Диетологтың айтуынша, қарапайым сатып алушы түсіне бермейтін тағам құрамындағы нәрсе — қоспалар. Олар «Е120» деген сияқты әріп-сан аралас таңбадан тұрады. Бұл қоспалардың зиян және пайдалы түрлері бар.

Е120 – кармин қышқылынан алынатын қызыл бояу. Ал кармин қышқылын кошениль деп аталатын құрт-құмырсқаның бір түрінен алады. Карминді алу жолы күрделі болғандықтан ол қымбат бояу саналады.

Е150 – тағам құрамындағы қант. Оны карамель колері немесе қанттың күйдірілген түрі деп атауға да болады. Суда еріп кетеді, табиғи бояу түріне жатады. Көбіне кәмпиттер мен кондитер өнімде қолданылады. Сары, қоңыр, янтарь түстес келеді.

Е300 — аскорбин қышқылы. Адам рационында маңызды роль атқарады, сүйек тінінің жұмысына көмектеседі. Зат алмасу жұмысына оң әсер етеді.

Е322 — лецитин. Бұл қоспаны құрамында май көп кездесетін табиғи өнімнен алады. Мысалы, жұмыртқа, бауыр, арахис және жеміс пен көкөніс. Өнеркәсіпте лецитинді соя мен май қалдықтарынан алады. Лецитин адамның барлық дерлік жасушасында кездеседі. Ол жасушаның қалпына келуіне, жаңаруына қажет.

Е327 — Кальций лактоты. Ұн мен нанның сапасы жақсы болуы үшін қолданылады. Ағзаға зиян емес. Ақ, карамель түстес.

Е330 – лимон қышқылы тағамда ақ түсте келеді. Ол табиғи қоспаға жатады. Лимон қышқылы табиғатта цитрус жемісінің бәрінде кездеседі, қолжетімді.

Е440 – пектин. Ол өсімдіктен және балдырдан алынады. Түсі ақ және ақшыл қоңыр келеді. Пектин күнделікті жеміс, көкөніс жейтін адам организмінде кездеседі. Тіпті адамдар қандағы холестерин мөлшерін азайту мақсатында пектині көп өнімді пайдаланады.

Е200 бен Е299 арасындағы таңбалар — консерванттар. Консервант тағамдағы микроорганизмді жояды және өсуін төмендетеді. Есесіне тағамда жағымсыз иіс пен дәм пайда болуына, көгеруіне тосқауыл болады. Кей елдерде консервантты тағамға қосуға тыйым салынған.

Өнімнің құрамында Е200-ден Е299-ға дейінгі таңбалы қоспа кездессе, ол тағамды пайдаланбаған дұрыс, — дейді диетолог.

Е500 — натрий карбонаты. Тағамдағы қышқылды реттегіш және қопсытқыш ретінде қолданылады. Әсіресе, ұннан жасалатын өнімдер — нан, торт, бәліш және тағы басқаларға қосылады.

Е621 — натрий глутаматы. Ақ түсті ұнтақ түрінде кездеседі және тағам дәмін күшейткіш ретінде өндірісте қолданылады. Әсіресе тағамға умами, яғни «еттің дәмі» аталып кеткен дәм береді. Бірақ диетолог мұндай қоспасы бар тағамды тұтынбаған жөн екенін айтты.

Егер дүкендегі тауардың құрамында осы таңба кездессе, оны мүлдем алмаған дұрыс. Себебі натрий глутаматы миға әсер етеді. Адам тойғанын білмей қалады. Бұл бояу түрлі кетчупте жиі кездеседі, — дейді Арай Әміре.