Басты бетҚоғамҚызылордада Жолдау...

Қызылордада Жолдау аясында үйірме саны 1000-ға дейін артады

Қызылорда облысында 173 клуб-кәсіпорында 854 үйірме тұрақты жұмыс істейді, оларға 10 606 адам қатысады. Жолдауда қойылған міндеттерді орындау бағытында келер жылы үйірме санын 1000-ға жеткізіп, үйірме қатысушыларын 11 500-ге ұлғайту жоспарланып жатыр.

Оған қоса, Президент Жолдауында бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балалар спортына басымдық бере отырып, әр облыста, ірі қалалар мен аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет екені айтылды. Сыр өңірінде 2009 жылдан бастап сабақтан тыс және кешкі уақытта халық үшін спорт секцияларын ашу арқылы бұқаралық спортты дамыту тәжірибесі енгізілген. Облыста 21 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бар. Оларда 20 147 оқушы 45 спорт түрімен тегін шұғылданады.

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

2018-2019 жылдары облыста 16 спорт кешені пайдалануға берілсе, биылғы жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жоспарланған 12 жобаның бесеуі іске қосылды.

Қалған жеті жоба және облыстың әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019-2022 жылдарға арналған кешенді жоспары бойынша бес жоба кезеңімен жүзеге асырылады.
Жастар саясаты саласында алдағы 5 жылдыққа арналған бес бағыт, 29 индикатордан тұратын SYR JASTARY-2025 жол картасының жобасы жасақталып жатыр.

Келер 5 жылдықта Сыр өңірінде 6 мыңға жуық жас «Жасыл ел» және «Жас құрылысшылар» еңбек жасақтарының қатарында еңбек етеді.  Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына мемлекеттік гранттар мен инвестициялар тартылып, өңірдегі NEET санатындағы жастардың үлесін төмендету көзделіп оытр. Бұл жоспарға облыстық еңбек лагерін ұйымдастыру да қарастырылады.