Бәсеке тартысты да қызықты болары анық. Бір орынға 4-тен 18 адамға дейін үміткер тіркелген. Бұл азаматтардың қоғамдық белсенділігі мен елдің саяси өміріне бей-жай қарамайтындығының көрінісі екені айқын, — дейді Nur Otan партиясының хатшысы Әлібек Әлденей.
Nur Otan партиясының хатшысы праймеризді өту барысына қатысты туындаған сауалдар мен сыни пікірлерге жауап берді.
Біріншіден, «Nur Otan праймеризі – партияның жарнамасы үшін жасалып жатыр» деген пікір бар. Мұны жаңсақ пікір дер едім. Бұл – партияішілік демократияның әлемде әбден мойындалып, танылған саяси механизмі. Қазақстанда праймериз жаңаша форматта әрі республика көлемінде тұңғыш рет өтіп жатыр. Біздің басты мақсатымыз – қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік топтың мүддесін қорғайтын, беделді де білікті көшбасшыларды бәсекелі ортада іріктеп, партиялық тізім жасау, — деп атап өтті Әлібек Әлденей.
Оның айтуынша, праймериз – саяси инновация ретінде партияішілік іріктеудің нақты механизміне айналады.
Партия хатшысы «Nur Otan» партиясынан сайланған қазіргі Мәжіліс депутаттары неге праймеризге қатыспайды?» деген сауалға пікір білдірді.
Праймеризге қатысушы үміткерлер Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың партиялық тізіміне ену үшін үш түрлі іріктеуден өтеді. Алдымен, жергілікті жерде тікелей құпия рейтингтік дауыс беру ұйымдастырылады. Содан кейін, аудандық және облыстық конференцияларда сыналады. Барлық жерде дебаттар өтуі міндетті. Бұл – жария саясаттың объектив талаптары. Nur Otan-ның партиялық тізіміне қайта енгісі келетін қазіргі Мәжіліс депутаттары да осындай дебаттарға қатысуға тиіс. Алайда олар тек соңғы кезеңде, яғни облыстық немесе қалалық (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент) конференцияларға қатысады. Бұл – қазіргі Мәжіліс депутаттарында алдыңғы электорал бэкграундтың болуымен байланысты. Дегенмен, олар қалайда праймеризге қатысушы өзге де үміткерлермен қатар бәсекеге түсетін болады, — дейді ол.
Сондай-ақ елімізде дамыған азаматтық қоғам мен ашық пікірталасты жоққа шығаратындармен келіспейтінін атап өтті.
Партия хатшысының пікірінше, праймериз – елімізде қордаланған өзекті мәселелерді жан-жақты талқылауға зор мүмкіндік береді.
Тиімді шешу жолдарын ұсына отырып, біз барлық мәселе жөнінде ашық айтып, талқыға саламыз. Бүгінде праймеризге қатысушы 11 мыңға жуық үміткердің жас ерекшеліктері де, мамандықтары да әртүрлі. Олардың әрқайсысы өзіндік көзқарасы, тәжірибесі мен ұстанымы қалыптасқан азаматтар. Біз алдағы уақытта тәжірибе жүзінде пікірлер плюрализмінің ауқымды бағытын көретін боламыз деген сенімдемін, — дейді Әлібек Әлденей.
Nur Otan партиясының хатшысы партиялық тізімге кіру квотасына қатысты туындаған мәселелерге тоқталып, негізгі Ережеде нақты жауаптар көрсетілгенін тілге тиек етті.
Нақтырақ айтсақ, праймериз жеңімпаздарынан 85% мәслихаттардың, 62% Мәжілістің Nur Otan-ның партиялық тізіміне кіретін болады. Қалған орындар орталық пен аймақтардағы партияның жетекші органдары мақұлдаған кандидаттар арасында квота бойынша бөлінеді. Бұл – бастапқы кезде белгіленген партияішілік шешім.
Партиялық тізімді жасақтауда мұндай квоталар биліктің өкілетті органдарының жұмысындағы сабақтастықты сақтауға бағытталған стратегиялық мәнге ие. Ол бюджеттік үдерістерді сараптай білетін, заң шығару жұмысында тәжірибесі бар, білікті саясаткерлерді тізімге тікелей қосуға мүмкіндік береді, — дейді ол.
Әлібек Әлденей қазақстандық танымал азаматтардың праймеризге қатысуына байланысты «Бұл – «Nur Otan»-ның электорал тартымдылығын арттыру үшін арнайы жоспарланған қадам» деген пікірге жауап берді. Сондай-ақ «саясатта тәжірибесі жоқ, қарапайым азаматтар праймеризге қатысып жатыр» деп сынаушыларды да сөз етті.
Праймеризге қатысушы үміткерлер арасында танымал азаматтар көп емес. Сапалық құрамға келсек, үміткерлердің 72%-і өзін-өзі ұсынғандар. Олардың басым бөлігі – білім және ғылым саласының мамандары (31%), шағын және орта кәсіп иелері (14%), мәдениет пен спорт (8%), қызмет көрсету (7%) және ауылшаруашылығы мен денсаулық сақтау саласының (6%-дан) өкілдері. Сондай-ақ әйелдер – 36,9%, 35 жасқа дейінгі жастар – 29,6%. Үміткерлердің орта жасы – 43. Праймериздің қазақстандық үлгісі барлық үміткер үшін партияішілік іріктеуге қатысуға теңдей мүмкіндік туғызып отыр, — дейді Nur Otan партиясының хатшысы.
Сонымен қатар «Nur Otan партиясы праймеризбен ғана айналысып, ел дамуына кешенді, бағдарламалық деңгейде жұмыс істеп жатқан жоқ» деген пікірге қатысты ойын айтты.
Керісінше, Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауына біз тұңғыш рет әрбір қала, облыс, ауданға қатысты сайлауалды ауқымды бағдарламалармен қатысқалы жатырмыз. Мысалы, онда «ауданда қанша шақырым жол салынады, ауылда қашан жаңа мектеп салынғалы жатыр немесе балалар бақшасы қашан жөндеуден өтеді?» тағы басқа деген нақты шешімдер көрсетіледі. Бүгін, 7 қыркүйекте, праймериз барысында талқылау үшін 216 жоба жарияланды. Талқылаудан кейін олар ұсыныстарды ескере отырып толықтырылады, — деп түйіндейді партия хатшысы.
Әлібек Әлденей алдағы уақытта праймериздің ең қызықты да, тартысқа толы үгіт-насихат кезеңі күтіп тұрғынан атап өтіп, қатысушы азаматтарға сәттілік тіледі.