Халықаралық Олимпиадалық комитетінің тәртіптік комиссиясы Илья Ильиннің жүлделеріне қатысты шешім шығарды. 94 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен қазақстандық ауыр атлеттің 2008 жылы Бейжіңде және 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарына тиісті «А» және «В» допинг сынамаларының қосымша тексеру қорытындысы бойынша жаза белгіленді. Спортшыны сол Ойындардан шеттетіп, көрсеткен нәтижелерінің күшін жойып, жүлделерін қайтарып алу туралы ресми хат келді.
Спортшыға қолданылатын жазаның мерзімін Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) анықтайды.
Сондай-ақ Пекин ойындарының жүлдегері Ирина Некрасова, Мария Грабовецкая (екеуі де — ауыр атлетика), Таймураз Тигиев (еркін күрес) және Әсет Мәмбетов (грек-рим күресі) те допинг дауына ілініп, олардың нәтижелері жойылған.
Естеріңізге сала кетейік, «әділ спорт» қағидалары мен таза спортшыларды қорғау және допингті қолдануға «нөлдік төзімділік» саясатын қолдау – Халықаралық Олимпиадалық комитеті мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитеті қызметінің басты бағыты. ҚР ҰОК Халықаралық Олимпиадалық комитеті тарапынан танылған еліміздегі жалғыз ұйым, сонымен қатар Олимпиадалық Хартия мен Бүкіләлемдік допингке қарсы Кодексін танып, әлемдік допингке қарсы қозғалыстың мүшесі болып табылады.