— Қарақат, Junior Eurovision байқауына дайындығың қалай?
— «Балалар Евровидениесі» іріктеуі туралы шараның бітуіне 2 күн қалғанда ғана білдім. Бұл конкурсқа 2018 жылы да қатыстым, бірақ өте алмай қалған едім. Биыл Димаш Құдайбергеннің қарындасы Раушан Құдайберген «дауысың жақсы ғой, қатысып көрші» деп хабарласты. Содан соң Stone cold әніне дайындалдым. Оған 1 минуттық cover түсіріп, әпкем екеуіміз байқауға қатысуға өтініш бердік. 684 баланың ішінен 30 бала бірінші кезеңнен өтті, оның ішінде өзім де бармын. Алдағы уақытта 12 бала көрермен дауысымен келесі кезеңге шығады. Содан кейін қазылар алқасы бір қатысушыны Қазақстанның атынан байқауға жібереді. Басты шара 29 қараша күні Польша астанасы Варшавада өтеді.
— «Балалар Евровидениесі» туралы не білесің?
— Биыл Junior Eurovision-ға 13 мемлекет, әр елден бір үміткер қатысады. Бұл — ән байқауы. Бір қарағанда, композиторлар конкурсы деуге де келеді. Өйткені композиторлар балаға ән жазады, ал әнші сол шығарманы орындап шығады. Кейде әннің, кейде әншінің бағы жанады.
— Байқау шарты бойынша қатысушыларға сайт арқылы дауыс беру керек. Ұлттық іріктеу финалистерін бұлай іріктеп алу қаншалықты дұрыс деп ойлайсың?
— Мұндай бағалау тиімді сияқты, өйткені халық бірінші видеоны көреді. Мұндағы әр дауыс шынымен халықтікі. 12 қатысушының келесі кезеңге өтуін тек жюри емес, көрермен де шешеді. Бірақ 30 баланың бәрі шетінен танымал. Біреуі телевизияда жүр, кейбірі — белгілі әншілердің шәкірті. Өзін танытып үлгерген балалармен бір байқауға қатысу жағы ғана қиын, әйтпесе бәрі жақсы.
— Іріктеуде Stone cold әнін орындапсың. Неге бұл әнді таңдадың, мағынасын түсіндің бе?
— Stone cold — кейінгі жаттаған әндерімнің бірі. Бізге кең диапазонды көрсететін шығарма орындау керек болды. Ал бұл ән дәл осы талапқа сай келеді. Мағынасы көңілімнен шықпаса да, мелодиясы өте әдемі, әсерлі. Өзіме лирика әндері ұнайды. Шығарма табиғатыма жақын болған соң жақсылап орындап шығатыныма сенімді болдым. Осы әнді орындағанымның арқасында 30 үміткердің қатарына қосылдым деп ойлаймын.
— Музыкаға қабілетіңді алғаш кім байқады? Басқа мамандық туралы ойлап көрдің бе?
— Музыканы таңдауыма әкем себепкер болды. Ол кісі «МұзАрт» тобының, Мейрамбек Бесбаевтың әндерін көп тыңдататын. Әкем 1 жасымнан бастап мені видеоға көп түсірген. Сол кішкентай кездегі видеолар әкемнің телефонында әлі бар. Өзімді басқа маман ретінде елестетіп көрмеппін. Өйткені қолымнан келетіні — тек музыка.
— Музыка мектебінде оқисың, мұнда түсуді не үшін мақсат еттің?
— Музыка мектебіне бірден түсу қиын болды. Өйткені үшінші емтиханда музыка аспабында ойнау керек екен. Алғашқы жылы тапсырғанымда ешқандай нота білмедім, аспапта да ойнай алмадым. Бірақ ән айтқанда ритмді қалай ұстайтынымды, есту қабілетімді тексеріп көрді. Содан кейін оқи алады деп үміткерлер қатарына қосты, бірақ оқуға қабылдаған жоқ. Келесі жылы қайта дайындалып, тапсырып көрдім. Сол жолы түсіп кеттім. Бірақ қазақ класында орын болмай, орыс класына жіберді. Скрипка класында білім аламын, ал фортепиано — міндетті аспап.
Алғаш рет фортепианоға барғанда аспапты білмей, біраз қиналдым. Кейіннен Татьяна Валерьевна есімді ұстазымнан сабақ алдым. Ол маған бүкіл нотаны үйретті. Қазір ноталарды жақсы білемін.