Зейнетақы жарнасының бір бөлігін кімдер алады? Министр түсіндірді

Зейнетақы қорынан жинақтардың бір бөлігін кімдер ала алады?

Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, жұмыс істеген, жұмыс істеп жүрген азаматтардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жинаған сомасы жеткілікті шектен асып жатса, қалғанын пайдалана алады.

Президент айтқандай, мақсат бәрін таратып беру емес, сол себепті қажетті бөлігі қалуға тиіс. Одан асқан ақшаны азаматтар өз еркімен жоғарыда айтылған мақсаттарға шексіз пайдалана алады. Болжам бойынша мұндай азаматтардың саны — 530 мың, — деді Еңбек министрі.

Екіншісі — зейнет жасына жеткен азаматтар. Егер Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорында қаражаты болса, соның 50%-ін ала алады.

Мұндай азаматтардың саны 178 мыңнан асады. Оның ішінде құқық қорғау органдарының зейнеткерлері де бар. Бұл жерде бір шарт бар. Азаматтардың осы санатында жиынтық зейнетақы (жасына байланысты зейнетақыны, базалық зейнетақыны және БЖЗҚ-дан төлемдерді қоса алғанда) жоғалған табыс (бұрын алған жалақысы) мөлшерінің кемінде 40%-ын құрауға тиіс, — деді Біржан Нұрымбетов.

Үшіншісі — зейнетақы аннуитетін рәсімдеген және әлі де жинақтары бар азаматтар.

Егер олардың сақтандыру қорына аударғаннан кейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында қаражаты қалса, оны толығымен алуға болады. Елімізде мұндай 13 300 азамат бар. Осылайша барлығы 721 мың Қазақстан азаматы бұл мүмкіндікті пайдалана алады, — деді министр.

Жеткілікті шек деген не, ол қалай есептеледі?

Бұл — зейнетақы шотындағы қажетті ең аз сома. Ол әр азаматтың жасына қарай белгіленеді. Бұл жолы жеткілікті шек әйелдер мен ерлер үшін бірдей белгіленген.

Жеткілікті шек әр жасқа әртүрлі белгіленеді:

30 жастағы азаматтың есепшотында 2 518 000 теңге болуы керек. Азаматтар осы сомадан артық қаражатты қажеттіліктеріне жұмсай алады. 35 жас үшін — 2 961 000 теңге, 40 жас үшін — 3 437 000 теңге, 45 жас үшін — 3 947 000, 50 жас үшін — 4 495 000 теңге, 55 жас үшін — 5 084 000 теңге, 59 және одан үлкен жас үшін — 5 586 000 теңге, — деді Біржан Нұрымбетов.