Басты бетҚоғамӘлібек Әлденей:...

Әлібек Әлденей: Праймериз кезінде әкімшілік және өзге де араласуға жол бермейтін тетіктер жасалды

Партия хатшысы алдымен парламент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу ықтималдығы туралы түрлі «болжамға» қатысты түсінік берді.

Былтырғы тамызда Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «сайлау конституциялық мерзімде өтетінін» нақты атап өткен. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес (85-бап, 2-т.) кезекті сайлауды Республика Президентi Мәжiлiс депутаттары өкiлеттiгi мерзiмiнiң бiтуiнен кемiнде 5 ай бұрын белгілейді және ол 2 айдан кешiктiрілмей өткiзiледi, — деді Әлібек Әлденей.

Оның мәлімдеуінше, алтыншы шақырылымның өкілеттілік мерзімі 2021 жылдың наурызында аяқталады.

Қазіргі уақытта 10 мыңнан астам қазақстандық праймеризге қатысуға тілек білдіріп, тиісті өтініштерін тапсырды. Еліміз бойынша Nur Otan-ның партиялық тізімдеріне 1 орынға 4 адамнан келетін орташа коэффициент бар. Ал қатысуға ұсыну кезеңі 28 тамызда аяқталады. Барлық қажет ақпарат primaries.kz веб-порталында орналастырылған.

Әлеуметтік желілерде Nur Otan партиясы праймеризінің қаржыландыру көздері туралы да сауал жиі кездеседі. Бұл шара мемлекеттік бюджет есебінен өткізіліп жатқаны жайлы да пікір айтылып жүр.

Праймериз – партияішілік сайлау. Осыған орай, ұйымдастыру шығындары партияның өз қаржысы, соның ішінде мүшелік жарна есебінен жабылады. Өз кезегінде үміткерлердің үгіт-насихат науқаны тек олардың өз есебінен жүргізіледі, — деді Әлібек Әлденей.

Партия хатшысы қоғамда праймериз процедураларының ашықтығы мен әділдігіне қатысты да түсінік берді. Оның айтуынша, партияішілік сайлау «құпия дауыс беру» принципімен жүзеге асады.

Праймериз – партиямызды «жандандыру» бағдарламасы бағыттарының бірі. Біз партияішілік сайлаудың ашық және бәсекелестік негізде, барлық қатысушыға тең мүмкіндік беріліп, ереженің қатаң сақтала отырып өткеніне мүдделіміз. Партиялық тізімдерге шынайы қоғамдық қолдауға ие әрі қажет кәсіби біліктілігі бар азаматтардың кіргені маңызды.  Әкімшілік және өзге де араласу ықтималдығына жол бермейтін тетіктер жасалған. «Праймериз» ақпараттық жүйесі онлайн форматта «құпия дауыс беру» принципін қамтамасыз етеді, — деді ол.

Ереже бұзылғаны немесе фальсификация анықталған жағдайда, тіпті дауыс беру нәтижесін жоққа шығаруға дейінгі тиісті шаралар қабылданады. Бұл өкілеттілік барлық аймақта өзінің жергілікті комиссиялары бар Партиялық бақылау комитетінің құзырында. Сонымен қатар сырттай Nur Otan жақтастары Лигасы бақылау жасайды.

Партия – ең алдымен, ортақ мақсаттар мен міндеттердің, құндылықтар мен жауапкершіліктің маңында біріккен адамдар. Партияның орталықтағы және өңірлердегі сайлауалды бағдарламаларына олардың осы идеялары, көзқарастары мен жобалары өзек болады. Пропорционал сайлау жүйесі аясында азаматтарды да, идеяларды да бәсекелестік негізде партия ішінде іріктеудің барынша тиімді тетігі, тиісінше, осы праймериз. Біз жергілікті жердегі сайлаушылар жақсы білетін және сенім артып өз дауысын беретін нақты өкілдердің тізімін қалыптастырамыз, яғни бұлар – сайлауалды уәдесін іске асыруға жауапты көшбасшылар, — деді Әлібек Әлденей.

Бұның барлығы «қайта жандандыру» бағдарламасы шеңберінде көзделген «Мықты лидерлер – Мықты партия» тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған.

Әлеуметтік желілердің кейбір қолданушылары «Егер Nur Otan праймеризіне тек партия мүшелері қатысатын болса, онда Қазақстанның өзге азаматтарына олардан не пайда келеді?» дейтін сауал қойған. Әлібек Әлденей осыған қатысты да жауап беріп, қазақстандықтарды праймеризге қатысуға шақырды.

Партия нақты «әлеуметтік лифтті», саяси амбицияларды, идеялар мен жобаларды жүзеге асыру үшін мүмкіндік ұсынады. Кез келген адам өзінің саяси көзқарасына, мүддесі мен қалауына байланысты саяси ұйымды таңдауға құқылы, — деді ол.