Қытай соты Ақжарқын Тұрлыбайдың үкімін өзгеріссіз қалдырды

Адвокат Ақжарқынның өмір бойына бас бостандығынан айырылғанын еске салды.

2019 жылдың 27 желтоқсанында Гуанчжоу сотында Ақжарқынға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім жарияланды. Қорғаушы тарап сот үкіміне шағым жасады. Бірақ апелляция соты үкімін өзгеріссіз қалдырды, — деді заңгер.

Сонымен қатар ол Ақжарқын Тұрлыбайдың Қазақстан колониясына жеткізілуі мүмкін екенін айтты.

Қазіргі таңда Ақжарқын Тұрлыбайдың отбасы Ақжарқынды Қазақстанға жеткізу мәселесін қарастырып жатыр, оған Ақжарқынның өзінің келісімі қажет. Ақжарқынның Қазақстанға жеткізілуінің нақты мерзімі белгісіз, оның тезірек жеткізілуі — біздің мүддеміз, — деді адвокат.

Еске салайық, қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы Гуанжоу әуежайында ұсталған еді. Кейін оны өмір бойына бас бостандығынан айырған болатын. Бірақ біраз уақыттан кейін сот үкімі жойылып, іс қайта қарауға жолданды.