Қайрат Келімбетов Президент жарлығымен Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы болды.
«Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Нематұлы Келімбетов ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы болып тағайындалсын, — делінген Ақорданың сайтында жарияланған жарлықта.
Қайрат Келімбетов 1969 жылы Алматыда туған. Әр жылдары Қаржы министрлігінің бірінші вице-министрі, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі, «Қазына» орнықты даму қоры» АҚ басқарма төрағасы, ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, Экономикалық даму және сауда министрі, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы қызметтерін атқарды.
Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 9 қыркүйекте Қазақстанда екі агенттік құру туралы жарлыққа қол қойды. Олар — Стратегиялық жоспарлау және реформалар, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттіктері.