Energyprom.kz мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2020 жылдың қаңтар-шілде аралығында Қазақстанда 10,8 миллиард теңгеге компьютер, электрон және оптика өнімдері шығарылған. Бұл былтырғы дәл осындай көрсеткішпен салыстырғанда 24,3% аз.
2019 жылдың 12 айында бұл өнімдерді шығару көлемі 38,5 миллиард теңге болған, бір жылдағы өсім 13,8%-ті көрсеткен. Ал 2018 жылы өндіріс көлемі 11% азайған еді.
2020 жылдың қаңтар-маусым айларында жасалған компьютер, электрон және оптика өнімдерінің жартысы Алматыға тиесілі. Оған 5,9 миллиард теңге кеткен. Бұл былтырмен салыстырғанда 14,6% аз. Осы ретте Алматыда жоғары технологиялы құрылғылар шығаратын «Логиком» компаниясы бар екенін айта кету керек. Компания жылына 900 мыңнан астам дербес компьютер мен сервер өндіреді.
Алматыдан кейінгі орынды астана (1,1 миллиард теңге) мен Батыс Қазақстан облысы (696,4 миллион теңге) алып тұр.
2020 жылдың қаңтар-шілде айларында елде барлығы 4 681 компьютер техникасы өндірілді. Оның 88%-ке жуығы Алматыда, қалғаны Қарағанды мен Жамбыл облыстарында құрастырылған.
Жарты жылдағы электр энегриясы есептегіштерін шығару 124,9 данаға дейін (32,1%), ал басқа физикалық шамаларды бақылау құралдары бірден 83,1%, яғни 22,8 мыңнан 3,9 мыңға дейін азайған. Бұдан бөлек 27,6 мың телевизия қабылдағышы құрастырылған.
Жағдайды ZіK құтқара ма?
2020 жылы компьютер өндірісі көлемінің артуына Петропавлдағы Сергей Киров зауыты жанынан анылған ZiK computers жобасы ықпал ете алады. Бұл өндіріс осы жылдың тамыз айында іске қосылды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, ZіK компьютерлерін өндіру мен сату нарықтағы бағамен салыстырғанда анағұрлым арзан. Жыл соңына дейін зауыт тапсырыс берушілердің қажетіне қарай 60 мыңға жуық дербес компьютер мен ноутбук өндіруді жоспарлап отыр.
Зауытта құрастырылған лицензияланған Windows 10 Pro операция жүйесі бар алғашқы 5000 компьютер техникасы жақында Білім және ғылым министрлігіне жеткізіледі. Ал қазан айына дейін 40 мың дана компьютер техникасы құрастырылады дейді.
Жоспар орындалса, жыл қорытындысы бойынша жасалған есепте зауыт өнімінің алатын үлесі едәуір болып, жалпы көрсеткішті өсіреді.