Келес ауданына қарасты Біртілек ауылдық округінде ашылған роботтандырылған мал бордақылау алаңының жалпы аумағы — 0,5 гектар. 300 бас малға есептелген шаруашылыққа ангус тұқымды 32 бас ірі қараны Петропавлдан алдырған. Мұндағы барлық «қара жұмысты» арнайы қондырғы, робот атқарады. Мал шаруашылығын кәсіп еткен жергілікті тұрғын Дәурен Әлімбаев осылайша арманын жүзеге асырған.
Хобби ретінде бастап, ізденіп, мамандардан кеңес алдым. Бұл саланың сырларын жетік білмегендіктен қиындықтарға тап болғаным рас. Аудан әкімінің қабылдауында болып, құжаттандыру, субсидиялау жағынан көмек сұрадым, — дейді жеке кәсіпкер Дәурен Әлімбаев.
Роботтандырылған мал бордақылау алаңында бір адам ғана жұмыс істейді. Жұмыстың басым бөлігін Ресейден сатып алынған «малақ тазалау» құрылғысы атқарады. Кәсіпкер бизнесін ары қарай дамыту үшін мемлекеттен аз мөлшерлі процентпен несие алмақ. Осылайша шаруашылығын кеңейтіп, жылқы, қой бордақылайтын, сүт өндіретін ферма салуды көздейді.