«Менің атым кім?» — 8 жасқа дейінгі балаларға арналған ертегі. Кез келген ата-ана жобаның сайтына кіріп, кейіпкердің жынысын, бейнесін өз баласына ұқсатып таңдап, баланың есімін көрсете алады. Кітаптың алғысөзінде де бүлдіршінге естелік хат, тілек жазуына болады. Тапсырыс берілген соң кітап 3-5 жұмыс күні ішінде дайындалады. Осылайша әр бала өзіне арнайылап жазылған, шытырман оқиғаның басты кейіпкері болуға мүмкіндік беретін ертегі иесі атанады.
Негізі идея 2018 жылы жоба жетекшілерінің бірі Сұлтан екеумізден басталды. Ол кезде менің туған бауырым 5 жаста еді, ал Сұлтан енді ғана әке атанған болатын. Екеуіміз де Қазақстандағы кітап баспаларынан түрлі ертегі іздей бастадық. Бірақ ешқайсы көңілімізден шықпады. Кейбірінің мәтіні қызық болғанымен иллюстрациясы осал, енді бірінің мәтіні ұзын-сонар әрі қызықсыз екенін байқадық. Содан бастап балалардың креатив ойлауын дамытатын, гаджетті тастап, кітапқа бас бұрғызатын ертегі шығаруды ойладық. Біз қолға алып жатқан жобаның баламасы АҚШ-та және Англияда бар, — дейді жоба жетекшілерінің бірі Ерік Беріков.
Ертегі мәтіні өлең жолдарымен жазылған. Еріктің айтуынша, ертегінің өлең ретінде берілу жанрын Жапонияда «хайку» деп атайды. Хайку — қысқы әрі оқуға жеңіл бірнеше шумақтан тұратын жанр түрі.
Ертегі желісі бойынша бала ұйқысынан оянады. Сол кезде қолындағы есімі жазылған білезігінің жоғалғанын байқайды. Кейіпкер білезігін іздеп жүріп оның жібін төсегінің астынан көріп қалады. Көтеріп алмақшы болады. Бірақ кенет ғажайып әлемге тап болады. Бұл сиқырлы әлемде оны ағаштың астында қалған жолбарыс, дөңгелегі бұзылған көлік секілді 10 кейіпкер күтіп алады. Бас кейіпкер осы 10 кейіпкердің проблемасын шешіп беруге көмектеседі. Әр жасаған жақсылығынан кейін есімінің бір-бір әріпін біліп отырады. Ертегі соңында өзінің есімін біле алады.
Еріктің айтуынша, бұл ертегі балаға ең әуелі өз-өзін және қоршаған ортаны тануға көмектеседі. Сонымен бірге қиялын дамытады.
Ертегі балаға оның өз өмірінің басты рөлдегі кейіпкері екенін түсіндіреді. Өкінішке қарай, әлем және Қазақстан ертегілерінде қыз басты кейіпкер саусақпен санарлық. Ал бұл кітапта бәрі тең. Қыз болсын, ұл болсын батыр бола алады. Сонымен қатар ертегі кішкентайларды кез келген проблеманы шешуге үйретеді. Меніңше, бұл — қазір барлық адамға керек дағдылардың бірі, — дейді Ерік.
«Менің атым кім?» ертегісінің бағасы әлі белгісіз. Қаражаттың 2,5%-і Балалар қоғамдық қорына жіберіліп отырады. Еріктің сөзінше, сатып алушыларға түрлі жеңілдік қарастырылады. Мысалы, кітаптың құнын үшке бөліп төлеуге болады.
Кітап қағазының сапасы, иллюстрациялары ерекше болмақ. Болашақта кітаппен бірге баланың есімі жазылған білезік сыйлау ойымызда бар. Сол себепті ересектер балаға кітап алғанда оның болашағына инвестиция салып отырмын деп ойлағаны жөн. Кітап оқыған баланың көкжиегі кеңейеді, қиялы дамиды. Сонымен қатар, ата-аналар тек өзінің емес, өзге де науқас, мүмкіндігі шектеулі балаларға көмектесіп отырады. Біз Аружан Саинның «Дом» қоғамдық қорымен меморандумға отырдық. Қаражаттың бір бөлігін сол балалар үйіне, өте ауыр жағдайдағы науқас балаларға аударамыз, — дейді жоба жетекшісі.
Жоба авторларының айтуынша, кітаптың онлайн нұсқасы болмайды. Оның өзіндік ерекше себебі бар екен.
Ата-ана сайтқа баласының есімін жазып, жеке кітап жасай алады және оның сұлбасын көре алады. Дегенмен кітапты қағаз түрінде алады. Мұның себебі неде? Біріншіден, қазір балалар телефон, гаджеттен бас көтермейді. Екіншіден, қарбалас жұмыс күніне қарамастан ата-ана кішкене болсын баласына уақыт бөлсе екен дейміз. Ата-ана кітапты баласына арнайы жасап, оны өзі оқып бергені керемет емес пе? Бұл ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты жақсартады, — дейді «Менің атым кім?» кітабының авторы.
Жоба жетекшілері — төрт адам. Олар өмірде жақын дос болғанымен, түрлі саланы меңгерген мамандар. Жоба жетекшісі Ерік Беріков — тарих пәнінің мұғалімі, Омар Болатбай — экономист, Нұрсұлтан Алиев — заңгер, Сұлтан Мұсаев — дизайнер.
Кітап шығару барысында әркім өз саласы бойынша туындаған сұрақтарға жауап береді.
Ертегі қазақ және орыс тілінде жарыққа шығады. Ертегінің қазақша нұсқасын ақын Айнұр Төлеу жазған. Ал орысшасын ақын-жазушы Дина Ораз жазып шыққан.
Қазақшадан орысшаға, орысшадан қазақшаға аудара салмай, ақындар әр тілде жеке-жеке жазуын жөн санадық. Себебі сонда ғана тіл калькасыз, өлең жолдары түсінікті болады деп есептейміз. Жоспар бойынша 1000 дана сатылғаннан кейін ағылшын тілінде де басуды ойлап отырмыз. Ол енді кітаптың таралу, даму жылдамдығына байланысты. Әзірге 200 адам тапсырып беріп отыр, — дейді Ерік.