Оның ішінде аудандағы білім ошақтарының ғимараттарын жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Атап айтар болсақ, мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 9 жоба қарастырылған.
Қазіргі таңда Әйтеке би кентіндегі №226 мектеп-гимназия мен Қазалы қаласындағы «Шағала» лагерінде құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр.
Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев мектеп пен тынығу лагеріндегі құрылыс жұмысының барысымен танысты. Мердігер мекемелер мен тиісті бөлім басшыларына мемлекеттің қаржысына жүргізіліп жатқан нысандар мерзімінде әрі сапалы болуы керегін жеткізді.
Аудан орталығындағы Б.Мергенбаев атындағы №226 гимназия ғимараты 1967 жылы пансионат болып салынған. Мектеп ретінде бейімделген 1996 жылдан бері ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.
«Жол картасы» аясында бөлінген қаржыға «Энергомера» ЖШС ғимараттың есігі мен терезесі, шатыры, жылу жүйесі мен электр желісі толығымен ауыстырып, өрт дабылы қондырғысын орнатты. Ішкі қабырғаларының сылағы да толық аяқталып, сыртқы қабырғаларын жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын қалды. Осы жұмыстардың нәтижесінде мектеп ғимараты жаңа кейіпке еніп келеді.
Ал мемлекеттік бағдарламаның шеңберінде «Шағала» лагерінің екі жатын ғимараты мен асханасы жөндеуден өтіп жатыр. Құрылысшылар ғимараттардың есік-терезелерін, шатыр жабындысын ауыстырып, сыртқы қабырғаларын жөндейді.