Адам қандай да бір вирус жұқтырғанда, денедегі жасушаларда осы вирустың көшірмесі пайда болады. Алайда иммун жүйесі сырттан келген «жауға» қарсы тұрып, антидене шығара бастайды. Антидене ақыр соңында вирусты өлтіреді, нәтижесінде адам жазыла бастайды.
Бұл жерде бір «бірақ» бар. Ағза антиденені баяу өндіреді. Яғни иммун жүйесі вирусқа қарсы «жауынгерлерді» жеткілікті көлемде шығарып үлгермеуі, соның кесірінен инфекция өршіп, асқынып, ауыр жағдайға әкелуі мүмкін. Екпе осындай жағдайдың алдын алу үшін салынады: ол вирусқа қарсы иммунитетті вирус жұқпай тұрып қалыптастыру үшін қажет.
Коронавирусқа қарсы вакцинаның қандай типтері бар?
Қазір вакцинаның мынадай типтері танымал:
- белсенді емес вирус;
- векторлық вирус;
- ДНҚ және РНҚ вакциналары;
- вирус бөлігі вакцинасы.
Белсенді емес вирус вакцинасы үшін қазір бүкіл әлемде пандемия тудырған SARS-CoV-2 коронавирусын алып, оның белсендігін азайтып тастайды немесе мүлдем өлтіреді, осыдан кейін ағзаға егеді. Бұл адамның ағзасында ауру тудырмас үшін жасалады. Екпеден кейін ағзаға түскен әлсіз немесе өлген вирусты иммун жүйесі анықтай алады және оған жауап ретінде антидене өндіреді. Мұндай технология тарихта полиомиелитке, В гепатитіне, дифтерияға, көкжөтелге, сіреспеге немесе тұмауға қарсы вакциналар жасау үшін қолданылған еді.
Ал векторлық вирус екпесінде жағдай басқаша: мұнда тірі, бірақ әлсіз әлдебір вирус түріне (векторға) SARS-CoV-2 коронавирусының гені ендіріледі. Яғни векторды патоген организмді жасушаға алып баратын «тасымалдаушы» деп атауға болады. Клеткаға жеткен соң ол көбейіп, ары қарай тарауға тырысады, алайда адам ағзасы сырттан жау келгенін бірден біліп, «шара» қолдана бастайды. Қызылша, желшешек, паротит және қызамық сияқты ауруларға вакцина осы әдіспен жасалған.
Жоғарыдағы екеу вакцинаның классикалық түрі саналады. Алайда вирус генетикалық тұрғыдан жылдам өзгеруге бейім болса немесе жаңа жұқпалы аурулар қаупін тудырса, бұл әдістердің пайдасынан зияны басым болып кетеді. Сондықтан SARS-CoV-2 жағдайында ДНҚ және РНҚ вакцинасынан үміт көбірек болып отыр. Бұл вакцина вирустың ДНҚ-сын және РНҚ-сын жояды. Екпе ағзаға түскен соң иммун реакциясын тудырып, вирусқа қарсы антиденелерді синтездей бастайды. Бұл вакцинаны жылдам әрі көп мөлшерде өндіруге болады. Бірақ ағзаға қауіпті болып шығуы мүмкін. Бұған дейін мұндай типтегі вакцина болмаған, сондықтан оның адам денсаулығына қалай әсер ететінін ешкім білмейді.
Вирус бөлігі вакцинасы үшін вирустың әлдебір бөлігін алып, оны синтездейді. Сосын сол күйі адамға вакцина ретінде егеді. Нәтижесінде ағзада вирусқа қарсы иммун жүйесі қалыптаса бастайды.
Екпе қандай клиникалық сынақтардан өтуі керек?
Вакцина жасалған соң жануарларға салынып, сынақтан өтеді. Бұл «клиника сынағына дейінгі кезең» деп аталады. Ол иммун жауабын анықтау және препараттың алғашқы қауіпсіздігі анализі үшін керек. Содан кейін барып адамға салынады, яғни клиникалық сынақ басталады. Вакцина өндіріске рұқсат алуы үшін клиникалық сынақтың мынадай үш кезеңінен өтуге тиіс:
- Бірінші кезеңде вакцинаның қаншалықты қауіпсіз екенін және дозасы қанша болуы керек екенін анықтау үшін екпе аз көлемдегі ерікті адамдарға салынады.
- Екінші кезеңде вакцина әртүрлі жастағы адамдарға, яғни балаларға, ересектерге және қарт адамдарға салынады. Өйткені вакцина түрлі жастағыларға түрлі әсер етуі мүмкін. Бұл сынақта вакцинаның қауіпсіздігі мен ағзада қаншалықты иммунитет қалыптастыратыны тағы бір рет тексеріледі.
- Үшінші кезеңде бірінші топтағы мыңдаған адамға екпе салынады. Ал екінші топтағылар ем қасиеті жоқ, ештеңеге әсер етпейтін плацебо қабылдайды. Осының нәтижесінде екі топтағы ерікті адамдардың ауру деңгейі мен вакцинаның инфекцияға қарсы тұра білу деңгейі анықталады.
Әдетте вакцина жасап шығуға орта есеппен 10 жыл уақыт қажет. Алайда COVID-19 инфекциясына қарсы вакцина жасауда әлем ғалымдары мен дәрігерлері бірігіп жұмыс істеп жатыр. Оның үстіне екпе дайындауды жылдамдатпаса, пандемияның соңы асқынып кетуі мүмкін. Ал адамзаттың бұған дейін коронавирус тобына кіретін өзге организмдермен таныс болуы, оларға қарсы күрес жолдарын білуі SARS-CoV-2 туралы бар ақпаратты жылдам анықтап, оған қарсы екпені тездетіп дайындауға көмектесіп жатыр. Мамандар екпе 2021 жылы дайын болуы мүмкін деген пікірде.
Вакцинаның бұл типтерін қай елдер жасап жатыр?
Мақаланың басында әлемде жалпы 169 екпе сынақтардан өтіп жатқаны айтылды. Біз ең негізгілеріне тоқталайық.
Белсенді емес вирус вакцинасын Қытайдың Ухан биопрепараттар институты, Бейжің биология өнімдері институты, Sinovac Қытай компаниясы және Батыс Қытай екінші деңгейлі емханасы мен Ауруды бақылау және алдын алу бойынша Юнан орталығы бірлесіп жасап жатыр.
11 тамызда Ресей COVID-19 инфекциясына қарсы вакцина тіркегенін хабарлады. Бұл — векторлық вирус вакцинасы. Бірақ ол сынақтың бірінші және екінші кезеңінен бірден өткен болып есептеліп кетті. Хош, бұдан аса қауіп жоқ делік. Алаңдататыны сол, Ресей шығарған вакцина үшінші сынақтан өтпей жатып тиімді вакциналар қатарына тіркеліп қойған. Бұл туралы Instagram-парақшасында танымдық материалды жиі жариялайтын хирург Дәурен Әділбай айтып берді. Айтпақшы, біздің ел тамыздың екінші жартысында осы вакцинаны сатып алу мәселесін талқылау үшін Ресейге баруы керек.
РНҚ вакцинасын Американың Moderna биотехнология компаниясы жасап жатыр. 27 шілдеде екпе клиникалық сынақтың үшінші кезеңінен өтті. Бұл сынаққа Американың 30 мыңға жуық азаматы тіркелді. Бір қызығы, екпе сынақтардан толық өтпей жатып, компания екпенің 100 миллион дозасын АҚШ билігіне сатуға келісіп қойған. Үшінші кезең сәтті өтсе, Құрама Штаттар келіскен вакцинасын алады, ал сәтсіз болса, сонша дозаға төленіп қойған ақша желге ұшады. Moderna 2021 жылдан бастап жылына кемінде 500 миллион доза өндіруді жоспарлап отыр. Компания жылдамдықты арттырса, жылына 1 миллиард дозаға дейін шығаратынын айтты.
Біздің елде Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі Қазақстан ғылыми-зерттеу институты COVID-19 инфекциясына қарсы бес вакцина әзірлеп жатыр. Оның екеуі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына тіркелді. Бірінішісі — белсенді емес вирус вакцинасы. Ол QazCovid-in деген атау алды. Қыркүйекте екпенің бірінші кезеңінде 44 пациентке, одан кейін екінші кезеңінде 200 пациентке сынақ жүргізіледі. Бәрі ойдағыдай болса, вакцина 2021 жылдың қаңтарында өндіріске кетеді. Қазақстан екінші вакцинасын ДДСҰ 31 шілдеде тіркеді. Бұл — вирус бөлігі вакцинасы. Екпе қазір клиникалық сынаққа дейінгі кезеңнен өтіп жатыр. Қазанда клиникалық сынақтың бірінші, қарашада екінші кезеңіне жіберіледі.
Қазір COVAX деген ғаламдық механизм бар. Оның мақсаты — мемлекеттің қаржы жағдайына қарамастан коронавирусқа қарсы вакцинаға қол жеткізу мүмкіндігін бәріне теңдей беру. Осы механизмнің арқасында 92 ел вакцинаға ие бола алады. Біздің ел статистика бойынша жан басына шаққанда жалпы ішкі өнімі 4 мың АҚШ долларынан асатындықтан (2019 жылғы статистика бойынша жан басына шаққанда ЖІӨ 9,7 мың АҚШ доллары) вакцинаны өз қаржысына сатып алады. Қазақстан бұл механизмге 2020 жылдың 7 тамызында кірді.
* * *
Бұл мақала «Qolda» жедел көмек көрсету жобасының аясында «Шеврон» компаниясымен және Орталық Азияның Еуразия Қорымен серіктестікте жасалды. Мақала авторының көзқарасы «Шеврон» компаниясының және Орталық Азияның Еуразия Қорының көзқарасымен сәйкес болмауы мүмкін.