Елімізде өкпені жасанды желдету аппаратының өндірісі ашылды

Primeminister.kz сайтының мәліметінше, кәсіпорын пандемия жағдайында өкпені жасанды желдету аппараттарының өндірісін ұйымдастырған.  Бұл аппарат емдеу мекемелерінде жансақтау және қарқынды терапия бөлімдерінде ересектер мен балалардың өкпесін ұзақ уақыт желдетуге арналған.

Өкпені жасанды желдету аппараты Денсаулық сақтау министрлігінің талабына сай келеді және Нұр-Сұлтандағы Көпсалалы жұқпалы аурулар орталығында сәтті сынақтан өтіп, медицина мамандарының оң сараптама қорытындысын алған.

Өкпені жасанды желдету аппаратының өндірісіне Қазақстаннан басқа да қорғаныс саласы кәсіпорындарының технологиялық әлеуеті тартылған. Денсаулық сақтау министрлігінің жөнелтуге рұқсаты бойынша аппараттар биыл қыркүйек-қазан айларында еліміздің барлық өңіріндегі медицина мекемелеріне 1500 дана көлемінде жеткізіледі.

Кәсіпорынның инженерлік-техникалық персоналы  аппараттарды құрастырумен қатар емдеу мекемелеріндегі медицина қызметкерлерінің оқытылуын қамтамасыз етеді. Сонымен бірге 24/7 режимінде техникалық қолдауды жүзеге асырады. Кәсіпорындарға 3 жыл бойы кепілдікті қызмет көрсету мерзімі ұсынылады.

Үкімет басшысы өндіріспен танысып, еліміздің медицина мекемелеріне өнімдерді уақытылы жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырды.

«Қазақстан Аселсан инжиниринг» ЖШС өндірістік алаңын аралауға Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой және Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов қатысты.