Үлестік теориясын теңдікпен шатастырмау керек

«Equity» сөзін қазақшалау қиындау. Дегенмен оны «үлестік» деген дұрыс сияқты. Бұл теория АҚШ-та 1960 жылдары ғылыми айналымға енді. 1968 жылы мемлекеттік басқару саласының әмбебап маманы Х.Джордж Фредериксон «Social equity» («әлеуметтік үлестік») теориясын ұсынды. Ол әлеуметтік үлестік мемлекеттік әкімшілікте маңызды роль ойнауы керек дегенді алға тартты. Содан бастап үлестік теориясы білім саласында да кең қолдау таба бастады.

Бұл теория қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік-экономикалық топ мүшелерінің белгілі бір ресурсты бөлісуде тең және әділ жолмен өз үлесіне қол жеткізе алуын сипаттайды. Оны «теңдік» (equality) ұғымымен шатастырмау керек. «Теңдік» дегеніміз барлық адамға бірдей жағдай жасап беріп, сосын оларды ресурс бөлісудегі бәсекелестікке сала салу. Азаматтардың ары қарай ресурсты қалай бөлісетіні маңызды емес. Ал «үлестік» дегеніміз әр адамның әлеуметтік-экономикалық жағдайын ескере отырып, қоғамның толық мүшесі ретінде оған ресурсты тең немесе үлесіне қарай бөліп беру.

Иллюстрация: Educationpost.org

Мысалы, мына суретке қараңыз.  Сол жақта үш адамға футбол ойынын тамашалау үшін бірдей орындық берілген, яғни бәріне жасалған жағдай бірдей. Бұдан теңдікті көруге болады. Дегенмен әділдік көріп тұрсыз ба? Әрине, жоқ. Ал оң жақтағы суретте әр адамның футбол ойынын бірдей тамашалай алуы үшін түрлі жағдай жасалған. Міне, бұл — үлестік.

Үлестік теориясы АҚШ-тың білім саласында жиы талқыланады. АҚШ-та өмір сүретін бірнеше нәсілдік топ және оларды құрайтын сан түрлі ұлт бар. Осы топ өкілдерінің АҚШ жоғары білім саласындағы үлес салмағы олардың жалпы халықтық үлес салмағымен мүлдем пара-пар емес. Мысалы, бұрын қара нәсілді адамдар АҚШ халқының 12%-іне жуықтаса, қара нәсілді жастардың бұл елдегі ЖОО-дағы үлесі одан әлде қайда төмен болған. Латын американдықтардың да жағдайы осыған ұқсас еді.

Оған қоса қоғамның аз қамтылған топтары болып саналған әйелдер, ЛГБТ топтар және мүгедектігі бар азаматтар да бұл теорияны қолдады. Олар да қоғамның тең мүшесі ретінде ресурстарды бөлісуде өздерінің мүддесі ескерілсе екен деген мақсатпен түрлі қозғалысқа ат салысты. Әрине, қазір АҚШ-та түрлі нәсіл топтарының, әйелдердің, мүгедектігі бар азаматтардың, ЛГБТ топтардың құқығы жақсы қорғалған. Дегенмен кемшіл тұстары әлі жетерлік. Оларды түзеуге үлестік теориясы көмектесе алады. Үлестік теориясы, жоғарыда айтылғандай, түрлі теңсіздіктің себебін зерттеуге, оны түзетуге мән береді. Бірақ ол жай ғана «теңдік» мағынасындағы теория емес.

“Black Lives Matter”, яғни «Қара нәсілділердің өмірі маңызды» деген қозғалыс та осы үлестік теориясына қатысты деуге болады. Қара нәсілді халық өздерін әлі саяси, экономикалық  және әлеуметтік тұрғыдағы әлсіз топ деп санайды. Бұл ғылыми тұрғыдан да қаралып, дәлелденіп келеді.

Қазақстанда үлестік теориясының сипаты бар ма?

Бұл теорияның әлеуметтік және білім саласында көбірек сөз болатынын айта кетейік. Қазақстанда «үлестік» ұғымы қоғамда әлі ашық талқыланбағанымен оның түрлі сипаты білім жүйемізде көрініс тауып отыр. Мысалы, Назарбаев университетінде «Инклюзив білім беру», «Арнайы білім беру» деген оқу бағдарламалары бар. «Инклюзив» сөзі «қамту» деген мағынада қолданылып отыр. Білім берудің мұндай түрі — қоғамдағы түрлі әлсіз топты оқыту жүйесі. Ал арнайы білім дамуында проблемасы бар балалар мен жасөспірімдерге беріледі. Әр бала оқуда өз үлесін ала алады. Сондықтан үлестік теориясына қатысты зерттеулер мен практикалар Қазақстанда жоқ деп айтуға келмейді.

Бибол Әліпбай. Фото жеке архивінен

Дегенмен Қазақстанда бұл тақырып әлі кең ауқымда қозғалмай келеді және оның даму қарқыны баяу. 2018 жылғы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының білім саласы бойынша жасаған есебінде Қазақстандағы ең үлкен үлестік мәселесі ауыл мен қала жастарының жоғары білім саласындағы диспропорционалдығы екен. Елдегі ЖОО-ларда қала жастары көбірек, ал ауыл жастары әлдеқайда аз. Ауыл жастары ЖОО-ларға түсерде көп қиындыққа ұшырайды. Мұның артында тұрған түрлі экономикалық, саяси факторды қарастырып, олардың реттелуін зерттеу осы үлестік теориясының құзырында.

Бұл теорияға ұмтылуға не түрткі болды?

Үлестік теориясы демократия жақсы дамыған қоғамдарда көбірек сөз болады. Өйткені бұл адамзаттың кемел қоғам құрудағы талпынысының алға басқан тағы бір қадамы іспетті. Әділ сайлауы бар, экономикасы көркейген және еркін өмір қамтамасыз етілген ортада адамдар төңірегіне көз салып, түрлі кемшілдікті байқайды, сол кемшіліктерді реттеуге кіріседі. «Үлестік» теориясы — қоғамдағы сондай кемшіліктерді реттеуге талпыныс. Оның қозғаушы күші адамзаттың өзінің ізгілікке деген ұмтылысынан болса керек.