«4-класта «ақыл-ойы кем» деген диагноз қойды»
Бала шағым балалар үйінде өтті. Анам босанған соң түнде қашып кетіпті деп естідім. Басқа жетімдер сияқты мен де үнемі шешесін күтетін, ұялшақ қыз болып өстім. Кәмелет жасқа толып, балалар үйінен шыққан соң оны табамын деп үміттендім. Бірақ тағдыр мен ойлағаннан басқаша болып шықты.
Алғашқыда Үштөбе қаласындағы балалар үйінде тұрдым. Бір күні психология-медицина-педагогикалық консультация кезінде менен «Ұшақ пен тікұшақтың айырмашалығы қандай?» деп сұрады. Ол кезде 4-класта оқимын. Жауабын білсем де, ұялып, айтқым келмеді. Сол әрекетім үшін психиатрлар «ақыл-ойы кем» деген диагноз қойып, Жаркенттегі балалар үйіне жіберді. Кішкентай болғандықтан, ондай диагноз қойғанын білмегенмін.
Бой жеттім. Жаңағыдай тексерістердің алдында балалар үйіндегі апайлар «Өзіңді жынды етіп көрсет, зейнетақың көп болады» дейтін. Ал мен керісінше сау адам екенімді дәлелдеп, болашақта басқалар сияқты жұмыс істеп, тұрмысқа шыққым келетінін айтатынмын. Бірақ апайлар сөзімді бөліп, тыңдамай, тексерушілерге үнемі мені жынды етіп көрсететін.
2002 жылдың 21 сәуірінде Панфилов ауданының сот шешімімен маған «біліксіз адам» деген анықтама қағазы берілді.
«16 жасқа толған тұл жетімдер мүгедектер мен қарттар үйіне баруға мәжбүр болдық»
Жаркенттегі балалар үйінде 9-класқа дейін оқытты. Бұрын бұл жердің тәрибеленушілерін осы қаладағы СПТУ-да (кәсіптік және техникалық орта білім беру училищесі — ред.) оқытатын. Кейін ол мекеме жекеменшік оқу орнына айналып, бізді қабылдамайтын болды. Мен сияқты 16 жасқа толған, әке-шешесі, туысы жоқ тұл жетімдер мүгедектер мен қарттар үйіне баруға мәжбүр болдық. Балалар үйінің басты мақсаты — бізді әйтеуір бір мекемеге өткізу.
Жаңа жер маған мүлдем ұнамады. Қорқынышты орын. Шынымен мүгедектегі бар, ақыл-есі кем адамдар өмір сүреді екен. Сөйтіп жүргенде балалар үйіндегі Анаргүл есімді тәрбиешім өтініш жазып, мені уақытша өз үйіне алып кете алатынын айтты. Әлгі жерде қалмау үшін қуана-қуана келістім.
Анаргүл ағасының үйіне жіберді. Ол туысы мені ұнатпайтын, «жетімсің» деп намысыма тиетін. Кетіп қалғым келетін, алайда екі айлық сәбиі мен бір жасар баласына бауыр басып қалғандықтан, қимайтын едім. 3 жыл бойы сол үйдің балаларын бақтым.
«6 ай тор бөлмеге қамап қойды»
3 жылдан соң мүгедектер үйіне қайтып келдім. Мекеме директоры Молдахан үйінде жөндеу жұмысы жүріп жатқанын, көмек керек екенін айтып бірден өз үйіне алып кетті. Жұбайы жақсы адам еді. Мені ұнатып, алып қалды. Бұл отбасыда 5 жыл тұрдым.
Кейін Молдахан қызметінен кетіп, орнына Мәрзия деген әйел келді. Мүгедектер мен қарттар үйіне жаңа басшы келген сайын сыртта, басқа адамдардың қамқорында жүргеннің бәрі қайта мекемеге жиналатын. Мені де қайтарып алды. Барғым келмей, қарсылық таныттым. Бірақ бұрынғы үйде ары қарай тұра бергім келетінін айтсам да, жаңа басшы рұқсат бермей қойды.
Мүгедектер үйіне үйрене алмай күнде жылайтынмын. Сосын директор тор бөлмеге қамап қойды. Ол қараңғы бөлмеде өткізген 6 ай мен үшін ең қорқынышты уақыт болды. Терезеден басқа ештеңе көрмейтінмін. Қыс болған соң далаға шығармайтын, тек әжетханаға барып келемін. Тамақты сол жерге әкеліп береді, басқалармен темір тор арқылы сөйлесемін. Мәрзия бағынбаған адамдарды сол жерге жазалау мақсатында қамайтын. Бөлменің іші суық, темір тордан суық жел ұрып тұрады. Түрмедегі жағдай ондай жаман емес шығар.
Кейде «асылып өлсем бе екен?!» деп ойлайтынмын. Бірақ мекемедегі қызметкер апайлар жақсы кісілер еді. «Бота, олай ойлама, шыда» дейтін. Көктемнің соңына таман мені тордан шығарды. Кейін директор бақуатты құрбыларының үйіне жұмыс істеуге апарып жүрді. Ақыңа әр күнге 200 теңге беремін деді. Ал мен құрбыларыммен кездескім келетін. Кейде кездесуге рұқсат беретін.
Директордың бір танысының үйінде 10 күн тұрып, жұмыс істедім. Ол 1500 теңге ғана төледі, себебі Мәрзия көп ақша төлемеу керек деп айтатын. Одан бөлек тағы бірнеше әйелдің үйінде жұмыс істедім. Бірақ олар маған жақсы қарады.
«Қара жұмыс істедім, бірақ бір тиын төлемеді»
Біраз жыл өткен соң Мәрзия зейнетке шығып, орнына Амантай деген кісі келді.
Бір күні Мая деген әйел мекемеге келіп, мені қамқорлығына алғысы келетінін айтты. Ал мен оны танымаймын. 50 жас шамасындағы жалғызбасты әйел екен. Балалары жоқ. Сол кездері әкесі қайтыс болыпты. Жалғызсырап жүрген соң қыз бағып алуды ойлаған. Таныстары мүгедектер үйінде балалар үйінен шыққан қыздардың көп екенін айтқан. Жөн сұрап келгенде, директор мені ұсыныпты. Маған «10 күндей сол үйде тұрып көр» деді. Кейін Мая өтініш жазып, бір жылға қалдырды. Үйін тазаладым, көмір тасыдым, мал бақтым. Бірақ бір тиын бермейтін. «Мая тәте, жұмысым үшін неге ақша төлемейсіз?» дегенімде, «Директормен келістік. Мен оған төлеймін, ал ол маған сені уақытша жіберді» деп жауап қатты. Жұмыс істейтін мен, бірақ пайдасын көретін олар. Қызық, иә?
Бір жылдан соң Мая мені мекемеге қайтарып жіберді.
«Жаңа қамқоршымның ұлы мені ұратын»
Антон деген кластасым балалар үйінен кейін бір отбасының қамқорлығына алынған еді. Соның туыстары мен жайлы естіп, алып кетуге Амантайға келеді. Алғашқыда директор мені жібермей қояды. Бірақ кейін сұрап келген отбасы бір айға рұқсат алады. Отыз күннен соң сол кісілердің қамқорлығына толық өтіп кеткенімді білдім. Оны маған ешкім айтқан жоқ.
2016 жылдың 22 ақпанынан бастап заң жүзінде қамқоршым Раушан есімді әйел болды. Бірақ іс жүзінде Раушанның туысы Ләззаттың үйінде өмір сүрдім.
Ол кісі ауылда тұратын. Церебрал сал ауруына ұшыраған 8 жасар баласы болды. Мен сол баланың күтімімен айналыстым. Одан бөлек балабақшасындағы төсек-орынға көрпе тігемін, ремонт жасаймын. Қара жұмыс істедім. Кейін қаладан үлкен балабақша салды. Әйелдер бригадасымен бірге сол жердің жөндеу ісімен айналыстым, бояп-сылап, ауыр қап тасыдым.
Жұмыскердің бәріне ақша төлеп, менің ақымды бермейтін. «Зейнетақың жиналып жатыр» деп сылтаурататын. Бірақ сол зейнетақымнан бес теңге де алған емеспін. Менің жұмысымның ақысы — ішкен асым ғана.
Бірде балабақшаның жөндеу жұмыстары кезінде сәл демалуға отырып едім, үйдің үлкен ұлы Қайсар «жұмыс істемедің» деп, бетімнен шапалақпен ұрып жіберді. Бұл — алғаш соққы алған кезім. Апайға «Ұлыңыздың мені ұруға қандай қақы бар?» дегенімде, «сондай ашушаң адам» деп қорғап шыға келді. Анасынан қолдау көрген ұлы кейін тағы ұратын болды. Денем көгеріп қалатын…
«Өмірімде бірінші рет шын ниетімен көмектескісі келген адам жолықты»
2015 жылы Маяның үйінде тұрғанымда «Жди меня» бағдарламасына анамды іздейтінім туралы өтініш жіберген едім. Тура екі жыл өткен соң Вконтакте желісінен Айман есімді волонтер әйел хат жазды. «Жди меня» бағдарламасының волонтеры екенін, анамды іздеуге көмектесетінін айтты. Құжаттарымның керек болатынын ескертті. Төлқұжатым Ләззатта еді. Оған мән-жайды түсіндіріп, төлқұжатымды сұрағанымда, «Волонтер сені алдап жатыр» деп бермей қойды. Әрең дегенде көшірмесін алдым. Бірақ, өкінішке қарай, анамды таба алмадық. Айманның бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Алғысым шексіз.
Осы іздеу уақытында Айманға тағдырымды айтып бердім. Қайсар ұрып, денем көгеріп жүрген кез еді. Айман полицияға барып, арыз жазуым керек екенін айтты. Сол кеңеспен полицияға бардым, бірақ олар шағымымды қабылдамады. Себебі Ләззат хабарласып, «Ақыл-есі кем, өзін-өзі ұрады» деп ескертіп қойыпты…
«Қамқоршым зейнетақыма Victoria’s Secret брендінің іш киімін сатып алған»
Бір күні Айман «жаңа құжат жасатайық» деді. Екеуіміз жаңа төлқұжат, жаңа банк картасын жасаттық. Зейнетақымның қанша жиналғанын тексергім келді. Бірақ бір тиын ақшаның басы құралмағанын, керісінше түскен қаражаттың жұмсалып жатқанын білдім. Банк қызметкері зейнетақының қайда жұмсалып жатқаны жазылған түбіртек шығарып берді. Сөйтсем… Ләззат зейнетақыма Victoria’s Secret брендінің іш киімін сатып алған, Porsche көлігіне бензин құйып жүрген. Ал маған тіпті бір шүберек киім алып бермейтін. Сол бұрынғы мүгедектер үйінен, бұрынғы қамқоршыларым алып берген киіммен жүретінмін. Үш жыл ішінде бір-ақ рет жалақы деп 30 мың теңге берді және бір рет Медеуге апарды. Қалған күндері құлы сияқты едім.
«Мені алдап, Есіктегі мүгедектер үйіне апарып тастады»
Ләззаттың церебрал ауруына ұшыраған ұлы қайтыс болды. Шыны керек, ол баланы қатты жақсы көрдім. Есімі Әділет еді. Үнемі маған күлімсіреп тұратын. Ол өмірден қайтқанда, қатты қынжылдым, жыладым. Мен үшін үлкен соққы болды. Бірақ бұдан өткен соққы әлі алда екен, оны білмеппін…
Бала қайтты, балабақша ашылды, басқа ұлы үйленіп, келін түсірді. Енді оларға керексіз болдым. Бір күні Ләззаттың күйеуі Қайрат «Алматыға баруымыз керек. Балабақшаға заттар алайық. Сол жақта бізді Ләззат пен Раушан күтіп отыр» деді. Артық ештеңе ойламадым. Бір уақытта жолдың бағыты өзгергенін байқадым. Қайраттан сұрап едім, Есік қаласында бір шаруасы бар екенін айтты. Ақ дарбазаның алдына келгенімізде ғана не болып жатқанын түсіндім.
Осылайша 2018 жылдың 4 қыркүйегінде Ләззат, Раушан, Қайрат үшеуі менен бас тартып, Есіктегі арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына тастап кетті. Жылап, қарсыласып, көліктен түспеуге тырыстым. Олар мені күштеп, ішке алып кірді. Ләззаттар кеткен соң мекеме қызметкерлері мені тексеру үшін толықтай шешіндірді.
Жаңа құжат жасатқан соң кредитке ұялы телефон сатып алғанмын. «Біліксіз» деген анықтама қағазым бар екеніне қарамастан, банк кредит берді. «Оны қалай төледі?» деген сұрақ туындаған шығар. Балабақша 8.00-ден 17.00-ге дейін істейтін. Кей ата-ана баласын екі сағатқа ерте алып келіп, екі сағатқа кеш алып кететін. Сол уақытта кішкентайларға мен қарайтынмын. Әр ата-ана күніне 200 теңгеден беретін. Сол ақшамды жинап, кредитімді өтеп жүрдім. Ол несие әлі бар. Бірақ ұялы телефонды тығып қоятынмын, оның бар екенін Ләззат білмейтін. Біреу-міреу тауып алмас үшін кредит қағазын үнемі өзіммен бірге алып жүретінмін. Мекеме қызметкерлері мені шешіндіргенде, сол қағазды тауып алды. Ләззатқа хабарласып «Ботаның атында кредит бар. Біз оны қабылдай алмаймыз» деді.
«Ләззаттың жоқтығын пайдаланып, үйден қашып кеттім…»
Ләззат Алматыдағы үйіне алып келіп, кредитке алған затымды сұрады. Жаркентте қалдырып кеткенімді айттым. Кейін Раушанмен бірге Жаркентке бардым. Үш күн ішінде Ләззатқа телефонды беріп, Есіктегі мекемеге қайтуым керек еді. Бірақ үйге барған соң, адам жоқтығын пайдаланып, қашып кеттім. Бірнеше апта бұрынғы қамқоршым Маяның үйінде жасырынып жүрдім. Ләззаттар екі рет іздеп келді. Мая мені тығып қоятын, ал олар рұқсатсыз біреудің үйіне кіре алмайтын. Кейін балалар үйіндегі Нұрсәуле есімді тәрбиешімнің үйінде бірнеше күн жаттым.
Бұл кезде волонтер Айман мені құлдық өмірден құтқару үшін түрлі ұйымнан көмек сұрап жүрген еді. Ақыры «Қорғау HR» қоғамдық қорын тауып, жағдайымды айтып берді. Қордың құқыққорғаушысы Әлия Әбдинова “Қазір Ботаның заңды қамқоршысы жоқ. Ләззат та, мекеме де бас тартты. Бота өзі қаласа, заң бойынша өз қамқорлығыңызға алуыңызға болады» деп кеңес беріпті. 2018 жылдың 14 қыркүйегінен бастап Раушан қамқоршы жауапкершілігінен босатылды. Лезде Алматыға келіп, Айманмен кездестім. Ол мені өз атына жазып, 2019 жылдың 11 наурызынан бастап заңды қамқоршым атанды.
Айман мен Әлия — құтқарушыларым. Айманның қамқорлығына өткенімді білген Ләззат мені мүлдем мазаламайтын болды. Зейнетақымнан соңғы рет шешіп алған 700 мың теңгені қайтадан картаға салып жіберіпті.
«Әлі де қорқыныш сезімі бар»
Қамқоршым Айман мен «Қорғау HR» қорының арқасында 2019 жылдың 26 қарашасында «ақыл-есі кем, біліксіз» деген анықтама қағаздың күшін жойдық. Ал ақпаннан бастап Айманның қамқорлығынан шығып, заң жүзінде дені сау, еркін адам атандым. Әлі де қорқыныш сезімі бар, сене бермеймін. Бірақ, осы күнгі өміріме рақмет айтамын.
Қазір құрбыларыммен пәтер жалдап тұрамын. «Қорғау HR» қоры тұрақты жұмыс тауып берді. Сынақ мерзімінде жүрмін. Болашақта үйлі болсам деймін. Сүйіктімді кездестіріп, отбасы құрып, ана атанғым келеді.
4-класста жазып берген «ақыл-есі кем» деген диагноз болмаса, өмірім басқаша қалыптасар ма еді. Құрдастарым секілді қазір отбасылы болып отырар ма едім. Бәлкім, бала кездегі арманымдағыдай суретші не тігінші атанар ма едім.. Кім біледі? Бірақ жындыханаға түспегеніме шүкір деймін. Өйткен күнде өмір бойы шыға алмаЙ кетер едім деп ойлаймын.
Балалар үйінде, мүгедектер үйінде мен сияқтылар өте көп. Олардың құқығын ешкім қорғап жатқан жоқ. Өздері де құқығын талап етуге, еркіндікке шығуға қорқады.
«Анамның жүзін көргім келеді»
Анамды тапқым келеді. Өкінішке қарай, іздеу барысында ол кісі туралы ақпараттың барлығы жалған екенін білдік. Қазір шын есімін де білмеймін. Анама ешқандай реніш жоқ. Түсінемін. Дәрігердің айтуынша, мені босанғанда небәрі 18 жастағы студент қыз болыпты. Әрине, жас баланы бағып-қағу оңай болмаған шығар. Оның үстіне «ұят болады» деген түсінік жегідей жеп тастаған да шығар. Сол үшін жазғырмаймын. Бірақ өмірімде бір рет болсын жүзін көргім келеді. Мен ол кісіге ұқсаймын ба, соны білгім келеді.
Айман Ниханбаева, Ботаға жәрдемдескен волонтер:
Ботаның еркіндікке шыққанына қуаныштымын
Бота — өте батыл адам. Мейірімді, ұқыпты әйел. Біраз жылдан бері волонтер болып жұмыс істеп келемін. Адамның көзіне қарап, онымен сөйлесе келе, қандай адам екенін айта аламын. Ботадан кіршіксіз тазалықты байқадым. Ақыл-ойы ешқандай да кем емес. Ботаны пайдаланып кеткендерді ойласам, ашуым келеді. Адамның өмірімен ойнауға бола ма?
Ботаның бостандыққа шыққанына қуаныштымын. Үйімде тұруына болатынын айттым. Бірақ өзі қаламады. Түсінемін. 16 жыл дегенде әрең бостандыққа шықты ғой. Қазір аралас-құраласпыз, үйге келіп тұрады. Тойға, мерекелік кештерге бірге барамыз. Отбасыммен, балаларыммен жақсы қатынаста. Көмектескен «Қорғау HR» қорына алғысым шексіз.
Әлия Әбдинова, «Қорғау HR» қорының құқыққорғаушысы:
Сау балаға «ақыл-ойы кем» деген диагноз қасақана қойылуы мүмкін
Бұл — жалпы Қазақстан бойынша өзекті проблема. Балалар үйіндегі тәрбиеленушіге «ақыл-есі кем» диагнозы қойылады. Кейін психикалық ауруханаларда адам саны жетпегенде, орын саны толмағанда, сол жеткіншектерді апарып жатқызады. Әрине, ол жерде сау балаға түрлі препарат салынады. Соның кесірінен баланың денсаулығы бұзылады.
Одан бөлек психдиагноз қою арқылы сол мекеме директоры баланың атынан толықтай шешім қабылдай алатын болады. Зейнетақысын жұмсап, құқын бұзып, көрінген адамға құл ретінде беріп, қара жұмысқа салады. Өкінішке қарай, мұндай жағдай Қазақстанда көп кездеседі. Ботаға Айман сияқты жақсы адам жолықты. Психиатрлық интернатқа жатпады. Ал Бота сияқты батыл қадамға бара алмаған, сау бола тұра психиатрлық интернатқа кеткен қанша жетім бала бар?! Мұндай интернатқа түскендер өмір бақи бостандыққа шыға алмайды.
Талғардағы психиатрлық интернат басшысының 2010 жылғы мәліметінше, ондағы адамдардың 90%-і балалар үйінен шыққандар болған екен. Бұл статистика кей балалар үйі, балалар интернаты және мүгедектер үйінің басшылары өз пайдасы мен мүддесі үшін балалардың өмірімен ойнап жатқанын көрсетеді. Сол себепті Еңбек министрлігі бұл мәселені дұрыстап қадағалауы керек. Барлық мекемелерді тексеріп шығуы қажет.
Әлия Әбдинованың айтуынша, Ботаның ісі бойынша алда сот ісі жүреді. Бұрынғы қамқоршысы Ләззат Ботаға ай сайын 50 мың теңге төлегенін айтқан. Құқыққорғаушы ол ақпараттың рас-өтірігін тексеріп, жалған болған жағдайда 3 жылдағы жалақысын (әр айға 50 мың теңге) және осы уақыт бойы жұмсаған 547 728,15 теңге зейнетақы мөлшерін талап ететінін айтты. Сонымен бірге ол сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп, кінәлілердің жауапкершілікке тартылуын талап етіп отыр.
Қазіргі кезде «Қорғау HR» қорында балалар үйінің 12 тәлімгерінің ісі қарастырылып жатыр.