Құрметті Алматы облысының тұрғындары! Баршаңызды Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!
Осыдан 25 жыл бұрын 1995 жылы 30 тамызда тәуелсіз Қазақстан тарихында маңызды оқиға болып, жалпыхалықтық референдумда Ата Заңымыз қабылданды. Осы ширек ғасыр ішінде Конституциямыз Қазақстанның жаңа кезеңіне жол ашқан, бүгінгі құқықтық жүйенің негізін қалаған берік тірегіміз ретінде орнықты.
Ата Заңымыз адамның өмірі мен бостандығын басты құндылық ретінде қалыптастыра отырып, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін белгілеп берді. Соның нәтижесінде Конституция Қазақстанның демократиялық құқықтық мемлекет ретінде өсіп-өркендеуінің, азаматтық қоғамды дамытудың, Тәуелсіздігіміздің сенімді кепіліне айналды. Басқа елдермен өзара ынтымақтастықта болуға, бейбіт қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік берді.
Ата Заңымыздың арқасында еліміздің қуаты артып, экономиканың барлық салаларында тұрақты дамуға қол жеткізілді. Соның ішінде Алматы облысының да жетістіктері мол. Бүгінгі күні жер әлемді жайлаған індетпен күрес жағдайында туындаған уақытша қиындықтарды жетісулықтар да береке-бірлікпен, еселі еңбекпен еңсеріп келеді. Алдағы уақытта да негізгі заңымыздың талаптары мен ережелерін сақтай отырып, еліміздің әл-ауқатын арттыруға, қоғамдық келісімді одан әрі нығайтуға, Отанымызды құқықтық мемлекет ретінде орнықтыруға атсалысу – әрқайсымыздың парызымыз. Осы жолда баршаңызға еселі еңбек, қажымас қайрат, береке-бірлік, толайым табыс тілеймін. Денсаулықтарыңыз зор, істеріңіз ілгері, шаңырақтарыңыз ырысты болсын!
Конституция күні құтты болсын!