Қызылордада 5 жылға арналған жаңа бағдарлама дайындалып жатыр

Бағдарламаға облыстағы ең өзекті мәселелер енгізілген. Елді мекендерді газдандыру, инженерлік желілерді жаңғырту, тұрғын үй кешенін, ауыл шаруашылық саласын дамытуға басымдық беріледі.

Мұнай кен орындары, экологиялық ахуал секілді мәселелер назардан тыс қалған жоқ. Бес жылдық бағдарлама аясында осы проблемаларды шешу жолдары қарастырылады. Президент Жолдауында «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы жалғасатыны айтылды. Осыған орай, биыл 8 елді мекенде 52 жоба жүзеге асып жатыр. Оған 5,1 млрд. теңге қаржы бөлінді», — деді Нұрғали Қордабай.

2023 жылға дейінгі облыстың экономикалық даму жоспары бекітіліп, 265 жоба енгізілді.

Даму жоспары экономикалық дағдарыстан шығу, кәсіпкерлікті өрістетуге арналған. Биылдың өзінде 26 миллиард теңге болатын 108 жобаны жүзеге асыру көзделген. 2071 адам жұмыспен қамтылады. Бүгінде 58-і іске қосылды. Осы жобалардың арқасында біз облыстың азық-түлік және азық-түлік емес тауарларының нарығын өңіріміздің тауар өндірушілері арқылы толықтырамыз, — деді Нұрғали Қордабай.

Ауыл шаруашылығы саласында 39, құрылыс материалдарын шығаруға арналған 5, қызмет көрсетуде 2, азық-түлік тауарларын өндіруде 9, азық-түлік емес тауарларын өндіру бағытында 3 жоба іске қосылған.