1300-ден астам қазақстандық шетелде жасырынып жүр

Іздеуде жүгендердің ішінде аты ауызға көп алынып, есімдері БАҚ беттерінен түспегендер көп. Олардың қатарында медсақтандыру қорының экс-басшысы Талапкер Иманбаев та бар. Ол 1998 жылдан бері халықаралық іздеуде жүр. 2001 жылы сырттай 9 жылға сотталған болатын. Сондай-ақ, ірі қылмыстық топ құрды деп айыпталған ағайынды Рысқалиевтер; Турситердің қаржысын қолды қылып, ізін суытқан «Гүлнар-Тур» компаниясының директоры Әли Исмаилов; «Титан», «Баско» және B-Construction компанияларын басқарған, әріптесі Михаил Гаркушкинді өлтірмек болды деп айыпталған кәспкер Александр Сутягинский; Астанадағы екі құрылыс компаниясы — Taurus LTD 2011, Spec Story Tehnology ЖШС компанияларының басшылары Мұрат Бөлеков пен Әлия Виляхунова да бар. Қалалық ішкі істер департаментінің деректеріне сүйенсек, оларға ғимарат құрылыстарына бөлінген қаражатты жымқырды деген айып тағылған.

Бас прокуратураның деректеріне сүйенсек, осы уақытқа дейін жемқорлық іс бойынша 200-ге жуық іс қозғалып, соңғы 10 жыл ішінде «қашқындар» 100 миллиард теңгедей қаржыны шетелге алып кеткен.

«Бұл өндіріске алынған істердің ғана есебі. Ал оның сыртында қалып қойған істер қаншама. Жақында «Азбука жилья» басшысы Тайжанов туралы айтқан едім. Ол Астанада 9 бірдей тұрғын үй кешенін тұрғызу үшін 4 мыңнан астам үлескерден 14 миллиард теңге жинап алып, өзі Австрияға қашып кеткен. Жымқырған ақшасына 20-ға жуық қымбат көлік, шаруа қожалықтары, жер телімдері, Түркиядан бес жұлдызды қонақ үй сатып алған. Қазір ол бес айдан бері үй қамақта отыр. Оны Австриядан елге қайтарамыз»,-деді Бас прокурор Жақып Асанов.

Халықаралық іздеуде жүргендердің ішінде «арам пиғылды» топтардың жетегінде кеткендер көп. Мәселен, жуырда үш баласын тастап, Сирияға кеткен ақтөбелік Ақмарал Алмағанбетоваға іздеу жарияланды. Оның үстінен терроризм мен экстремизмді насихаттау, террористік топ қызметіне қатысу және діни алауыздықты қоздыру деректері бойынша іс қозғалған еді. Күйеуі Мирболат Жаманқұловтың айтуынша, әйелі осыдан үш жыл бұрын Алматыға кеткен. Кейін хабарласып, өзінің Сирияда екенін, жағдай жақсы екенін айтқан. Содан бері хабар жоқ. Мирболаттың одан ажырасу туралы өтінішін сот қанағаттандырмай отыр.

Сирияға аттанғандардың қатарында А.Маратұлы, О.Нұрғалиев, Ә.Құрашев, С.Құланов есімді 4 азамат бар. Оларға да халықаралық дәрежедегі іздеу жарияланған.

Елге қайтарылғандар

Еліміздің құқық қорғау органдары қол қуысып қарап отырған жоқ. Осы уақытқа дейін «қашып жүрген жерінен» ұсталып, темір торға тоғытылғандар қатарында Павел Рукосуев бар. Ол 2014 жылы жалған құжаттарды пайдалану арқылы «РБК Банкінен» 1 миллиард  теңгеден асатын бірнеше несие алып, Македонияға қашып кеткен болатын. Қазір ол Қазақстанда жазасын өтеп жатыр. Одан бөлек, Жамбыл облысы, Қонаев ауылында қарулы шабуыл ұйымдастырып, тонау жасаған Мұса Інкәриев те Украинаның Днепропетровск облысында ұсталып, Қазақстанға қайтарылды. Сондай-ақ «Қорғас ісі» бойынша айыпталған Бекболат Қайырбаевтың да ұсталғанын жазған едік.

Бас прокурордың айтуынша, бүгінде шетелде ұсталған қылмыскерлерді елге қайтаруда кедергі көп. Ол сауал жолданған елдің ішкі тәртібіне байланысты. Осыған орай елімізде бас прокуратураның бастамасымен шетелдегі қаржыны қайтаруға арналған жоба қолға алынған. Жоба аясында Қазақстанның 10 қызметкері шетелге оқуға жіберіледі.