Басты бетҚоғамҚасым-Жомарт Тоқаев...

Қасым-Жомарт Тоқаев жер шетелдіктерге сатылмайтынын тағы айтты

Президенттің айтуынша, 2021 жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы желерді пайдалану мәселесі бойынша Жер кодексінің кейбір нормаларына қатысты енгізілген мораторий күшін жояды.

Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Бірақ Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Аграрлық секторға инвестиция тарту ауадай қажет. Кәсіби мамандардың тапшылығы, сондай-ақ аграрлық ғылымның ойдағыдай дамымауы — бұл саладағы қордаланған мәселелер. Осы бағытта атқарушы билік тарапынан нақты шаралар қабылдануы керек. Технология тұрғысынан ескірген суару жүйесі үлкен кедергі келтіріп отыр. Судың 40%-і далаға кетіп жататын кездері болады. Онсыз да су тапшылығының зардабын тартып отырған еліміз бұған жол бере алмайды. Осы саланың норматив-құқық тұрғысынан реттелуін қамтамасыз етіп, заманауи технологиялар мен инновацияны енгізу үшін экономикалық ынталандыру шараларын әзірлеу қажет, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында.

Айта кетейік, Қазақстан Президенті бұған дейін, 2020 жылдың 10 шілдесінде Үкіметтің кеңейтілген отырысында жер шетелдіктерге сатылмайтынын айтқан еді.