Атлант мұхитындағы қоқыс біз ойлағаннан 10 есе артық болып шықты
Nature Communications журналында жарияланған Ұлыбританияның Ұлттық мұхиттану орталығы зерттеуіне сенсек, Атлант мұхитының жоғарғы қабаттарында, яғни 200 метрге дейін тереңдікте 12-21 миллион тонна пластик қоқыс жүзіп жүр.
Бұл өткен көрсеткіштерге қарағанда 10 есе артық. Зерттеу авторларының бірі Екатерина Поборцева осыған дейін ғалымдар судың терең жерлеріне барып, микропластиктің «көзге көрінбейтін» бөлшектерін іздемеген болатын дейді.
«Британия жағалауынан бастап Фолкленд аралдарына дейінгі аралықты, яғни бүкіл Атлантиканы бірінші рет осылай зерттеп, өлшеп отырмыз», — деді ол.
Жыл сайын әлем бойынша қоқыс орындары мен ақпасуларға 300 миллион тоннадай пластик тасталады. Оның көбін топырақтағы микробтар шірітіп үлгермейді, сондықтан пластик ондаған, тіпті жүздеген жыл бойы бұзылмаған күйі әлем мұхиттарына барып түседі.
Интернет жылдамдығы бойынша әлем рекорды жаңарды
Xtera және KDDI Research компаниялары мен University College London инженерлері секундына 178 террабитке жететін Интернет жылдамдығын көрсетіп, адамзат рекордын жаңартты. Бұл туралы New Atlas жазды.
Мұндай жылдамдықпен Netflix платформасындағы бүкіл видеоны бар болғаны… 1 секундта жүктеп алуға болады.
Көрсеткішке қол жеткізу үшін ғалымдар 16,9 ТГц жиілікпен сигнал беруге шамасы жететін жаңа технологияны қолданған. Соның арқасында оптика-талшықты кабельдің өткізу мүмкіндігі әжептеуір артқан екен.
Алайда мамандар қазіргі жаппай қолданысқа енген кабельдер арқылы да жоғары жылдамдық көрсетуге болады дейді. Ол үшін әр 100 шақырым сайын күшейтетін құрылғы орнату керек.
Қазіргі уақытта әлем бойынша қарапайым қолданушылар пайдаланатын ең жоғарғы Интернет жылдамдығы секундына 10 Гигабитті құрайды.
Жоғалды саналған жануар табылды
Баяғыда жоғалып кетті деп саналатын кішкентай сүтқоректілер тобы Шығыс Африкадан қайта табылды деп жазады New Atlas. Сомалилік сэнгиді 40 жыл бойы ешкім көрмеген еді. Жақында Global Wildlife Conservation ұйымының зерттеушілері бұл аңды суретке, видеоға түсіріп алды.
Сэнги – ұзын мұрны бар, жәндік аулап жейтін, тышқанға ұқсайтын, бірақ піл және ламантинмен туысатын кішкентай сүтқоректі.
Сэнги жайлы соңғы дерек 1968 жылы жазылған. Содан бері ғалымдар оны мұражайларда қалған бірді-екілі сүйек-саяқ бойынша зерттеп келген еді.
Ғалымдардың айтуынша, бұл мақұлықтарды жоғалу алдында тұр деуге келмейді. Джибути, Сомали және Эфиопия аумағында біршама сэнги бар деп саналып отыр.
Әлем бойынша жүкті әйелдер саны күрт артып отыр
APnews хабарлауынша, коронавирус пандемиясына байланысты әлемде жоспарланбаған жүктілік саны күрт артып келеді екен. Мәселен, Біріккен Ұлттар Ұйымының Халық қоныстану қоры 7 миллиондай жоспарланбаған жүктілік туралы хабарлама жариялаған. Оған себеп – бала көтермеуге мүмкіндік беретін дәрі-құралдардың және медициналық қызметтердің карантин кезіндегі қолжетімсіздігі.
Сарапшылардың болжауынша, әлем бойынша 1,5 миллиондай қатерлі аборт жасалып, 3 мыңнан астам әйел босану кезінде қайтыс болады.
БҰҰ-дан бөлек Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да отбасын жоспарлау және контрацепция шараларын жүзеге асыру жоспарының 70-ке жуық мемлекетте бұзылғанын мәлімдеді.
Зебраның терісі неге жолақ?
Бристоль университетіндегі Биология ғылымдары мектебінің профессоры Тим Каро зебра терісі не себепті жолақ болып келеді деп көптен бері ізденіп келеді. Бұған дейін ғалым жолақтар жыртқыштан қорғайды, ағзаны салқындатады немесе жануарларға бір-бірімен байланыста болуға көмектеседі деген түрлі болжамды теріске шығарған болатын.
Тим Каро командасы жариялаған соңғы зерттеу бұл құпияның сыры анықталғандай болды деп жазады Phys.org.
Жарым-жартылай расталған ескі теориялардың бірі зебра жолақтары қансорғыш сонадан құтылу үшін керек дейтін. Ал жаңа теория бойынша, мұндай тері зиянкес жәндікті қуаламайды, тек оның денеге келіп қонуына бөгет болады екен. Басқаша айтқанда, қатар-қатар келген ақ-қара жолақтардың «кесірінен» сона шатасып, дер кезінде жылдамдығын баяулатып үлгермейді. Сондықтан не теріге мүлдем қонбайды, не зебраға соғылып, ұшып кетуге мәжбүр болады.
«Апертура әсері деген оптика иллюзиясы, көз алдау бар. Оны, мысалы, барбершоптардан көруге болады. Апертура әсері бойынша бізге түрлі-түсті жолақтар жоғары жылжып бара жатқан сияқты көрінеді, шын мәнін конструкция бір орында жәй ғана айналып тұрады. Шыбын зебраға қонарда, терінің қаншалықты алыс әлде жақын тұрғанына байланысты жылдамдығын өзгертеді. Алайда ақ-қара жолақтар апертура әсерін тудырады, яғни жәндік зебраның қандай қашықтықта тұрғанын білмегендіктен, барып соғылады не тимей ұшып кетеді», — дейді ғалымдар.