Менің бақылауымша, Қазақстандағы SARS-CoV-2 вирусына қатысты жағдай тұрақталды. Біз мұның қандай вирус екенін, қандай белгі беретінін түсіндік. Яғни нақты диагноз қоя аламыз. Ең бастысы, тек ПТР (полимеразды тізбекті реакция — зертханалық диагностика әдісі — ред.) нәтижесіне байланып отырған жоқпыз. Белгілі бір уақытқа дейін осы жайт жағдайды күрделендіріп келді. Басқаша айтқанда, ПТР бойынша бойынан вирустың РНҚ-сы табылған адам ғана ресми түрде ауырған болып есептелді. Ал табылмаса, вирус жұқтырмаған саналды. Сәйкесінше, кәдімгі стандарттармен емделді. Неге адам өлімі көп болды? Себебі ПТР нәтижесі вирус РНҚ-сы жоқ деп көрсеткен, бірақ өкпесі қабынып тұрған адамды кәдімгі пневмониядан емдеді. Алайда COVID-19 солайымен бөлек емді қажет ететін мүлдем басқа дүние болғандықтан, науқастар қайтыс болып жатты. Менің ойым – осы. Оның үстіне, мен ғана мұндай пікірде емеспін.

Қазір жағдай басқа. ПТР арқылы табылмаған пневмония мен ПТР-де расталған диагнозды біріктіру туралы бұйрық 15 шілдеде шықты. Сонымен қатар бұл құжатқа дейін де дәрігерлер ресми хаттамаға қарайламай, клиникаға, яғни аурудың белгілеріне қарап емдеу шараларын жүргізді деп үміттенемін.

Қорқынышқа айналған аурудың қандай екенін білдік, табиғатын түсіндік, не істеу керек екенін білдік. Артынша осы әңгіменің айналасындағы үрей де басылды. Бірінші күннен байқап, айтып, жеткізуге тырысқан дүнием бар: ағзадағы бұл ауру тудырған қандай да бір физиология ауытқуларын 5% деп алсақ, қалған 95% зардап осы үреймен байланысты болды. Мәселен, тыныс алуды айтайық. Қазір аяқ асты жақын маңда қатты жарылыс болса немесе басыңызға біреу мылтық тақаса, қатты қорыққаннан дем алуды ұмытып қаласыз.

Ауырған адамның түр-әлпетіне қарап, туған-туысы жағдай күрделі екен деп ойлайды. Алайда аурудың қаншалықты өршігенін дәрігер дәл анықтауға тиіс. Оттегі жетіспегендіктен қиналып тұрған ағзаны, мәселен, мұрын мен ерін айналасынан, тырнақтан білуге болады. Ал қысымның өзгеруі, жүрек қағысының жиілеуі үрей, сезім, қорқынышқа байланысты да туындауы мүмкін. Ең бастысы, медицина қызметкері салқынқанды болып, науқастың жағдайына бейтарап қарай білу керек. Тыныс алуы ушығып кеткен адамды дереу зерттеп, емді бастап кету үшін пульмонология маманы болу міндетті емес.

Біздегі жағдайдың жақсаруына ықпал еткен басты дүниенің бірі – халық үрейінің басылғаны. Ел дәрі-дәрмекті жаппай сатып алып, келсін-келмесін қабылдай беруді азайтты. Көбіміз бір ауырып тұрдық. Диагностика, зерттеу, емдеу бойынша да жағдай реттеліп келеді.

***

Телефоныма тыным жоқ. Хабарласқан бір адамның артында бірнеше жаннан тұратын отбасы бар. Біреулер сауығып келеді, енді біреулер ауырып жатыр. Вирус белгілері байқалғанда оқшауланып, бөлек шығып кететіндер бар. Туған-туысыма зияным тимесін деп пәтер де жалдайды. Бұл ыңғайсыз ғой. Ыңғайсыз екенін қойшы, қаржы тұрғысынан қиын. Ауру күйзелісіне экономикалық стресс қосылады. Материалдық жағдай нашарлайды. «Бопты, қазір бірдеңе қылып ақша таптым, кейін қайтемін? Ертеңгі күн не болады?» деп уайымдайды. Оның үстіне карантин кезінде көп мекеме жабылып қалды. Сондықтан мұндай адамдарға «ауру белгілері байқалмай тұрып-ақ бойыңызда вирус болды. Жұқтырсаңыз, баяғыда жұқтырдыңыз. Оқшаулануда мән жоқ, отбасымен бірге болып, артық ақша құртпаңыз» деймін.

***

Айна Бакеева
Айна Бакеева. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Ауырдым деген кей адамға көңіл бөліп, элементар шаралар қабылдау жеткілікті.

Жиырма жылдай бұрын жедел жәрдем қызметінде жүргенімде басымнан өткен бір оқиға бар. Ол кезде тәулік бойы істейтін дәріхана жоқтың қасы. Тәулігіне бір рет берілетін дәрі-дәрмегіміз таңға жақын таусылады. Өстіп жүргенде ауруға шұғыл шақырылдық. Таңғы алты, сөмкемде физиологиялық ерітінді мен бұл жағдайға келмейтін медикаменттен басқа ештеңе жоқ.

Келдік. Үлкен кісі, қысым 230 деңгейінде. Сосын әлгі физиологиялық ерітіндіні алып, жәйлап сала бастадым. Терең дем алыңыз, мұнда қараңыз деп қамқорлық танытып, сабырға шақырып жатырмын. Тыныс алу тұрақталған соң жүрек қағысы да сирейді, сәйкесінше қысым төмендейді. Пациент те тынышталады. Ерітіндіні құйып жатып, не болғанын сұраймын. Келінімен ұрсысып қалғанын, ұлының елемейтінін айтады. Көңіл-күйін түсініп, әңгімесіне қосыла кеттім. Туыстарын бірге талқыладық. Арасында мұндай денсаулықпен қалай күтіну керек екенін айтып қоямын. Ақыры қалпына келді.

Ең қызығы, ол кісі бірнеше күннен кейін мені іздеп келіпті. Дәрінің атауын сұрады. «Не үшін керек?». «Сіз салып кеткен соң қысымым көтерілген жоқ, бәрі дұрысталды» дейді. Яғни іші пысқан. Өткендегі ғажап сәтті, аяқ асты емделіп кеткенін тағы бір рет бастан өткергісі, сезінгісі келеді. Мен мұндай дәрінің аса қымбат әрі тапшы екенін, адамға өмірде бір-ақ рет салынатынын айттым. Қысымы біржолата қалпына келгенін жеткіздім.

* * *

Кейде алдыма келген жанның жай ғана демалуды қажет ететінін байқаймын. Бірақ көп адам, әсіресе, үлкендер жәй демалуды ерігу, өзімшілдік, қарақан басын ойлау деп қабылдайды. Тек ауыру арқылы ғана бір сәт дамылдауға өзіне мүмкіндік береді. «Жай жатқан жоқпын, ауырып жатырмын ғой» деп ақтала бастайды. Сондықтан демалуға себеп беру үшін зиян тигізбейтін, ағзаға көмектесетін дәрі жазып беремін.

* * *

Халықтың мына коронавирусқа байланысты жағдайда үрейге беріліп, күйгелектеніп кеткені – қалыпты жағдай. Түсінуге болады. Бәрі жылдам өрбіді, тез өзгерді. Өлім көп. Науқас бүгін бар, ертең жоқ. Кей отбасы екі-үш адамынан айрылып қалып жатты.

Оған қоса «ауруды тікұшақпен таратып жүр екен» деген секілді жалған әңгіме, қауесет таратқандар отқа май құйды. Қазір, міне, «сумен жұқтырады екен» дейтіндер шықты. Мұны қандай мақсатпен, не үшін жасайтындарын білмеймін. Бірақ жалған ақпарат мәселесін шешу керек. Оны тарататын адамдарды тауып, қылмыстық жауапкершілікке тарту қажет. Цензура дәл осы жағдайда жұмыс істеуге тиіс. Себебі мұндай дүние халыққа әсер етеді, үрейді өршітеді. Осы күні қорқыныш, алаң көңіл, күйгелектікті көп маман коронавирус симптомдарының қатарына кіргізіп отыр. Сондықтан шара қолданбаса, болмайды. Айтарың бар ма, ашық айт. Мен, мысалы, мәлімдеме жасадым. Өз еркіммен. Жасырып-жапқан жоқпын. Әр сөзімнің жауапкершілігін жақсы түсіндім. Бірақ шет қала алмадым. Жағдайды көріп, біліп отыру, алайда қолыңнан ештеңе келмейтінін түсіну өте ауыр тиді.

Айна Бакеева
Айна Бакеева. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Мен бақылаған науқастардың бәрінің бойында коронавирусқа деген антиденелер анықталды. Бір ай бұрын «Астана-Донор» өкілдерімен тікелей эфир жүргізген едім. Одан бөлек Ресейдің бас ковидологы, Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры Симон Матскеплишвилидің айтқанын тыңдадым. Бұл мамандар «коронавирус» тобына кіретін патогендерге қарсы адам иммунитеті бір қалыптасса, тұрақты болатынын, өзгере бермейтінін, антиденелердің кем дегенде бес жыл сақталатынын айтады. Яғни нақты SARS-CoV-2 емес, оның туыстары – осы уақытқа дейін адамзатқа белгілі, жұқтырылған, емделген коронавирустар бойынша осындай болжам айтуға болады.

Антиденелердің бар-жоқтығын анықтайтын тексеруден өтуге мүмкіндігіңіз болмаса да, уайымдамаңыз, олар бәрібір пайда болады.

* * *

Антидене (иммуноглобулин) тексеруінен өткендер «Менде 11-ақ титр, әріптесімде 140 титр, неге олай, менде неге аз?» деп түсінбей жатады. Оның мәні мынада. Антиденелердің көлемі, титр көрсеткіші сіздің қандай кезеңде анализ тапсырғаныңызға, иммун жауабының қандай болғанына байланысты. Вирус ағзаға көп түссе, иммуноглобулин деңгейі де жоғары болады. Ал жаныңызда тұрған біреу жай түшкіріп қалса, нәтижесінде қатты ауырмасаңыз, тек аз көлемдегі вируспен күрессеңіз, ағза да антиденелерді аз шығарады.

Осы ретте М және G иммуноглобулиндері жайлы айта кету керек. М иммуноглобулині қанда шамамен бір айдай уақыт болады. Ағзаны толық тексеріп, қауіптің жоқ екеніне көз жеткізген соң көлемі азая бастайды. Ал G иммуноглобулині кейінірек пайда болады және негізінен қанда емес, тінде сақталады. Сондықтан қан анализінде көріне бермеуі мүмкін.

Мұны мен пациенттерге әдетте былай түсіндіремін. Қалаға банды шабуыл жасады деп елестетіңіз. Қорғану үшін арнайы жасақ құрылып, рейд жасайды. Арнайы жасақ – М иммуноглобулині. Яғни ағзада (қалада) жүрген вирусты (банды) іздеп, тауып, көзін жоя бастайды. Бұл антидене бүкіл вирус анықталмайынша тыныштық таппайды. Ал іс бітіп, банды мүшелерінің фотосы, саусақ таңбасы алынып, толық профайл дайын болған соң арнайы жасақ ол деректі учаскелік полицейге береді. Учаскелік полицей – G иммуноглобулині. Ол банды жайлы елге ескертіп, көрген-білген болса, хабарласаңыз деп ақпарат таратып, жалпы сақтықты ұйымдастырады.

* * *

Коронавирустың кесірінен ауырған адамдарға ең болмаса бір рет жалпы қан анализін және коагулограмма тапсыруға кеңес беремін. Себебі бұл вирус жағдайында қанға көңіл бөлу керек. Тромбоциттер көлемін бақылау керек, ол нормадан (180 мен 320 аралығы) аспағаны жөн. Ер адамдарда қалыпты орта көрсеткіштен төмендеу болса, тіпті жақсы.

Коагулограмма қанның ұюы жайлы ақпарат береді. Себебі вирус кеткенімен, соның кесірінен қоюланған қан сол күйі қалуы мүмкін. Оған шара қолданбаса, проблемаға әкеледі. Қан қоюланып, баяу ақса, кей жерлерге жетпей жатса, ауырамыз. Қан – ағзаны қоректендіретін маңызды дүние. Қорек болмаса, функция не нашарлайды, не жоғалады. Сәйкесінше, инфаркт, инсульт секілді қатерлі аурулар пайда болады. Ол тек жүрекке қатысты емес. Тромбоз кез келген мүшеде пайда болуы мүмкін. Қан ағзаның түкпір-түкпіріне жетіп, дұрыс ағып тұруға тиіс.

Анализ тапсырып, қанның қою емес екеніне көз жеткізіңіз. Қою болса, кардиологқа барып, емделіңіз.

Ал басқа мүшелерге, мәселен, қалқанша безіне, бауырға, эндокрин жүйесіне тимеген жөн. Мазаламаса, күте тұрыңыз, ағзаға қалпына келуге мүмкіндік беріңіз. Стресс, үрей басылған соң, бәрі оңалады.

Айна Бакеева
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

* * *

Ағза мүшелері кейде бір-біріне көмектесіп, бір-бірінің функцияларын атқара береді. Мысалы, коронавируспен ауырғандардың кейбірінде қатты терлеу байқалады. Себебі тері бүйрек пен бауырға, ішекке сүзгі ретінде токсиндерді шығаруға көмектеседі.

* * *

«Тікұшақпен бірдеңе шашып, адамдарды улайды екен, бактереологиялық қару екен, сумен, ауамен жұқтырады екен» деген ақпарат жүйкеге тиеді. Вирус әлсіз. Ашық жерде көп өмір сүрмейді. Оны тікұшақтан жұқтыру үшін сол тікұшақтан біреу парашютпен секіріп түсіп, қасыңа келіп, сүйгіштеу керек. Сонда барып коронавирус өтуі, адам ауыруы мүмкін.

Алкоголь, зімбір, ақжелкек, құйрық май секілді емдеу тәсілдерінің көмектесетіні туралы жалған әңгіме де осы қатарда. Тіпті «еті ем екен» деп кірпі жейтіндер де бар.

Сонымен қатар «екінші толқын», «үшінші толқын» деген тіркестер де алаңдатады. Тіпті ресми дереккөздер солай деп жатады. Оны естіген жұрт уайымға салынады. Қорқады. Сосын «қайталануы мүмкін» деген сөз де жағымсыз әсер етеді. Адам «сонда қайтадан ауырамын ба?» деп түсінбей қалады. Ақпаратты халыққа барынша қарапайым түрде, тәптіштеп түсіндіру керек деп санаймын.