Басты бетҚоғамАлматыда кейінгі...

Алматыда кейінгі аптада карантин шектеулері қалай бұзылды?

Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, салынған айыппұлдың жалпы сомасы — 5 миллион теңге. Әкімшілік соттың қарауына тағы бір материал тапсырылды.

Мониторинг топтары 17 тамыздан бері  шағын және орта  бизнес эпидемия талаптарын сақтауына қатысты 9 мыңнан астам тексеру жүргізді. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы 3 801 хаттама толтырылды. 2 693 жеке тұлғаға маска режимін бұзғаны үшін айыппұл салынды. Шағын және орта бизнестің 1 635 субъектісі өз еріктерімен қызметтерін тоқтатты. Сотқа 19 материал тапсырылған.

2020 жылдың 18 қыркүйегінде Жетісу ауданы Жангелдин көшесі 193 мекенжайында орналасқан «Данияр» мейрамханасында ұзату той өткізілгені туралы ақпарат келген. Одан кейін жедел түрде мониторинг тобы Жетісу ауданының жергілікті полиция қызметкерлерімен бірге тексеруге барған. Банкетке 50 адам қатысқан. Жеке кәсіпкерге қатысты ҚР ӘҚ туралы кодексінің 425-бабының 1-тармағы бойынша 230 АЕК мөлшерінде әкімшілік құқықбұзушылық хаттамасы толтырылды.

20 қыркүйекте түнгі уақытта Медеу ауданындағы жекеменшік үйде құдалық өткізіліп жатқаны туралы ақпарат түскен. Мониторинг тобы Медеу ауданының жергілікті полиция қызметкерлерімен бірге ақпараттың рас екенін анықтады. Жеке тұлғаларға  қатысты екі әкімшілік хаттама толтырылған.

Сонымен бірге Әуезов ауданының мониторинг топтарының жұмысы барысында «Мята» кафетериінің түнгі 23.00-ден кейін жұмыс істегені, көп адам жиналғаны анықталды. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 425-бабының 1-тармағына сәйкес 230 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

Айта кетейік, Бас мемлекеттік дәрігердің 2020 жылдың 15 тамыздағы №56 қаулысына сәйкес, отбасылық мерекелерді, есте қаларлық шараларды (үйлену тойлары, мерейтойлар, құдайы тамақ) өткізуге, сонымен бірге үйге көп адамның келуіне қатысты салынған тыйымның сақталады. Бұл шаралар коронавирус инфекциясының таралу қаупін төмендету үшін қажет.