Нұргүл Жұматайқызы – Алматыдағы  №133 мектептің мұғалімі. Қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Білім саласында жүргеніне 14 жылдан асты. Нұргүлдің айтуынша, жаңа оқу жылының алғашқы аптасы мұғалімдерге де, оқушыларға да қиын болды. Мектепті сағынып, партада отыруды армандаған баланың қатары көп.

онлайн оқу
Нұргүл Жұматайқызы. Фото жеке архивінен

Жазғы каникулдан келген балаларға биылғы оқу жылын үйде бастау оңай болған жоқ. Пандемияға байланысты қашықтан оқуға көшкенімізбен, ешкім дайын болмады. Мұғалімге де қиын. Оқушыға қай платформамен сабақ өту ыңғайлы екенін білмей жатыр. Біресе Zoom, біресе Whatsapp деді. Енді Sfera, Teams, OnlineMektep, DarynOnline платформасы қосылды. Әрқайсысына жеке логин мен пароль беріледі. Оқушы бағдарламаны телефонына көшіруі керек. Әр платформадағы логин мен паролді есте сақтау қажет. Сол жағынан қиналуы мүмкін. Алдағы аптада нақты бір платформаға көшеміз, — дейді мұғалім.

Қашықтан оқу биыл алғаш мектеп табалдырығын аттаған бірінші класс оқушыларына қиын болды. Нұргүл Жұматайқызының айтуынша, жоғары сынып онлайн оқуға үйреніп кеткенімен, төменгі сыныпқа мұғалім ғана емес, ата-ана да ерекше назар аударып, көмектесуі керек.

Әзірге өз сабағымда оқушыларға негізгі тақырыпты 10-15  минут Zoom-да түсіндіремін. Whatsapp желісі арқылы оқушылармен кері байланыс жасаймын. Үй тапсырмаларын тексеремін. Кашықтан оқу балалар үшін де үйреншікті нәрсе емес. Бұл жағдай бірінші рет болып тұрған соң көп ата-ана қашықтан оқуға карсы болды. Әлі де баланың сабаққа көңіл бөлуіне немкұрайлы карайтын ата-ана бар. Оқуға деген жауапкершілікті сезінбей жүрген оқушылар да кездеседі. Дәл осылай жалғаса берсе, олардың қандай білім, қандай тәрбие алатынын айту қиын. Сыныпта оқушыны көз алдымызда көріп отырып сабақ өткенге жетпейді. Балалар — болашағымыз. Олардың сапалы білім алып, саналы ұрпақтың санын көбейтетін азамат болып өскенін қалаймын. Дүниежүзі пандемиядан аман шығып, бұрынғы қалыпты өмірге қайта оралсақ екен, — дейді Нұргүл Жұматайқызы.

Нұрай Байтұрсын – төрт баланың анасы. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде оқытушы. Екі баласы мектепке барады. «Олардың сабағына жауапкершілікпен қараймын» дейді. Үй тапсырмасын орындағанын қадағалап, өзі де үйде көмектеседі екен.

Көктемде, карантин басталғанда төртінші тоқсанды онлайн оқыдық. Бірден үйреніп кеттік деу қиын. Қашықтан оқуды балалар тұрмақ, біздің өзіміз өмірде көрмегенбіз. Балалар үйде оқығанымен, каникулға шығып кеткендей сезімде жүрді. Содан босаңсу пайда болды. Өз балаларымнан байқағаным, қашықтан оқу кезінде сабаққа деген құлшынысы төмендеді. Кейбір тақырыптарды түсінбей жатты. Төртінші тоқсандағы қателіктерді қайталамауға тырыстық. Ата-ана ретінде баланың білім алуына жағдай жасадық. Онлайн оқуға телефон алып, мобильді интернет қосып бердік. Телефонды кино көріп, ойын ойнау үшін емес, білім алу, үйрену үшін керек екенін балаларға түсіндірдік, — дейді Нұрай Байтұрсын.

онлайн оқу
Нұрай Байтұрсын. Фото жеке архивінен

Нұрай Байтұрсынның айтуынша, қашықтан оқуда түрлі платформаларды пайдалану баланы жан-жақтылыққа үйретті. Өздігінен ізденуге баулыды. Мұғалімнің берген тапсырмасымен, кітаппен ғана шектелмей, басқа да видео сабақтарды қарап, ізденді.

Кез келген дүниенің екі жағы болады. Осы технологияны пайдалана отырып, көптеген мүмкіндікті дұрыс пайдалансақ, болашақта балаларымыз үлкен жетістікке жетеді деп ойлаймын. Дегенмен оқу барысындағы болып жатқан келеңсіздіктерді де айта кетуіміз керек шығар. Интернет мәселесі басты орында тұр. Әлі үмітімізді үзбейміз. «Көш жүре түзеледі» дейді. Қалада қашықтан оқуға кедергі аз болғанымен шалғай ауылдарда бұл үлкен мәселе болып тұр. Интернет мәселесі оң шешімін тапса, балалар да онлайн оқуға қиналмас еді, — дейді ол.

Ақнұр Разхан №7 лицейдің 10-класында оқиды. Мектебі қалада болғанымен, жақын маңдағы ауылда тұрады. Айтуынша, мұнда интернет желісі нашар ұстайды. Кейде сабаққа уақытылы кіре алмай қалады.

онлайн оқу
Ақнұр Разхан. Фото жеке архивінен

1 қыркүйекте Whatsapp желісімен сабақ өттік. Екінші күннен бастап Online Mektep платформасында сабақ болды. Мұғалім тапсырмаларды сол жерде берді. Whatsapp арқылы мұғаліммен кері байланыс жасадық. Үй жұмысын орындап, суретке түсіріп жібердік. Кейде сабақ барысында сынып жұмысын орындап үлгергенше басқа сабақ басталып кетеді. Ондай кезде мұғалімдер түсініп, кешке дейін орындауға рұқсат етеді. Қашықтан оқу барысымен биыл ғана таныстық. Бәрімізге бірден үйренісіп кету қиын болды. Мектепте алған білімнің жөні бөлек. Кластастарымызбен кездесіп, тезірек мектеп партасында отыратын күнге оралсақ екен деп армандаймын, — дейді Ақнұр.