24 маусымда министрлік бұйрығымен госпиталь провизор стационары ретінде қайта бейінделген еді.
Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, госпитальге 7 аптаның ішінде бойында COVID-19 бар-ау деген 730 науқас түскен. Солардың арасында 335 адамнан коронавирус анықталып, басқа стационарларға ауыстырылды. Қалған науқастың барлығы аурудан айығып, үйлеріне аман-есен оралды. Бұл мекемеде өлім жағдайы тіркелген жоқ.
Бүгін, 12 тамызда медицина қызметкерлері соңғы науқасты шығарып салды. Оның аты-жөні — Кенжетай Көжеков, 68 жаста. Қария орталық қызметкерлеріне алғысын айтты.
Госпиталь директоры Динара Оразалинаның айтуынша, орталық мамандары аз уақыттың ішінде инфекцияға қарсы күрес бойынша көп нәрсе үйренген.
50 күн бойы тоқтамай жұмыс істедік. Әсіресе, алғашқы кездері қиын болды. Себебі коронавирус инфекцияcымен күресте бұрын тәжірибе болмаған. Орталық қызметкерлері ауыр жағдайдағы науқастармен және қариялармен жұмыс істеп, тәжірибе жинақтады, — деді Динара Оразалина.
Енді орталыққа дезинфекция жұмыстары жасалады, тиісті қорытынды шыққан соң госпиталь бұрынғы бейіні бойынша жұмысын жалғастырады.

