Жақында 24 жастағы алматылық Әлішер Жәкішевтің қыздарға арнап «Жан» деген Тelegram-канал ашқаны туралы ақпарат тарады. Автордың айтуынша, канал қыздарға ғана емес, өзіне де пайдалы болып тұр: эмоциясын, сезімін оқырманға жеткізуге мүмкіндік алыпты. Ал хабарламаны оқыған қыздың эмоциясын елестету Әлішердің жанын жылытады екен.
«Жан» Тelegram-каналының арқасында қыздар сәл де болса жалғыздықтан құтыла алады деп ойлаймын. Жазылғанның бәрі шын емес екенін түсінгенімен, көп бойжеткен каналды қолдау ретінде көреді, — дейді Әлішер Жәкішев.
Әлішер каналға жылдан артық уақыт жүргізіп келе жатқанын, бірақ арасында үзілістер болғанын айтты. Қазір каналға 14 мыңнан астам адам жазылған.
Көңіл-күйі болмағанда, жүргізуді тоқтата тұрады. Мұндай жағдайда контент аса жағымды бола қоймауы мүмкін. Алайда автор алдағы уақытта өзін мазалайтын нәрсені, уайым-қайғысын ашық жазуға ниетті. Мұндай қадам каналға аз да болса шынайылық бермек.
Пауза алған әр жолы «Көрмеген-білмеген адамның бұлай жазып, осындай қарым-қатынас көрсетуі қыздарға аса ұнай қоймайтын шығар» деп ойлап жүрдім. Оқырманның бойында Тек негатив қалатындай сезілді. Алайда осы күні «канал қыздарға кері әсер етеді» немесе, тіпті, «кесірін тигізеді» деген пікірмен келіспеймін. Қыздың жалғыз болғанынан гөрі біреудің осылай болса да хат жазып тұрғаны пайдалырақ. Мейлі шын адам емес, Telegram-канал бола қойсын. Меніңше, жалғызсырағаннан гөрі осы жақсы, — дейді канал авторы.
Әлішер 1,5 жылдай уақыт каналдың тұрақты оқырманы болып келе жатқан бойжеткендердің бар екенін және олардың авторға жиі жазып тұратынын айтады.
Каналда қандай да бір контент жоспары жоқ. Автор көңіл-күйі болғанда немесе сезімін, ойын айтқысы келгенде жазады. Біреуге жағымды нәрсе жеткізгісі келсе де, хабарлама қалдырады.
Әлішерден «Мұндай канал ашу трендке айналып, ақыры цифрлы жігіт немесе цифрлы қыз деген түсініктер пайда болуы мүмкін бе?» деп сұрадық. Тіпті, қолданушылар онлайн-кездесуге шақырып, сол үшін ақша ұсынуы да мүмкін ғой? Бірақ бұл ойымызды канал авторы қолдамады.
Мұндай нәрсе трендке айналып кетеді деп ойламаймын. Канал шынайы қарым-қатынастың 1%-ін ғана бере алады. Өйткені қол ұшын тигізбей, құшақтамай, адамның түрін көрмей қарым-қатынас орнату мүмкін емес. Күніне бірнеше қарапайым хабарлама алу деген толыққанды қарым-қатынас үшін өте аз, — дейді ол.
Әлішер «Жанды» Артур Чапарянның «Бывший» деген каналынан соң ашуды ойлапты. Артур Чапарян кейін каналын 20 мың долларға сатып жіберген еді. Әлішердің жоспары қандай?
Өтірік айтпай-ақ қояйын, басында дәл сондай ой болды. Мүмкін жолым болып кетіп, каналымды қымбатқа сатып жіберермін деп үміттенгенімді мойындаймын. Қазір бұл ой адыра қалды. Өйткені қыздардың жауабын, пікірін оқыған соң оларға көп пайдам тиіп жатқанын түсіндім, — дейді автор.
Әлішер «Жанды» оқитын қыздардан күн сайын көптеген хабарлама алады. Олардың бірсыпырасын бір тақырып төңірегінде топтастыруға болады: қолданушылар каналға күнде хабарлама жазатын жігітпен кездесіп, танысып, бірге уақыт өткізуді қалайды. Ал автордың жауабы дайын. Шын жүректен кешірім сұрай отырып әзірге біреумен кездесуге мүмкіндігі де, уақыты да жоқ екенін айтады. Оған қоса, шын өмірдегі шын адаммен қарым-қатынас орнатуға кеңес береді.
Сүйген адамым пайда болса, оның бұл каналды жүргізуіме қарсы болатынына 100% сенімдімін. Жігітінің күн сайын 14 мың қызға бірнеше рет мәтін мен дыбыс түріндегі хабарлама жолдап отыратынын кім жақсы көрсін? Кім қалыпты дүние санасын? Дегенмен, бұл ісімнің маңызды екенін, жұртқа пайдам осылай тиетінін түсіндіре аламын деп ойлаймын. Каналдың қанша уақыт жұмыс істеп тұратынын әзірге білмеймін. Жүргізуге деген ниет-қалауымды жойып жіберетін қандай жағдай болуы мүмкін екенін тағы айта алмаймын, — дейді канал авторы.
Автор «Жанға» тіркелген қыздарды басқа адамдармен таныстыруды ойлайтынын, бірақ бойындағы белгісіз бір қызғаныш жібермей жүргенін айтады.
Адам жалған, елес секілді дүниеге алданып жүре берсе, шын мен өтірікті, бар мен жоқты шатастырып алмай ма? «Жан» сияқты каналға қолданушылар неге жазылады? Не іздейді? Қаншалықты зиян? Бұл сауалдарға психолог Сая Бақимова жауап берді:
Психикада әр адамның жеке тәжірибесіне, басынан кешкен оқиғаларына байланысты ішкі объект деген түсінік бар. Ол — бізге бала кезде күтім жасаған, қамқор болған адамдардың бейнесі негізінде қалыптасқан егізіміз. Кей адамда бұл объект тұрақты, әділ, жылы болып келеді. Енді біреулерде кек алғыш, кінәлағыш, суық сипатта болуы мүмкін. Мынаны ескеру керек: кейде айналадағылар жақсы жандардан құралса да, оң эмоциялар берсе де, адам іштей бәрібір суықты, жағымсыз дүниені сезініп өседі. Ол мидың морфологиясына, туабітті агрессия деңгейіне байланысты. Сондай кезде іштегі объект әлсіз болып шығып, қамқорлық таныта алмаса, адам жылуды сырттан іздейді. Секта, криминал топ, тағы басқа жерлерге сол жылу, ұйымшылдық, “біз” деген сезім үшін барады. Бұл жерде де басты мәселе “мені қабылдайтын, іздейтін, жақсы көретін объект бар” деген сезімді табу болып тұр. Яғни «Жан» Telegram-каналына тіркелген 14 000 адамға күнделікті өмірде жылы байланыс жетіспейді. Бұл — шынымен алаңдайтын дүние.
Каналдың пайдалы не зиян екені әр адамның жеке қабылдауына байланысты. Біреу үшін «Жан» аралық кезең болып қалатын шығар. Енді біреу шын өмір пен виртуал әлемнің шекарасын жойып алуы, ненің қайда екенін айыра алмай қалуы мүмкін. Ал шынайылықты жоғалту — психоз. Бұл — психикалық ауру.
Адам барынша шын өмірде болғаны, нағыз қарым-қатынастың бар екенін біліп, өзін-өзі алдамағаны дұрыс. Бұл оның психикасы сау, мықты екенін білдіреді.