Өзі — Түркістанның тумасы. 4 жыл Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық уинверситетінде оқып, әлеуметтанушы мамандығын алып шықты. Содан соң Нұр-Сұлтанда заңгер мамандығы бойынша магистр деңгейін алды. Туған топырақта алған білім-білікті Литва мемлекетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасымен одан әрі жетілдіріп қайтты. Одан кейін Грузияда іс-тәжірибеден өтіп қайтады.
Еліміздің немесе Еуропаның үлкен қалаларында жұмыс істеуге мүмкіндігім болғанымен, өзім туып өскен өңірге оралдым, — дейді Ақерке.
Ақерке магистратурада білім алып жүргенде ауылына сапарлатып барады. Отбасылық дастархан басында «қандай іс бастауға болатыны» жайлы сөз қозғайды. Сонда отбасы мүшелерінің әрқайсы өз идеясын ұсынады. Соңында ұлттық тағамдар кафесін ашу туралы идеяға тоқтайды. Себебі турист көп келетін Түркістанда ұлттық ас мәзірін ұсынатын бірде-бір кафе жоқ екен.
Өзіміздің отбасылық түйе шаруашылығымызда 100 шақты түйе бар. Соның қымыранын сатып, ұлттық тағамдар дайындап, кафе ашатын болдық. Бірақ мейрамхана ісінде ешқайсымыздың тәжірибеміз жоқ еді. Сондықтан Нұр-Сұлтанға оралғанда грузиялық мейрамханаға даяшы болып жұмысқа тұрдым. Басында 2 апта мәзіріндегі тағамдардың атын жаттай алмай, тегін жұмыс істедім. Сол жердегі аспаздар мен басқа қызметкерлер: «Ақерке, сен мұнда басқа мақсатпен келгенсің. Әйтпесе, ақша керек болса, тез-тез жаттап алып, ақша табуға кірісіп кететін ең» деп қалжыңдайтын. Сол мейрамханаға келген бірге оқитын қатарластарым мен таныстарымды көзім шалып қалса, қатты қысылатынмын. Қызмет көрсетуге басқалардың баруын өтінетінмін, — деп Ақерке бұл кәсіпке қалай келгенін бөлісті.
Шетелде оқып, сырт елдердің білім-білігін бойына сіңіріп, тәжірибесін зерттеп келсе де, өзіміздің отандық мейрамханаларда қарапайым даяшы болып істеген кейіпкеріміз өте ізденімпаз. Мәселен, өзі істеген мейрамханада қызмет көрсету, адамдармен қарым-қатынас жасау, тағы басқа көп нәрсені үйренеді. Ақерке 2013 жылы Work and travel бағдарламасымен АҚШ-тың Оңтүстік Каролина штаты, Миртл бич каласына аттанып, сол жердегі McDonald’s-те жұмыс істеген әрі ағылшынын жетілдіріп, қомақты табыс тауып елге қайтқан.
Миртч бич қаласы Түркістаннан да шағын. Бірақ көп жағынан әлдеқайда көш ілгері. Ол жақта адамдардың бәрі титтей нәрсеге алғысын білдіреді. Әрдайым жылы лебізін аямайды. Қашан көрсең, жымиып, көтеріңкі көңіл-күйде жүреді. Мен де америкалықтардың осы өмір сүру әдісін өміріме енгізгенмін. Қазір қоғамдық көліктен түссем, рахметімді айтып жүремін. Тіпті, танымайтын бөгде адамға да шашының, көйлегінің түсінің әдемі екенін, жарасып тұрғанын жеткізіп, жанына жылу сыйлағым келеді. Мысалы, кафемізге келген адамдармен тікелей тілдесіп, пікір алмасамын, — дейді ол.
Бизнесте ең бастысы кәсіпкерлік нысанының орналасқан орны емес пе? Ал Ақеркенің ашқан кафесі қаланың бір түкпірінде орын тепкен. Тіпті, жол картасымен іздеп барған адамның өзі адасуы мүмкін. Бірақ соған қарамастан тұтынушылары көп, қонақ үзілмейді. Мұның да сырын сұрап білдік.
Иә, орын аса маңызды ғой. 2 жыл бұрын осы кафені ашқанда «қалай болар екен?» деп қорыққанбыз. Кейіннен тәуекел еттік. Өйткені бұл ғимарат өзіміздікі, ешкімге жалгерлік ақы төлеп әуре болмаймыз. Ісіміз жүрмей жатқан күннің өзінде көп ұтылмаймыз. Сол оймен көзді тарс жұмып, бастап кеттік. Қазір бізді түркістандықтардың бәрі біледі десек, қателеспейміз. Орталықта болмасақ та, іздеп келетіндер көп. Үлкен кісілер қымыз, қымыран ішуге жиі бас сұғады. Келіссөздерге, тәттішайға, құдалық күтуге жиі тапсырыс аламыз. Туристер де жиі ат басын бұрады. Еуропа елдерінен, Америкадан, Түркиядан жиі келеді. Тіл білгеннен кейін оларға өзім қызмет көрсетемін, — дейді.
Ал «Шаңырақтың» ас мәзіріне келер болсақ, бұл жерде Түркістанның бренді саналатын әсіп — елеулі тағамның бірі. Бірде Ақеркенің танысы «Сіздерде әсіп бар ма, қонағымды базарға апаруға ұялып жатырмын» депті. Содан әсіп бұл кафенің ас мәзірінен түспейтін болған. Одан бөлек, келушілерге ет, нарын, қуырдақ, бауырсақ, құрт-ірімшік, тағы басқа ұлттық тағамдардың түр-түрін ұсынады. Осы кафе ашылған кезде «етті кім жейді, үйде бәрі істеп жеп жүр ғой» дегендер де болған. Қазір солардың біразы осында келіп тамақтанады екен. Расымен, бастаған кәсібіңнің қыр-сырын жақсылап меңгерсең, көп белесті бағындырарың сөзсіз. Оны Ақерке Бахтиярқызының мысалынан-ақ байқауға болады.
Ақерке 10 шақты адамды жұмыспен қамтып отыр. Инвесторы – ата-анасы. Ал ұйымдастыру, қызмет көрсету жағының бәрі Ақеркенің өз идеясы мен қиялынан туындаған. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанға кезекті сапарының бірінде жастармен кездескенде Ақерке сөз сөйлеген. Гастрономиялық туризмді дамытуға қатысты қадау-қадау ұсыныстарын айтқан.
Негізі әу баста отбасылық шаруа қожалығының қымыранын сатуға басымдық берген-ді. Елімізде пандемия басталып, карантин енгізілген соң қымыран, қымыз сияқты ұлттық сусындар аса сұранысқа ие болып, кәсіпкер өнімін жеткізе алмай әбігерленді. Нысанның жертөлесінде 2-3 тоннадай қымыран сақтайтын тоңазытқышы да бар. Бұрын күніне 30 литр ғана өтсе, карантин кезінде 100 литрден көп өткізіп жүрді. Адамдар осы карантинде, әсіресе, қымыз бен қымыранның қадірін, ағзаға пайдасын ұғына түскендей. Қымыранды, тіпті, Өзбекстан мен Түркиядан арнайы келіп ішетіндер бар екен.
Келген қонақтардан «Ұят болмасын!» деп қазанға етті көп салып, мөлшер дегенді есептемейтін едік. Шаһардың бір шетінде болған соң адамдар да келе бермейтін. Тамақтарды көп істеп, ол қалып кетіп, үйге апарып өзіміз жейтінбіз. Сөйтіп, біраз уақыт шығынға жұмыс істегенбіз, — деп кәсіпкер бизнестегі алғашқы қадамдарын еске алады.
Осындай-осындай бір тұрып, бір құлаулардан ысылғаннан кейін кейіпкеріміз кәдімгідей тәжірибелі боп алады. Бір қонақтың да қөңілін қалдырмау керегін түсінеді. Келушілердің әрбірін өзі күтіп алып, өзі шығарып салады.
Мына бес күндік жалғанда адамдарға жылы сөз бен мейірім жетіспейді. Сондықтан қызметкерлеріме: «Келушілерге күліп, жылы сөйлеп жүріңдер. Мүмкін болса, тапсырыс берушілердің есімдерін жаттап алыңдар» деп айтып отырамын. Мәселен, «Қуаныш, Мадина, қош келдіңіздер!» деп қарсы алып тұрса, келген адам үшін де қуанышты жағдай деп ойлаймын, — дейді ол.
Ақерке қазір қосымша банкет залын да қосып жатыр. Іші әлі дайын емес. Оны да қазақша безендіргісі келеді. Аспаз табу мәселесі де оңайға соқпай тұр. Карантин кезде кейбір мейрамхананың аспаздары Өзбекстан асып кетті. Енді біздегі мейрамханалар ашылғанымен, шекара жабық. Олар бері өте алмай, соның салдарынан кей мейрамхананың жұмысы тоқтап тұр.
Бұл жерге жастар тамақтанудан бөлек, суретке түсу үшін де келеді. Жаз бойы кафенің алдына қазақи киіз үй тұрыпты. Ұлттық нақышта безендірілген ұлттық орынның өзгешелігі де – оның ұлттық қазақи құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, ұсынуында болса керек. Алайда кафенің ішін де әлі жетілдіре түсетін тұстары бар.
Үнемі идея іздеп жүремін. Өйткені қазіргідей жаһандану дәуірінде адамдар тез жалығады. Өзіме де өзгертіп, өзгеріс жасап тұрған ұнайды, — дейді кафе иесі.
«Шаңырақта» алкоголь өнімдері сатылмайды. Адамдар үзілмей, өздері жиі іздеп келіп, жақсы пікір білдіріп жататыны кәсіпкерге үлкен мотивация береді. Ақеркенің алға қойған мақсат, жоспары көп. Ол Түркістанның орталығынан бұдан да үлкен Ұлттық тағамдар орталығын немесе заманауи кофейня ашқысы келеді. Қазірде түрленген Түркістаннан қандай кәсіп бастасаң да, жол ашық. Өйткені облыс орталығы болғанннан бері мұнда адам саны көбейіп, қала күн санап көркейіп келеді.