Қазақстан Президенті Түркістан облысына сапарын Сардоба су қоймасындағы апаттан зардап шеккен тұрғындар үшін Мырзакент ауылында салынып жатқан жаңа ықшамауданның құрылысымен танысудан бастады.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, апат салдарынан 4 мыңға жуық халық зардап шегіп, 500-ден астам баспана толығымен бұзылып, қайта салынды.
Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық елдімекендерінің тұрғындары үшін Мырзакент ауылында жаңа ықшамаудан бой көтерді, әрбір отбасы мүшесіне 100 мың теңгеден берілді. Өргебас, Фирдауси ауылдарын қайта қалпына келтіру жұмыстарының қарқыны жақсы. Аталған ауылдардағы апаттан баспаналары бүлініп-қираған тұрғындарға 17 миллион теңгеден беріліп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев құрылыспен танысып, тұрғындармен кездесті. Президент су тасқыны кезінде мемлекет шұғыл шешім қабылдап, ауданды қалпына келтіру үшін қазынадан қаржы бөлінгенін, осындай сын сәтте бүкіл халқымыз ұйымшылдық танытқанын айтты.
Жаңа шағынаудан салынып жатыр. Зардап шеккен бірде-бір адам далада қалған жоқ. Әрбір тұрғынның жағдайын ескердік. Жаңа баспанаға көшем деген адамдар осында қоныс аударады. Көп ұзамай барлығы өз үйіне оралады. Ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Кәсіпкерлер, құрылысшылар, дәрігерлер, қарапайым азаматтар, көп ерікті белсенді жұмыс істеді. Барлығына шынайы ризашылығымды білдіремін, — деді Мемлекет басшысы.
Сапар барысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Өзбекстан Республикасымен бірлесіп су тасқынының салдарын жою, алдағы уақытта мұндай апатты болдырмауға қатысты қабылданып жатқан шаралар жайында баяндады.
Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысты нәтижелі жалғастыра беру керек деп тапсырды.