Квазимемлекеттік секторда әкімшілік басқару жұмысымен айналысатын қызметкерлердің санын, пайдасыз шығындарды және басы артық еншілес компанияларды қысқарту жұмыстары жалғасын табуға тиіс, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерін біріктіріп, қаржылық мүмкіндіктері анағұрлым зор даму институтын құруды тапсырды.
«Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерінің роліне арнайы тоқталғым келеді. Бұл компаниялар индустрияландыру және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту ісіне елеулі үлес қосып, бұрын бір-бірінен байланыссыз болған қаржы институттарының қызметін ретке келтірді. Ал қазір біз мүлде жаңа жағдайда тұрмыз. Институтционал құрылымды өзгерту — уақыт талабы. Сондықтан осы екі ұйымды біріктіріп, қаржылық мүмкіндіктері анағұрлым зор даму институтын құрған жөн. Бұл ретте портфель компанияларының саны 2 есе азайып, штат саны 50% қысқаруға тиіс, — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев дүниежүзінде қалыптасқан жаңа ахуалда елге инвестиция тартып, отандық тауарлар мен қызметтерді экспортқа шығару Үкімет үшін ерекше басымдыққа ие болып отырғанын айтты.
Ішкі жалпы өнімнің абстрактілі өсімімен жұртты қуанта алмаймыз. Халыққа тұрақты жұмыс орындары, қолайлы жол, ауруханалар мен мектептер, сапалы азық-түлік керек. Экономика реформалары азаматтардың табысын арттырып, тұрмыс сапасының жоғары стандартын қамтамасыз еткенде ғана өзін өзі ақтап, қолдауға ие болады. Осыны әрдайым есте ұстауымыз қажет, — деді Президент.