40 жылға жетпейтін уақытта жабайы жануарлардың 68%-і жойылып кеткен

Ғалымдар 1970-2016 жылдар аралығын зерттей келе сүтқоректі, құс, балық, рептилия және қосмекенді жануарлардың 4300-ден астам түрінің күрт азайып кеткенін анықтады. СNN сайтының Дүниежүзілік жабайы табиғат қорына сілтеме жасай отырып таратқан ақпараты осылай дейді.

Мамандар экожүйенің бұзылуына байланысты алдағы уақытта жан-жануардың, өсімдік пен жәндіктің миллиондаған түрі мүлдем жойылып тынады деп болжайды.

Қазір қатары ең көп азайған тіршілік иелерінің тізімін тұщы суды мекен ететін жануар-жәндіктер бастап тұр.

Мұндай жағдайдың орнауына ауыл шаруашылық өндірісінің кеңеюі және адамзаттың жабайы табиғатты шамадан тыс пайдалануы басты фактор болса керек.

Ақ аю — жоғалу алдында тұрған жануар. Дереккөз: wikimedia.org

Ғалымдар қоғамның панда, жолбарыс, аю секілді ірі аңдардың жойылуына ғана мән беретінін, ал планета өмірі үшін маңызы үлкен, алайда көзге түсе бермейтін майда жан-жануардың жағдайын ескермейтінін айтып өтті.

£2,3 млн сыйлаған шай туралы трактат

Лондондағы Империя колледжінде жұмыс істейтін математик Мартин Хайрер кеседегі шайды араластырғанда пайда болатын құбылыстар туралы күрделі теңдеулерді шешкені үшін 2,3 миллион фунт стерлинг көлеміндегі Breakthrough Prize жүлдесін алды. Бұл туралы Daily Mail жазады.

Ғалым жазған трактат 180 беттен тұрады және шайды негізге ала отырып «тұрақтылық құрылымы» идеясын күрделі математика теңдеулерімен сипаттайды.

Breakthrough Prize жүлдесі Facebook негізін қалаушы Марк Цукерберг және оның жұбайы Присцилла Чан, Google негізін қалаушы Сергей Брин мен жұбайы Энн Войжицки, қытай миллиардерлері Ма Хуатэн мен Джек Ма және Ресей кәсіпкері Юрий Мильнер қатысуымен тағайындалған болатын.

Пржевальский жылқысы клондалды

АҚШ-та 1980 жылдан бері мұздатқыш камерада сақталған Пржевальский жылқысының гені арқылы Курт атты құлын пайда болды. Бұл жайында жоғалу алдында тұрған жануарлардың генетикасын сақтап, көбейтумен айналысатын Revive & Restore компаниясының сайтында айтылады.

Генді берген жылқы 1975 жылы туып, 1998 жылы өлген болатын.

Пржевальский жылқысы кейінгі 17 жыл ішінде тұңғыш рет сәтті клондалып отыр.

Бұл оқиға жоғалу алдында тұрған жабайы жануарлар генетикасын сақтау мүмкіндігін арттырады. Клондау секілді алдыңғықатарлы репродукция технологиялары жойылған немесе саны аз түрлердің популяциясын қалпына келтіруге көмектеседі, — дейді Revive & Restore атқарушы директоры Райан Фелан.

90-жылдары бар болғаны 12 Пржевальский жылқысы ғана қалған еді. Ғалымдар оларды сақтап қалып, көбейте алды. Қазір әлем бойынша осы 12-ден тараған 2 мыңдай жылқы бар.

Revive&Restore биотехнологиялардың көмегімен алты жануарды қайта қалпына келтіруге тырысуда. Оның арасында 4 000 жылдай бұрын жойылып кеткен түкті зіл де (мамонт) бар.

Вейп пен кеуде ісігінің байланысы анықталды

Daily Mail Йел және Принстон университеттерінің ғалымдары электрон темекіден шығатын бу сүт безі обырының дамуына қолайлы орта қалыптастыратынын дәлелдегені туралы ақпарат таратты.

Мамандар тышқандарға тәжірибе жүргізген: кеміргіштердің бір тобы таза ауада өмір сүрген, екіншісі темекі буы басқан орынға жіберілген. Осыдан соң екі топқа да кеуде обыры жасушалары бар екпе егілген.

Бірнеше аптадан соң екінші топтағы тышқандардың ісігі екі есе жылдам үлкейіп келе жатқаны анықталды. Бұдан бөлек метастазалардың арту қатері жоғарылаған.

NASA Ай бетінен шаң-топырақ таситын компания іздейді

NASA Айдан шаң пен топырақ өндіріп, оны Жерге жеткізетін жеке компаниялармен шартқа отыруға әзір деп жазады The Guardian. Агенттік 50-500 грамм көлеміндегі дүниені 15-25 мың доллардан сатып алмақшы.

NASA директоры Джим Брайденстайнның мәлімдеуінше, Ай материалын жинау Artemis бағдарламасына көмектеспек. Бағдарлама аясында 2024 жылы Ай бетіне адам апаруды жоспарлап отыр.

Айды зерттеген соң, бұл білімді келесі үлкен қадамға – Марсқа аттануға арнаймыз, — деді Брайденстайн.

Мамыр айында NASA мемлекеттер мен компаниялардың ғарыш пен Айда бизнес жүргізу тәртібін реттейтін құқықтық құжат ұсынған еді. Artemis Accords («Артемида келісімі») деп аталатын құжат Айдың тау-кен және барлау жұмыстары жүретін аймақтарында қандай шаралар қолдану керек екенін қамтыған-ды.