Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың мәліметінше, дер кезінде қабылданған шектеулердің арқасында елдегі коронавирус ахуалы тұрақталды.
Коронавирус инфекциясы мен пневмониясының тәулік өсімі — 0,5%. Инфекцияны жұқтырған адамдардың 94%-і жазылып шықты. Коронавирус инфекциясына байланысты жедел жәрдем шақыру 80% төмендеді, — деді Алексей Цой.
Премьер-министр Асқар Маминнің айтуынша, Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі коронавирус жұқтырғандарды емдеуде зор тәжірибе жинады.
Үкімет тарапынан жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Қабылданған шаралардың нәтижесінде біз еліміз үшін күрделі кезеңді еңсердік және аурудың таралу деңгейін төмендеттік. Бастысы, біздегі денсаулық сақтау жүйесі коронавирус жұқтырғандарды емдеу бойынша зор тәжірибе жинады. Барлық қабылданып жатқан шара күзде пайда болуы мүмкін пандемияның жаңа толқынына және маусымдық ауруларға қарсы күресуге көмектеседі, — деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысы инфекцияның қайта өршуіне жол бермеу үшін қашықтан білім беруді жалғыстыру және демалыс күндері локдаунды сақтау қажет екенін айтты.