Дару-дар — халықаралық сыйлық беру сервисі. Бұл сайтта қолданушылар өзіне қажет болмай қалған, бірақ іске жарамды затты өзгеге сыйлай алады. Әр сыйлыққа сипаттама жазылады, хабарландыруда беруші адамның мекенжайы көрсетіледі. Хабарландыру астына затты алғысы келетіндер оның не үшін керек екенін жарыса жазады. Сыйлық беруші комментарий қалдырғандардың ішінен өзіне ұнаған адамды таңдап алып, оған затты тегін жібереді. Заты жеткен адам оны берген кісіге ашық хат жолдап немесе алғыс комментарий жазып жатады.

Қамту аймағы: Қазақстан және шет елдер

Olx.kz арқылы тауарды сатып алуға, тіпті тегін алуға болады. Ол үшін жариялау түймесін басып, дайын форманы толтыру қажет. Бұл сайтта графикаға арналған планшет, ноутбук, диван, массаж қызметі, PlayStation, модем, велосипед, үстел және тағы басқа заттар көп ізделеді. Оған қоса, хабарландыру берушілер мысық, қоян, ит сияқты үй жануарларын да қамқор бола алатын жанға тегін табыстауға асық. Мұндай жағдай көбіне жануар иесінің басқа жаққа көшуіне немесе үй жануарларына қарсы аллергияның пайда болуына байланысты жарияланады.

Қамту аймағы: Қазақстанның бар аймағы

Market.kz порталында да тауарды тегін алып, беруге және айырбастауға болады. Мұнда сайтқа тіркелмей-ақ жариялау мүмкіндігі бар. Мысық пен иттің тегін берілетіні туралы хабарландыру көп. Одан кейінгі кезек тұрмыс заттарында.

Қамту аймағы: Бүкіл Қазақстан

Айтпақшы, мұндай порталдардың қолданушысы зат үшін ақша сұраса да, байқамай «Тегін беру» деп көрсетіп жіберуі мүмкін. Оны да ескеріңіз.

Instagram парақшасындағы түрлі аккаунт арқылы да қажетсіз затты үлестіре аласыз. Солардың бірі — @Almaty_for_free профилі. Хабарландыру беру жолы оңай: аккаунттың дайректіне тегін алатын не беретін заттың немесе келеді-ау деген суретті салып, оған сипаттама бересіз де, жұрт сізбен қалай байланыса алатыны туралы ақпарат қалдырасыз. Жарияланған затты алғысы келетіндер посттың астына комментарий қалдырады. Дүниені кімге беретініңізді хабарландыру иесі шешеді. Аккаунт әкімшілігі мүлдем жарамсыз затты жарияламайды. Бұл аккаунтта сатуға, сатып алуға және айырбастауға болмайтыны туралы шарты бар. Тегін алып, берем десеңіз, мархабат.

Қамту аймағы: Алматы

@Zhetygen_almaty_otdam_darom профилінде ересектер мен балаларға арналған заттарды, азық-түлікті, киімді тегін беріп, алып қана қоймай, арзан бағамен сатуға да болады. Аккаунт көбіне дайректіге келген хаттардың скриншотын жасап, хабарландыру салады. Көбіне заттарды тегін алғысы келетін, қандайда бір затты алуға көмектесуді сұрайтын пост жиі жазылады. Мұндай Instagram профильдері Қазақстанның бірқатар қалаларында бар.

Қамту аймағы: Алматы