Басты бетҚоғамСолтүстік Қазақстан...

Солтүстік Қазақстан облысының 7 ауданында құс тұмауы тіркелді

Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Солтүстік Қазақстан облысының 7 ауданында (Тимирязев, Тайынша, Жамбыл, Қызылжар, Шал ақын, Ғабит Мүсірепов, Мағжан Жұмабаев) 9-16 қыркүйек аралығында әртүрлі үй құсының өлімі тіркелді.

Ұлттық анықтама орталығы құстардың қырылуына жоғары патоген құс тұмауы себеп болғанын анықтады. Қабылданған ережелерге сәйкес Қазақстан Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымына аурудың өршуі туралы хабарлады.

Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті елдегі эпидемия жағдайын шұғыл қалпына келтіру және құс тұмауының таралып кетпеуіне жол бермеу мақсатында 2020 жылдың 17 қыркүйегінен бастап Солтүстік Қазақстан облысының Тимирязев, Тайынша, Жамбыл, Қызылжар, Шал ақын, Ғабит Мүсірепов, Мағжан Жұмабаев ауданынан тірі құс және инкубация жұмыртқасы, мамық пен қауырсын, құс еті мен құс шаруашылығы өнімдерінің барлық түрін, құстарға арналған жемшөп пен жемшөп қоспаларын, сонымен бірге бұрын пайдалануда болған құстарды күтіп-бағуға, союға және мүшелеуге арналған жабдықтарды шығаруға уақытша шектеулер енгізді.

Ресей Федерациясымен шекаралас аумақтарда жануарларды вакцинациялау үшін жоғары патоген құс тұмауына қарсы 873 мың отандық препарат бөлінді.

Арнайы комиссияның шешімімен Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Республикалық эпизоотияға қарсы отряды өлген құстардың иелеріне жануарлардың орташа айлық нарықтық құны мөлшерінде өтемақы төлейді.