Биыл отандық мақта өндірісінің қордалы мекеніне айналған күнгей облыста мақтаның түсімі жаман емес. Жаз басында су тасқынының кесірі тигенімен, диқандардың Жер анадан алар несібесі кемімепті.
Биыл облыс бойынша 125,8 мың гектар жерге егілген мақта дақылынан 331 мың тонна шитті мақта жинау жоспарланған. Облыста мақта өсірумен 25 мыңнан астам шаруа айналысады және егістік жерлер мақта өсіруге бейімделіп, шаруалар озық тәжірибе қолдану нәтижесінде мол өнімге қол жеткізіп отыр. Қазіргі таңда Жетісай, Мақтаарал аудандары мен Кентауда мақта терім науқаны басталды. Өнімділігі гектарына 25 центнерден болып отыр.
Бүгінде Жетісай ауданы Талапты ауылындағы «Алтын» шаруа қожалығы өз иелігіндегі 15 гектар аумақтың 5 гектарынан арнайы терім машинасымен 11 тоннадай мақта жинады. Қожалық төрағасы Қуанышбек Ауашов мақта жинауды ертерек бастау өнімді жерде қалдырмай, толық жинап алуға септігін тигізетінін тілге тиек етті.
Былтыр Жетісай ауданы бойынша 46 655 мың гектарға мақта егіліп, одан 122 мың тонна өнім алынған болатын. Биыл мақта алқабы 48 943, 8 мың гектар болған, ал одан шамамен 125 мың тонна өнім жинау болжанып отыр.
Ынтымақ ауылдық округінің жалпы жер көлемі — 6 683,5 гектар. Оның ішінде 4 664 гектарына мақта егілген. Биылғы меже — өнімді жерде қалдырмай толық жинап алу. Бұйырса, мол өнім аламыз деп отырмыз. Аудан әкімі Жамантай Бейсенбаевтың тапсырмасына сәйкес округте 20 комбайн мақта терімі науқанына дайын, — дейді Ынтымақ ауылының әкімі Марат Жұрқабаев.
Мысалы күзгі дала жұмыстарын жүргізуге 39,2 мың тонна жанар-жағармай бөлініп, агроқұрылымдарға бір литрі 161-163 теңгеге беріліп жатыр. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, қолда бар 457 мақта теретін комбайнның 92%-і науқанға дайын.
Қазіргі таңда Мырзашөл өңіріндегі ең ірі зауыттардың бірі саналатын «Мырзакент мақта зауыты» елімізді мақта талшығымен қамтамасыз етіп, өнімін шетелге де экспорттап жатыр. Мақтаарал ауданымен қатар көршілес Жетісай, Шардара, Келес, Сарыағаш аудандарының да мақтасын қабылдап, өңдейтін зауыт жыл сайын бірнеше мыңдаған шаруа қожалығына егіс науқаны кезінде техникадан да жәрдем беріп келеді. Егетін шитті тұқымына дейін дайындайды. Алып кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы жоғары, заманауи жаңа қондырғылармен жабдықталған.
Бүгінде кәсіпорын жұмысшылары мен қызметкерлері зауыттың Мақтаарал ауданындағы 14, Жетісай ауданындағы 12 және Шардара ауданындағы алты мақта қабылдау бекеттерінде өнім қабылдауға дайын отыр. Зауыт жанындағы мақта қабылдау бекетіндегі қырманға мақта үйетін 10 транспортер мен мақта жинайтын 11 қондырғы жөндеуден өткен. Ал мақта қабылдайтын аймақ әктеліп, сырланып тазартылған. Сондай-ақ мақта таситын «МТЗ-80» маркалы 29 трактор мен оған арналған тіркемелер жөнделген.
«Биыл 50 мың тонна «ақ алтын» қабылдауды жоспарлап отырмыз», — дейді кәсіпорын басшылығы. Көктемде Шардара ауданында жоба қуаты жылына 50 мың тонна, жалпы құны 5 475 миллион теңге болатын International Company of Cotton ЖШС мақта өңдеу зауыты іске қосылған. Кәсіпорын бір жыл ішінде мақта талшығына 144 мың тонна мақта өңдей алады. 47 мың тонна мақта талшығы өнімдерін Қытайға, Сингапурға және Өзбекстанға экспорттау жоспарланған.