Гүлмира Төлепова, банк қызметкері:

Гүлмира Төлепова
Гүлмира Төлепова. Фото жеке архивінен

Ата-анам солақай екенімді балабақшада жүргенде білді. Сол қолмен жазуыма қарсы болмады, қайта қолдады. Ешкім «оң қолмен жаз» деп айтпады. Тек тамақ ішкенде қиналамын. Қоғамда көп адам ислам дінін ұстанатындықтан, айналадағылар тамақты оң қолмен ішу керек екенін айтады. Көңіліме ала бермеймін, бірақ сонда да қиын. Банкте клиентке қол қойдырамыз. Сондайда аздап ыңғайсыз, себебі клиенттің көбі оң қолмен жазады.

Жақында бір кісі сол қолмен тамақ ішкенімді көріп, үндемей отырды. Бір кезде «Солақайлардың оңқайларға қарағанда аз өмір сүретінін білетін бе едің?» деді. Бұл сөзден соң өзімді жайсыз сезіндім. Жалпы, солақай екенімді көргенде адамдар аздап таңданады, «дарынды шығарсың?» деп айтып жатады. Негізі бұл нәрсеге сенбеймін. Тек миымыздың сол жақ сыңары белсенді болғандықтан сол қолмен жұмыс істейміз деп ойлаймын. Психологтар да сол қолмен жазғаны үшін ғана адамның миы жақсы жұмыс істеп кетпейтінін айтады.

Дәулет Мұқаев, журналист:

Дәулет Мұқаев
Дәулет Мұқаев. Фото жеке архивінен

Бәрін сол қолмен істеймін. Оң қолмен тек тамақ ішемін, бірақ арасында оны да байқамай, ұмытып кетемін. Сол үшін ыңғайсызданамын. Кейде сол қолымды аяғымның арасына қыстырып отырып, тамақтанамын. Себебі бірге тамақ ішіп отырған адамдар ескерту жасап жатады. Ата-анам кішкентай кезімде оң қолмен жазуды үйреткісі келді, бірақ қаламды сол қолыма ұстап алатынмын. Сондықтан аса қарсы болмады. Мектепте бақылау жазғанда ыңғайлы болуы үшін екі нұсқаның тек біріншісін таңдайтынмын.

Кейде ыңғайсыз көресің. Әлдебір затты қолға алып, қарағанда, ол теріс секілді болып көрініп тұрады. Автотұраққа көлікті қоярда да, оң мен солды сәл ойланып барып ажыратамын. Оңқайлар картоп ашығанда пышақты өзіне қарай тартады, ал біз көбіне керісінше итереміз.

«Солақайлардың ойы, ісі теріс» деген әңгімелер тарихта кездеседі. Солақай болған әсіресе, бокста жақсы ғой. Қарсылас «оң қолмен соғады» деп тұрғанда, бәрін керісінше істеп, тарс-тарс ұрып саласың. Айналамда солақайларға байланысты жағымсыз көзқарас байқамаппын. Керісінше, солақайлардың миы жақсы жұмыс істейді, дарынды келеді, өнерге жақын деп жатады. Мұндай оймен келісемін: оқуға, ерекше ойлауға бейімбіз. Солақайлар күні құтты болсын!

Зағира Бекмұхаева, зейнеткер:

Зағира Бекмұхаева
Зағира Бекмұхаева. Фото жеке архивінен

Солақай болғаныммен, жазуды оң қолмен жазамын, қайшыны да оң қолмен ұстаймын. Мектепте мұғалімім оң қолмен жазуды үйретті. Айналамда солақайлығыма байланысты пікір айтыла бермейді. Көбі солақайларды іскер келеді, өз ісіне мығым болады деп айтады. Бір жағынан мұндай пікірге қосыламын. Өзім тоқимын, көрпе тігемін, жүн тартамын, мұның бәрінде сол қол «бастап» жүреді. Бұрынырақ тоқыған бұйымдарымды сатқанмын, қазір балаларым мен немерелеріме арнап тоқимын. Ұлым солақай, бірақ ол да мектепте оң қолмен жазып үйренген. Немерем де солақай, ол сол қолмен жазады. Жалпы, композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиев сияқты солақай, дарынды адам көп. Кез келген адам өзіне берілген қасиетті жақсы жағынан дамытса, барлық адам талантты деп ойлаймын.

Балалар нейропсихологы Назгина Абдурахманова редакциямызға берген бір сұхбатында о баста кез келген адам амбидекстр болып туатынын, кейін олардың 99%-і не оңқай, не солақай болып қалатынын айтқан еді.

Бала 4-5 жасқа толмайынша миының қай сыңарының белсенді екені белгісіз болады. Тек осы жасқа жеткенде оның миының ассиметриясы анықталып, баланың бір қолы еркінен тыс жұмыс істейді. Осы кезде оның амбисинистр (оңқай, солақай) немесе амбидекстр екені анықталады, — дейді нейропсихолог.

Маманның айтуынша, бала солақай болса, оң қолымен жазуға үйретпеген дұрыс.

Бұл нәрсе адамда табиғатынан қалыптасып қойған. Мұны өзгертем деу баланың ми жұмысына бір күні болмаса, бір күні кесірін тигізеді, — дейді Назгина Абдурахманова.