Міне, сол күннен бастап Түркістан еліміздегі ірі сәулеттік құрылыс алаңына айналды. Тарихи атауы жанданған облыс орталығы Түркістанға Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы арнайы келді. Сол сапарында әрбір өңір, қала мен алпауыт компанияларға Тұран шаһарына бір-бір жаңа сәулеттік нынан тұрғызуды тапсырған болатын.

Түркістан қаласы
Фото: Мақсат Шағырбаев.

Құл Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен ғұлама есімін иеленген университет қалашығынан өзге жөні түзу сәулеттік ғимараты жоқ көне қала бас-аяғы 1-2 жылдың ішінде ертегінің қаласына айналып шыға келді.

Жаңа Жібек жолы бойындағы ескі шаһар тек облыс орталығы болып қалмайды. Ол Орталық Азиядағы ірі туризм қаласына айналады деп жоспаланып отыр.

Бүгінде өңір басшысы Өмірзақ Шөкеевтің тікелей қадағалауымен Түркістандағы құрылыс компаниялары тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Осы жылдың соңына дейін Түркістанда 15 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек.

Түркістан қаласы
Фото: Мақсат Шағырбаев.

Солардың ішінде Конгресс орталығы, Оқушылар сарайы, стадионның құрылысы аяқталуға жақын. Жиһаздары қойылып, абаттандырылып, газон төселіп жатыр.

Рухани-мәдени орталығындағы 4 нысанның да құрылыс жуық арада ел игілігіне берілмек. Драма театрда бүгінгі таңда сыртқы және ішкі әрлеумен қатар инженерлік желілерді монтаждалуда. Құрылыс жұмыстарына 150 адам жұмылдырылған.

Ал Ұлы дала елі орталығы мен Қожа Ахмет Яссауи мұражайында сыртқы қасбетін қапталып, инженерлік жүйелер тартылып жатыр. Сондай-ақ ішкі әрлеу жұмыстары қолға алынған. Шаһарда бой көтерген тағы бір нынан — ғылыми-әмбебап кітапханасында сыртқы рамалары орнатылып, темір конструкциясы монтаждалып жатыр. Бетондау, витраждар орнату мен ішкі әрлеу жұмыстарына 50-ден астам жұмысшы еңбек етуде.

Түркістан қаласы
Фото: Мақсат Шағырбаев.

Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев те құрылыс басында жауапты басшыларға жұмысты кестеге сай аяқтап, ғимараттарды тездетіп пайдалануға беруді үнемі айтып келеді. Жалпы, Түркістан облысы бойынша құрылыс жұмыстарына 9000-нан астам адам жұмылдырылған. Ірі құрылыс алаңына айналған Түркістанда 4000-нан астам құрылысшы еңбектенуде. Жұмысшылардың барлық еңбек жағдайы мен сақтық шаралары қатаң қадағаланған.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Түр­кістан қаласындағы құрылыс барысы – өңірдегі ең маңызды басым бағыттың бірі екеніне тоқталып өтті. Әкімнің айтуынша, Түркістандағы  құрылыс жұмыстары төрт бағыт бойынша жүргізіліп жатыр.

Түркістан қаласы
Фото: Мақсат Шағырбаев.

Алғашқысы – қаланың айналасына жасыл белдеу қалып­тастырып, ауа райы қолайлы ша­һар­ға айналдыру. Түркістанның жа­сыл белдеуінің жалпы аумағы – 7 700 гектар жер. Сондай-ақ тек облыс орталығы емес, облыс бойынша 2021 жылға дейін 3,5 миллион түп көшет егу жоспарланып отыр. Одан бөлек, Түркістанның азық-түлік белдеуін құру қолға алынған. Бұл белдеу бойынша қаладан 15 шақырым шеңберінде жаңа технологияның көмегімен азық-түлік өндіретін кешендер салынбақ. Агроөнеркәсіп кешені сала­сындағы «Түркістан агро» ин­вес­тициялық жобасы аясында облыста егісті алқапты тамшыла­тып суаруға мүмкіндік беретін машина-трактор стансасы құрылуда. Осы мақсатта АҚШ-тан 18 бірлік суару машинасы және 27 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алыныпты. Өңірде жалпы құны 1,5 миллиард теңгеге жуық ау­қымды жұмыс «Қазагроқаржы» АҚ тарапынан лизинг шарты негізінде несиелендірілген. Жоба аясында «1 200 басқа арналған тауарлы сүт фермасы» жобасы іске асырылады.

Түркістан қаласы
Фото: Мақсат Шағырбаев.

Екінші бағыт — әкімшілік-іскерлік орталық қалыптастыру. Әкім құрылыс жұмысы талапқа сай жүріп жатқанын айтты.

Көне шаһарда республика өңірлері әкімдіктері мен ұлттық компаниялар және бизнес өкілдері тарапынан 26 ны­санның құрылысы жүріп жатыр. Бір сөзбен айтқанда, жаңадан қала салынып жатыр деуге болады, — деді Өмірзақ Шөкеев.

Түркістан қаласы
Фото: Мақсат Шағырбаев.

Жоғарыда айтып өткендей, Түркістан үшін туризм саласының орны бөлек. Себебі, шаһар іргесінен аэропорт салудың өзінен-ақ осы салаға деген тыңғылықты дайындықты аңғаруға болады. Келешекте әлемнің төрт бұрышынан алып кесене мен ескі шаһарды тамашалаушылар ағылатыны сөзсіз. Ендігіде біз сөз еткелі отырған үшінші бағыт – Тұранның туризм саласы.

Түркістан қаласы
Фото: Мақсат Шағырбаев.

Түр­кістан – қазақтың ғана емес, күллі түркі халқының қасиетті орны. Киелі мекен, шырайлы шаһар. Бұл тұрғыда құрылыстың маңызды бір тармағы тарихи-мәдени орталық салуға бағытталған. Өңір басшысы айтқандай, Түркістан туризмінің ерекшелігі – көлік-логистика қызметінің ар­зандығы, қонақүйлер бағасының қол­жетімділігі, құнарлы тағам және сапалы қызмет түрлері­мен ерекшеленбек. Түркістан облысы орталығы атанды деген хабардың өзі туристердің көбірек келуіне түрткі болған.

Түркістан қаласы
Фото: Мақсат Шағырбаев.

Биыл біздің өңір мен облыс орталығына АҚШ-тан, Түркиядан, Еуродан туристер көп келді. Сондай-ақ Өзбекстанның Самарқанд пен Бұқара қаласын көруге келген шетелдіктер мін­детті түрде Түркістанға соғып, ара­лауды мақсат ететінін байқап жүрміз. Себебі Ясауи кесенесі – өз дәуірінен бүгінге жеткен ай­рықша сәулет өнерінің жемісі. Ол дәуірдегі көне ғимараттардың бәрі бірдей бүгінге жеткен жоқ. Келу­шілерді ғимараттың ерек­шелігі мен Қожа Ахмет Ясауиге қатысты аңыз-әңгімелер, та­рих ерекше қызықтырады. Де­мек, Түркістанның туристік әлеуеті болашақта дами түсері анық, — деді облыс әкімі.

Ең алғаш бұрынғы облыс орталығы Шымкенттен бірқатар мемлекеттік мекеме қызметкерлері Түркістан қаласына жұмысқа келген шақта тұрғын үй тапшылығы туындағаны жасырын емес. Осы мәселені терең зерттеп-зерделеген жергілікті билік төртінші бағыт ретінде шаһарда көпқабатты тұрғын үй салу жұмыстарын қолға алды.

Түркістан қаласы
Фото: Мақсат Шағырбаев.

Жыл соңына дейін Түркістан қаласы әкімшілік-іскерлік орта­лығында 2 351 пәтер­лік 52 тұрғын үй пайдалануға бері­леді. Оның ішінде, алдағы қара­ша айында 205 пәтерді құ­рай­тын 7 үйдің құрылысы аяқтал­са, қалған 610 пәтерлік 19 үй жыл соңына дейін берілуге тиіс.

Көне шаһар Түркістан облыс орталығы болып бекітілген уақыттан бері Түркістан нағыз құрылыс алаңына айналды. Жаңадан әкімшілік ғимараттардың, тұрғын үйлердің, жолдар мен саябақтардың құрылысы қарқын алды. Түркістанды дамытуға қыруар қаражат бөлінді. Сөйтіп, облыс орталығында спортты дамытудың алғышарттары жасалынды. Соның бір айғағы – жаңадан салынып жатқан стадион. Былтыр жыл басында басталған стадионның құрылысы таяу күндері аяқталмақ.

Түркістан қаласы
Фото: Мақсат Шағырбаев.

Түркістандағы стадионның құрылысына Asia Sport Construction құрылыс компаниясы жауапты екен. Стадион УЕФА бекіткен талаптарға сай жасақталмақ. Арена құрылысы аяқталған соң «УЕФА-3» сертификатына ие болады. Бұл – стадион халықаралық масштабтағы футбол ойындарын қабылдай алады деген сөз. Оған УЕФА чемпиондар лигасы, Еуропа лигасы сынды ірі жарыстар мен ұлттық құрамалардың ойындары да кіреді. Демек, түркістандық футболсүйер қауым енді халықаралық деңгейдегі ойындарды өз қаласынан көруге мүмкіндік алмақ.

Түркістан қаласы
Фото: Мақсат Шағырбаев.

Стадион 7 мың адамға лайықталып салынып жатыр. Жанкүйерлер ауа райының қолайсыз кезінде де стадионда емін-еркін отыра алады. Фанаттарға арналған секторлар толық жабылған. Стадионның жалпы көлемі 36 500 шаршы метрді құрайды. Оның 15 000 шаршы метр аумағында футбол алаңы, жаттығу орны, жүгіру жолақтары орналасқан. Стадионның басты секторында киім ауыстыру бөлмесінен бөлек жаттығу залы, конференция орталығы, БАҚ өкілдеріне арналған бөлме мен құрметті қонақтарға арналған жай орналасқан.

Ескерту: Суреттер автордың рұқсатынсыз таратылмайды және басқа пайдаланушыларға берілмейді.