға от жағушы болып жұмысқа тұрғанда біледі. Ол Шымкент пен Сайрамның жылыжайларында  25 мың теңге айлыққа 5-6 жыл жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында жылыжай ішінде жүріп, бала арманының жүзеге асуына бір табан жақындаған еді. Қияр мен қызанақтың қалай өсірілетінін, оларға қандай дәрумен берілетінін, қандай температурада өсіру керегін, бәрін-бәрін біліп шығады. Әп-сәтте тәжірибелі маман атанады. Одан Шымкент, Сайрам, Ақсукент, Қарабұлақ тағы басқа ауылдарында жылыжай, егін алқаптары бойынша кеңес берушіге айналады. «Дәннен – өнімге дейін» бар білгенін көпшілікпен бөліседі.

Ерсұлтан Абдраман
Фото жеке архивтен

Ол қайсарлығы мен табандылығының арқасында өзі білім алған колледжінде жылыжай құрып, өнім алған. Оның салынуы да қызық.

Бұл жылыжай бәстесіп жүзеге асқан жобаларымның ең алғашқысы еді. Оқу орнының аумағынан қаншама жыл бойы игерілмей, күл-қоқыс төгіліп келген жер учаскесін байқадым. Сол жерге «жылыжай тұрғызып өнім аламын» деп директордың  алдына  күніне екі реттен 3 ай бойы кірдім. «Жобамды жүзеге асырамын» деп мен де қайтпаймын. Жас баланы әбден сынап ол кісі қайтпайды. Сонымен не керек, бір күні директор ағай «Жарайды, бастасаң басташы!» деп рұқсатын берді. Қаражатты алған соң бірден іске көштім, сол колледждегі екі шебер ағаймен жоспар құрып, құрылысты бастадық. Сол сәтте директордың орынбасары келіп «Мыналарың бос әурешілік, бұл жерге ешнәрсе өспейді, оның үстіне күн де түспейді» деп теріс қарап кете барды. Ал мен ашуланып «Керек болса, тасқа өсіремін!” деп өз-өзімді қайрай түстім, — дейді Ерсұлтан.

Осылайша бар-жоғы 2 айдың ішінде жылыжайдың құрылысы аяқталып, өнім ала бастайды. Директоры да, өзі де риза кейіппен кәсіптің нәсібін көреді.

Содан соң логистикалық компания мен дихандар арасында делдал болып та жүріп, біраз табысқа кенеледі.

Microgreen
Фото жеке архивтен

Диқандарға үлкен жүк көлігін тауып беріп, ортада делдал болғаным үшін ақша алып жүрдім. Айтарлықтай жақсы табыс таптым, бірақ оның анау айтарлықтай перспективасы жоқ еді. Бірте-бірте айлық жалақыға үйреніп бара жатқанымды түсіндім. Жеке өз алдыма кәсіп ашу қажет болды. Осылайша  «Қалалық ферма» жобасын жасадым. Оны Украинадағы, Одессадағы фермерлердің технологиясына сүйене отырып істедік. Олардан ақылы кеңес алдым. Біз натурал кокос субстраторымен жұмыс істеп жатырмыз. Бұның бір ерекшелігі – ауылшаруашылығында көкөніс, жеміс-жидек, дәнді-дақылдарда өте көп қолданылатын пистицидтер, фунгицидтер бар. Себебі топырақта патоген микробтар болады. Ал кокос субстратында кәдімгі кокостың қураған қауырсыны бар. Нәтижесінде патоген микробтар дамымайды. Патоген микробтар дамымағаннан кейін зиянкестермен күресудің қажеті жоқ. Ешқандай пистицидсіз, фунгицидсіз таза табиғи өнім болады, — дейді ол.

Осылайша 2019 жылы Ерсұлтан Оңтүстікте өндірілмейтін Microgreen салаттарын өсіріп, зертхана ашқан. Шымкенттегі белгілі мейрамханалармен келісімшарт жасасып, өнімін жеткізіп берумен айналысады. Бірақ карантин бұл кәсіпке де қолбайлау болыпты. Ерсұлтанның зертханасы өз жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болады. Сонда да ол үйде бос қарап жатпай, 2 гектарға қияр, жүгері, асқабақ, тағы басқа көкөніс пен өсімдік екті. Карантин талаптары алынып, мейрамхана жұмыстары қайта жандана бастағаннан кейін Ерсұлтанның да кәсібі қайта қарқын ала бастады. Ол қазір Польша, Германия, Голландиядан 15 түрлі, оның ішінде рукло, брокколи, қыша (горчица), күнзе (кинза), дайкон, асбұршақ, жасымық, гүлтәжі (амаранта) деген өсімдіктердің тұқымын алдыртып, өсіріп жатыр. Қараша айында 60 шаршы метр болатын зертханасын ашып, осы кезге дейін өсірген өнімдерін халыққа таныстырып, ұсынбақ ниетте. Ал зертхана өндірісіне қажет фитолента және диод жарықшамдарды Ресейден, «Аэропоника» жаңбырлатып суғару аппаратын Польша, Украинадан алдыртқан.

Microgreen
Фото жеке архивтен

Ерсұлтанның әңгімесінің тартымдылығы сонша — қызыға тыңдадық. Қазіргі агрономияның ерекше жаңалықтарын жария етуден алдына жан салмайтынын ұққан біз оны тоқтатқымыз келмеді.

Бізде адам саны жылдан жылға көбейіп келеді. Бұрын жылына үш рет өнім алсақ, қазір алты-жеті рет өнім алуға ұмтылуымыз керек. Қазір біз Microgreen салаттарының 15 түрінен айына кем дегенде үш-төрт рет өнім алатын процесс жасау үстіндеміз. Содан кейін дұрыс тамақтануды құп көретіндерге арнап жасаған үлгіміз де бар. Бір қораптың ішінде үш-төрт түрлі Microgreen өнімі болады. Барлығы табиғи, себебі кокос субстраттарымен егіліп, өнім бергенде солай жиналып алынған. Тұтынушыға да осындай табиғи балғын қалпымен жеткізіледі. Әр адам өзіне керек мөлшерді ғана қырқып алады, қалғаны өсіп тұра береді. Мұндай дүниені істеп жатқан Оңтүстікте біз ғана, — дейді агроном-кәсіпкер.

Өзі ет көп жемейтін, есесіне тек осындай Microgreen салаттарын тұтынатын кейіпкеріміз қазір декоратив жүгеріні де өсіріп жатқан көрінеді. Оның айтуынша, бұл түрлі-түсті жүгеріге Польшадан қызығушылық танытып, сұрап жатқандар бар екен. Өйткені поляктарда жүгерінің мұндай түрі дұрыс өнім бермейді. Түстері қанық емес. Ал Түркістанда өсірілген собықта төрт түрлі түс бар.

түрлі түсті жүгері
Фото: Әйгерім Бегімбет

Оларда ауыл шаруашылығының дамып кеткені сонша — қазір гидропоника, субстрат пен топырақты пайдаланбайды. Ал біздің климатымыз қолайлы, жеріміз де тың. Көкөністер мен жемістерге керек сквален майына бай. Сол себепті біздің жерде, әсіресе Оңтүстікте егілген өнімдер керек элементті ала алады. Негізінен бұл жүгеріні еуропалық, қытайлық, тағы басқа мейрамханалар декорация ретінде пайдаланады. Оған қоса, мұны пісіріп жеуге де болады. Суға пісіргенде тұз немесе тәтті қосудың қажеті жоқ, бұл жүгерінің бойы екі метрден аспайды. Біраз жерге егіп, өнімін алып, қоймаға жинап қойдық. Басқа елдегілер Instagram-нан көріп: «Қалай өсірдіңдер? Қандай әдіс қолдандыңдар?» деп сұрап жатады. Ал біздікілер: «Мұны жеуге бола ма? Дәмі қандай? Өздерің бояп қойғансыңдар ма?» деп сұрайды. Осыған іштей қынжыласың, — дейді Ерсұлтан.

Жас кәсіпкер агрономия саласындағы күрмеуі көп көкейтесті мәселелерді жіктеп берді. Ерсұлтанның сөзіне сүйенсек, бұл мамандыққа жүрек қалауынсыз, грант үшін түсетіндер көп. Сол себепті осы салаға бет бұрып жатқан жастар некен-саяқ.

Жоғары оқу орындарындағы ауылшаруашылығы мамандығына мемлекеттік гранттар, шәкіртақылар беріліп жатыр, бірақ маман тапшылығы қатты сезіледі. Өйткені онда дизайнер болуды армандаған бойжеткен жай ғана грант үшін сабағына қатынап жүр. Талай бала солай арманынан адасып барғандықтан, оқуды бітірген соң ауылшаруашылығын көркейтуге келмейтіні анық. Біздің топтың өзінде 25 бала бітірдік. Жеті қыз, қалғаны — жігіттер. Осы салада жұмыс істеп жүрген – мен ғана, — деген ол ауылшаруашылығы саласындағы статистиканың да өтірік жасалатынын алға тартады.

«Ауыл шаруашылығында даму мен ізденіс төмен. Ішкі нарықты өзіміздің өнімдермен қамтамасыз ете алмай отырмыз. Қиярдың өзі біздегі базарда 200 теңгенің шамасында сатылады. Қымбат қой. Негізі 120-150 теңге болуы керек. Бір жағынан диқандарға жақсы, бірақ қарапайым халыққа қиын. Біз бұл бағытта сараптама жасап көрдік. Айналамызда 15-20 шақырым аумаққа дейін қияр еккен диқан жоқ екен. Сол себепті баға аспандап тұр. Халыққа қиярды 200 теңгеден сатып алып, қысқыға банкі жапқан мүлде тиімсіз».

Ерсұлтанның айтуынша, елімізде ауыл шаруашылығының дамуына кедергі болып тұрған нәрселер өте көп.

Ерсұлтан Абдраман
Фото жеке архивтен

Біріншіден, халық, яғни тұтынушы. Қызығушылық төмен. Көрші Өзбекстанға барсаңыз, бос жатқан жер көрмейсіз. Ертең олар төрт қақпасын дәу құлыппен бекітіп жауып қойса, өз күндерін өздері көреді. Ал бізде бос жатқан жер көп, бәрі қоршап алған, бірақ ешнәрсе екпейді. Жұмыс істемейсің бе, жұмыс істейтін адамдарға бере тұр. Екіншіден, түрлі шектеу. Мысалы, біз 3 миллион теңгелік грант алдық. Алайда, қағазбастылық пен тексеріс көп. Кәсіпкерлерді тексергенде сырттан әсер етуші факторларға қарамайды. Мүмкін жауын-шашын болып, өнім дұрыс ала алмаған шығар. Бәлкім, қазіргідей карантинге тап келген шығар. Карантин біткеннен «табысыңды көрсет» деп хат келді. «Біз әлі өнімді сатқан жоқпыз, қалай көрсетемін, мейрамханаларды ашсаңыздаршы» деймін. «Құлап қалмайық», «ілініп кетейік» деп барынша тырысып, түскен ақшаның бәрін қайта өзіне салып жатырмын. Минимал мүмкіндікпен максимал әрекет жасап, ізденетін болсақ, бәрі дұрыс болады деп ойлаймын, — дейді ол.

Жас агроном үйінің алдындағы 20 сотық жерге және көршісінің бос жатқан жерін жалға алып қияр егіп тастаған. Әлгі көршісі карантинде жұмыссыз қалған уақытында Ерсұлтанға ақыға қияр жинап, банкі жабуға көмектесіпті. Жалпы қазір көрші әйелдерді жинап, қысқа банкі жауып жатыр. Қыста сатып қалтасына тиын-тебен түсірмек.

Бұған қоса, ол асқабақтың Қазақстанда өндірілмеген 7 түрін өсіреді. Басында «Гигант» түрін өсіріп, «400 келі» ТМД рекордын жаңартамыз деп ойлаған агроном рекордқа жете алмай қалды. Себебі ең үлкен асқабағының салмағы 30 келіден аспады. Бәлкім, карантин уақтысында сырттан қажет дәрумендерді алдырта алмай қалғандықтан да солай болуы мүмкін. Бағбан ендігі жылы бір тонналық асқабақты өсіремін деп құлшынып отыр.

Бізде әртүрлі рекорд жасап, өнім алғандарға қомақты сыйлық беру жағын қарастыру керек. Мәселен, күзде жиын-терім біткен соң, респуликалық деңгейде жәрмеңке жасау. Ресейде ең үздік фермерлерге қомақты сыйақы тағайындайды. Сосын олар бір-бірімен жарысып неше түрлі өнімін алып шығады. Бізде ондай жәрмеңке өткізбек түгілі өнімнің өзін халыққа дұрыс жеткізіп бере алмай жатырмыз. Бәрі бір ізге түсуі үшін үздіктерге қала аумағынан бір гектар жерді диқандарға ұзақ мерзімге жалға берсе, бұл оларға керемет мотивация болады, сөйтіп олар ізденер еді. Шындығы сол — біздің елімізде ауылшаруашылығы саласына қызығушылық төмен. Ал шын мәнінде келешек осы салада ғой. Салалық статистика дұрыс жасалмайды. Нағыз жұмыс істейтін еңбек адамдары көрінбей, тасада қалып қояды. «КазАгродан» лизинг алатын алпауыт компаниялар ғана көрінеді, — дейді Ерсұлтан.

Оның пікірінше, салалық проблемаларды шешуді ойласақ, диқандардың дамуына жағдай жасау керек.

Ерсұлтан Абдраман
Фото жеке архивтен

«Телеарналар да лентасын қиғанын ғана түсіріп кетеді, одан кейін «фермерлер ақшаны қайдан алып жатыр?», «жұмысшыларын қалай қамтамасыз етуде?», «егістік алқабынан қанша өнім алады?», «оны қалай өткізеді?», «қандай кедергіге кезікті?» деген сияқты сауалдарға жауап беретін ешкім жоқ. Халық арасында тарап жатқан ақпараттық мәліметтер, сандар ауызбен Голландиядан асып кетеді, бірақ ондай мардымды өнім көріп жатқан жоқпыз. Ондай өнім болса, неге өндіріс орындары ашылмасқа?! Мысалы, Түркістанда консерві жасайтын цех атымен жоқ. Өткенде қаладағы үлкен супермаркеттерді аралап шықтым. Біз жауып жатқан банкінің өзі 750 теңгеге көтерілді. Ол Ресейден келіп жатыр. Мұнайды қазып, оны өңдеудің керегі жоқ. Егініңді ек, сататынын сат, қалып кеткенін банкіге жауып таста, болды. Диқандар өнім шығарады, алайда сата алмайды. Дәл қазір кей таныс диқандарда 2-3 тонна өнім тұр. Ал бізде оны жабатын цех жоқ. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Қазақстаннан жер көлемі 66 есе кіші Голландияның агросекторы жылына 100 миллиард долларға жуық өнімді экспортқа шығарып отыр. Шағын ғана мемлекет әлем бойынша картоп экспорттаудан ІІ орында. Бізде картоп экспорттамақ түгілі адамдар пиязды жерге тығып қойып, көк пиязын алып жеуге ерінеді. Одан кейін «жұмыс жоқ» деп отырады. Еңбек етсең, жұмыс көп. Әлем елдерінде ауылшаруашылығын цифрландыру қарқын алған. Уақыт өткен сайын бұл салада неше түрлі жаңа технология пайда болып, олар жедел түрде өндіріске енгізілді. Мәселен, Еуропаның компаниялары енді егістік жағдайын зерттеумен айналысатын дрондарды да шығара бастады. Бұл машиналар фермерлердің егіс шығымдылығын алдын ала болжап білуіне жағдай жасайды. Егіске күтім жасаумен қатар, өнім жинауға көмектесе алатын роботтар да шығарыла бастады. Солардың бірі — AGROBOT компаниясы әзірлеген Испаниялық SW6010 роботы өзіне орнатылған камера арқылы піскен жемістерді айқындап, оларды кесіп алуға қабілетті екен. Ал Аустралияның Сидней университетінің ғалымдары әзірлеген робот өсімдіктер арасынан арамшөптерді ажырата алады. Бізге де сондай деңгейге жетуге ұмтылуымыз керек, — дейді агроном.

Ерсұлтан бір сәтте бос қарап жүрмейді. Көп кітап оқиды, ізденеді, идеяны қағазға түртіп алады және бірден іске асырады. Жақында солай командасымен бірге бір тәулікте «Фитоқабырға» жасады, яғни қонақүй, мейрамханалардың қабырғасын жап-жасыл болып жайқалып өсетін тірі өсімдіктермен әрлеп жатыр.

Ерсұлтан Абдраман
Фото: Әйгерім Бегімбет

Мұның артында гидропоникалық инновация немесе аэропоника, яғни сумен тамшылатып суару әдістері тұрады. Еккен өсімдіктердің тамыры осы әдістермен нәр алады. Бірінші күні-ақ бірнеше тапсырыс алып үлгердік. Мүкті декорацияға пайдаландық. 3-4 аулаға газон ектік. Одан қала берсе, Ащысайға барып, таудың басынан ақ тастар әкеліп, кафенің алдына ландшаф дизайн жасап бердік. Қолымнан келгенін іс жүзінде тексеріп көруден жалықпаймын. Жақында агрономияны бітірген студенттер «оқуды бітірдік, бірақ жұмыс жоқ” деп келген. Сол жігіттерге бағыт-бағдар көрсетіп, идеямды бөлісіп, бірге жасап жатырмыз. Енді қолына диплом алған жас үшін бір тәулікте 20 мың теңге табу жақсы нәтиже деп ойлаймын, — дейді ол.

Қазір базарлар мен сауда орындарында көкөністің бағасы шарықтап, бос алқаптар керісінше қаңырап тұр. Егер Ерсұлтан сияқты өз ісін шексіз сүйетін білімді жандар көбейсе, олқылықтың орны бірте-бірте толатыны анық.