Басты бетҚоғамҚызылорда облысында...

Қызылорда облысында медицина қызметкерлеріне қолдау көрсетіліп жатыр

Дертке қарсы күресіп жүрген медицина қызметкерлерін қолдау мақсатында Қызылорда облысында барлығы 4 миллион 370 мың теңгеге 250 отбасына азық-түлік сатып алынды. Оның бәрі өңірдегі емдеу, алдын алу мекемелерінде жұмыс істейтін мамандарға табысталды. Бұл іске бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары да атсалысты.

Оған қоса, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына 370 мың теңгеге 185 дана төсек жиынтығы сатып алынып, табысталды. Облыстық жедел жәрдем станциясына 200 мың теңгеге 2000 дана маска тігуге арналған жабдықтар сатып алынып, берілді. 1 миллион 200 мың теңгеге облыс көлеміндегі емдеу мекемелерінің қажеттілігіне қарай 20 дана дене температурасын өлшейтін термометр сатып алынды.

Медицина қызметкерлері күніне орай облыс көлемінде коронавирус инфекциясымен күрескен мамандарғы «SENIM денсаулық сақтау жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сапарбек Дүйсенов бес дәрігерді 100 мың теңгенің және филиал есебінен 30 дәрігерге 50 000 теңгенің сертификатын табыстады.

Биылғы жаңа оқу жылында өңірдегі барлық оқушының 83%-ін қашықтан оқыту жоспарланып отыр. Осы ретте инфекциямен күресіп жүрген денсаулық сақтау саласының қызметкерлерінің баласына 44 планшет сыйға тартылды.

“SENIM денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы” республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалы мен Сырдария аудандық ауруханасының бастауыш кәсіподақ ұйымының атынан аудандық аурухананың COVID-19 инфекциясымен күресуге атсалысқан тоғыз медицина қызметкеріне 1 миллион 12 мың теңгеге демалыс орнында тынығуға тегін жолдама берілді.

Осылайша,  «SENIM денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалы облыс көмеміндегі медицина саласының қызметкерлерін қолдауға 10 миллион 384 мың теңге бөлді.